Жаңалықтар

Ақтөбеде әйелді кепілде ұстаған күдіктіге қатысты тың дерек шықты

Фото: Жетісу облыстық полиция департаменті

Желіде күдіктінің нашақор екені айтылған

Ақтөбеде әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жазба қалдырып, жуырда қалада өлтірілген қос қарияның бірі өзінің әкесі екенін айтты. Сондай-ақ ол жазбасында кісі өлтірді деп күдік келтіріліп отырған адамның есірткі тұтынатынын мәлімдеді.

Полиция болса мұны жоққа шығарып, жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Әлеуметтік желіде Элеонора атымен жазба қалдырған әйел қаза тапқан 75 жастағы ер адамды әкесі деп атаған. Ол әкесімен бірге бірге түскен отбасылық фотоларын жүктеп, тергеудің жан-жақты әрі әділ өткенін қалайтынын хабарлады. 

- Мен Ақтөбеде мерт болған адамның қызымын. Мейрамханадағы садақаға адамдарды тасымалдауға көмектескен Ақтөбе қалалық әкімдігіне алғысымды айтамын. Сонымен бірге полицияға хабар сағат 19:38-де түсті. Ал тұтқындарды босату сағат 01:00-де жүргізілді. 5 сағаттық келіссөз? Анам (өгей анам) күндіз көз жұмған, ал менің әкем клиникалық өлім аузында жатқан. Егер сол кезде көмек көрсеткенде әкемді аман алып қалуға болар еді. Оңбаған оларды аяусыз өлтірді... Есірткі тұтынатын ол адаммен 5 сағат бойы қалай келіссөз жүргізуге болады?»,- деп жазылған хабарламада.

Ал Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жалған ақпарат таратпауға шақырды.

- Күдікті нашақор емес, есепке алынбаған. Сараптама жасалды, қанынан есірткі табылмады. Ресми ақпаратқа ғана сенім артуға шақырамыз,- деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.