Жаңалықтар

Полиция: Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

скриншот

Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті мәлімдеді.

16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті мәлімдеді.

«Өткен жылдың 4 қазанына қараған түні орын алған кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр.

Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жанжалға бір құты сыра себеп болған еді. 11 күдікті ұсталып, қамауға алынған.

Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы  Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов «Бұзақылық» бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.