Алматы облысында 7 заңсыз құрылыс анықталды
Заңбұзушылар айыппұл төлейді, ал заңсыз құрылыстар бұзылады.
Әкімдіктің хабарлауынша, соңғы екі апта ішінде мониторингтік топтар рұқсат құжаттары жоқ жеті нысанды анықтады. Барлық жиналған материалдар сотқа жолданды.
«Заңсыз құрылыс - тек заңбұзушылық қана емес, тұрғындар қауіпсіздігіне төнетін қатер және қоршаған ортаға зиян. Біз бұл мәселеге немқұрайлы қарамаймыз және өз бетінше құрылыс салудың кез келген әрекетін қатаң тоқтатамыз», - деді Алматы облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғабиден Узенбаев.
Жергілікті тұрғындар заңсыз құрылыстардың көбейіп бара жатқанын, бұл жағдайдың елді мекендердің көркін бұзып, өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отырғанын айтады. Әлеуметтік желілерде заңсыз құрылыстардың суреттері мен бейнежазбалары жиі жарияланып, наразылық пікірлер туып жатыр.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді. Заңбұзушылар айыппұл төлейді, ал заңсыз құрылыстар бұзылады.
«Тек соңғы айдың өзінде құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар үшін 8 843 324 теңге көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Басқарма ресми сайты немесе сенім телефоны арқылы жасырын өтініш беру мүмкіндігі бар екенін еске салды. Әрбір өтініш мұқият тексеріледі.