Шетел асқан ата-анадан алимент өндіріп алуға болады
Шетел асқан ата-анадан алимент өндіріп алуға болады
Гаага конференциясының конвенцияларына қосылу басқа елдерде жүрген ата-аналардан алимент өндіріп алуға мүмкіндік береді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жарғысын ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев осылай мәлім етті.
«Менің қолымда қазір алименттер бойынша мәліметтер бар. 2016 жылы алименттерді өндіріп алу жөніндегі біз ратификациялаған Конвенцияның арқасында Алматы және Ақмола облыстары соттарының алименттерді төлету туралы шешімдерін шетелде мойындату және олардың аумағында орындату тұрғысында ГФР-ге екі өтінішхат жіберілді. Сонымен қатар шетелден Қазақстан Республикасына 66 атқарушылық істер бағытталды. Осы ретте ескерте кетер жайт, олардың кейбірі Минск келісімдері арқасында жіберілді. Олар негізінен - ТМД елдері. Ресей Федерациясы - 48 құжатты, Өзбекстан - 7, Беларусь- 5, Әзербайжан - 2, сондай-ақ Украина, Қырғызстан, Польшадан бір-бір құжат жолданды. Яғни осы конвенцияларды ратификациялау алимент алушылардың құқықтарын қорғауға көмектеседі»,-деді Бекетаев.
Министр Гаага конференциясының мақсаты халықаралық жеке құқық нормаларын біріздендіруге, осы саладағы мемлекеттердің ынтымақтастығына жәрдем көрсетуге негізделгенін атап өтті. Ұйым аясында 39 конвенция жасалған. Олар азаматтық іс жүргізу аясында құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Қазақстанның Гаага конференциясындағы халықаралық заң шығарушылық жұмысына тікелей қатысуы шетелде біздің азаматтардың құқықтарының неғұрлым тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді.