Ақтөбелік емші 100-ге жуық адамды алдап, несие алдыртқан
Олардың әрқайсысы 1 млн теңгеден бастап 30 млн теңгеге дейін аударған.
Тұрғындар алданғанын бірер ай бұрын ғана білген және гипноздың құрбаны болғандарын жеткізді. Олардың әрқайсысы 1 млн теңгеден бастап 30 млн теңгеге дейін аударған.
Жанына дауа іздеп барып, қарызға белшесінен батқандардың бірі Райхан Зарлықова. Осы уақытқа дейін 18 млн теңгесін аударып берген. Ол емшінің құрығына қалай түскенімді өзім де білмеймін, дейді.
«2017 жылдан бастап мен ол кісінің құлдығында болғандаймын. Тұр десе, тұр деп, отыр десе, отырып бүкіл жұмысын істеп жүрдім. Сол кезден бастап, 18 млн теңге үстіме рәсімдеп жіберген», - деді қала тұрғыны Райхан Зарлықова.
Алданған тұрғындар облыстық прокуратураға арызданды. Олардың кейбірі емшінің қалтасына кеткен қаржы үшін ай сайын банкке 100-200 мың теңгеден төлеп отырғандарын айтады. Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел өзінің ауылдастарынан бастап, туыстарына дейін аямаған. Ем іздеп барғандардың көбі бір уақытта бірнеше банкке берешек боп қалғандарын кеш білген.
«Менен 5,5 млн мың алды. Міне, әлі төлеген жоқ. Қаншама халық зардап шегіп отыр. Біз сендік оған. Мен оны әруақ деп емес, ауылда көрші болдық», - деді қала тұрғыны Бердімұрат Әлиев.
«Айтатын сылтауы бөлек, біріне қызым ауырып жатыр деп, біреуіне мешіт салдырып жатырмын дейді, біреуіне тағы басқа, сылтауы көп. Бизнесімді ұлғайтамын, дейді. Қара халықты алдап, несие алғызып, төлемей отыр осы уақытқа дейін», - деді қала тұрғыны Әсел Тоқсанбаева
Бұл емшіні ақтөбеліктер жақсы таниды. Үйінің ауласындағы ғимаратта қабылдау жүргізеді. Ол бүгін алданған тұрғындарды кабинетіне кіргізбей қойды. Дегенмен, түсірілім кезінде мұнда полицейлер келіп, оны тергеу жүргізу үшін бөлімшеге алып кетті.
«Ақтөбе қаласының тумасына қатысты бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен, яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалды», – деді қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев.