Қоғам

Павлодардағы пансионатта мүмкіндігі шектеулі қарттарды азаптап келген

Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды

Прокуратура қызметкерлері жеке пансионатта қарттарды ұрып-соғып, алаяқтықпен айналысып келген қылмыстық топты ұстады.

Inbusiness.kz мәліметінше, облыстық прокуратура Павлодардағы қылмыстық топтың қызметі тоқтатылғанын хабарлады.

"Пансионат қызметкерлері 20 қарт адамның конституциялық құқықтарын өрескел бұзған (тамақтануын, қозғалысын шектеген, ұрып-соққан) және ұзақ уақыт бойы қайтыс болған адамдардың пәтерлерін жалға беріп келген", – деп мәлімдеді прокуратурадан.

Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Оларды тергеп-тексеру ішкі істер органдарына тапсырылды.

ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.