«Әкем үйдегі мылтықты алып шықты»: Жазира Байырбекова басынан өткен оқиғаны есіне алды
Әнші желі оқырмандарына әкесінің ашуға булыққан сәтін айтып берді.
Белгілі әнші Жазира Байырбекова бүгінгі күннің өзекті мәселесі жайында жазба қалдырды, деп хабарлады turkystan.kz.
«7-8 жасымда мектепке барар жолдағы бір үйдің итінен қатты қорқып өтетінмін. Үлкен ит. Әр адам өткен сайын жұлқынып, үрмей қоймайды. Шынжыры жолға дейін жетеді. Мен өтерде ұйықтап жатса екен деп тілейтінмін. Босанып кетсе талайтыны анық. Сонда әке-шешемізге неге айтпадық екен күнде қорқып өтетінімізді. Анам ешқандай көмекшісіз үй, аула, ауладағы бау-бақша шаруаларынан босамайтын. Әкеміз біз ұйықтап жатқанда жұмысқа кетіп ұйықтар алдында келетін. Жексенбі күнгі уақытын бізге арнап, еркелетіп, масақ теруге немесе балық, құс аулауға ертіп баратын», – деп еске алды әнші балалық шағын.
Жазбада әншінің бала күні қауіптеніп жүрген иті бір күні шынжырдан босап, Сәбира есімді әпкесін қауып алған айтылған.
«Әкем ашуланса ашуы қатты еді. Үйдегі мылтықты алып шығып итті атпақ болып еді үйдің иесі оны атқанша мені ат деп мылтықтың алдына тұрып алды. Әкем ашуын басып,ит аман қалды. Содан кейін итті көшеден әрі өз ауласына байлады. Қазір ойлаймын иттен қорқып жүргенімді ата-анама айтпағаным бала күнгі болмысым ба, әлде көп балалы отбасы болған соң анамның қолы босамайтын болған соң өз мәселемізді өзіміз шешіп жүрдік па әлде ата-анаға сезімдерімізді айтып үйренбегеннен бе?! Әр заманның өзінің жақсы-жаман жақтары ба, иә?! », – деп жазды ол.