T-Newspaper

Шаттық Батан: Суреті жоқ үй – жұпыны

Жазушылар кітабы жоқ үйден жүдеу дүние жоқ деп жатады ғой. Мен кітаптың қатарына суретті қо­сар ем. Суреті жоқ үй – жұпыны. Сурет десе, әйтеуір көр-жерді емес, оның асы­лын таңдап, талғап алу керек. Біздегілер ата-әжесінің суретін салдыруды ғана ойлайды. Ол дегеніміз ақындарға атасын мақтатып ода жаздырған секілді арзан дүние.

Жуырда Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында қазақтың бірегей суретшілері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Тұран таулары» халықаралық симпозиум-пленэр көрмесі ашылды. Көрмеде Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей қылқалам шеберлерінің 80-нен астам туындылары ұсынылды. Негізінен Орталық Азияның суретшілерін біріктірген жобаның идея авторының бірі суретші Шаттық Батанға хабарласып, іс-шара туралы әңгімелескен едік.

– Өткен жылы ұлтымыздың біре­гей суретшілері Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толды. Әуелі сурет өнерінің екі ко­рифейі туралы, жалпы сурет­ші­лер­дің қоғамдағы орны жайында ойыңыз­ды білсек деп едік. – Әуелі, мына дүниені айтқым келеді, біз­дің елде суретшілердей бұйығы өмір ке­шіп жатқандар аз. Қоғамдық ортада, мә­дени өмірде олардың үні естілмейді, тек жанкештілікпен ғана өнер тудырып жүр­ген суретшілерге риза болу керек шы­ғар. Суретшілер – тек өнердің ғана емес, жал­пы қоғамдық мәдени дамудың алғы ше­бінде жүретін жандар. Дизаин, ар­хи­тек­тура, эстетикалық танымның әр­бірін­де суретшілердің ойлары бар. Олар қоғам­ның ізгілігін, мәдениетін, сұлулыққа құр­­метін оятуға жұмыс істейді. Қоғам үй­лесімнің жоқтығынан, үйлесімсіздіктің сәт­тілігінен зардап шегеді. Айналамызда үй­лесімсіз ойлар, оқиғалар, детальдар, тір­шілік трендтері көп. Соның бәріне кө­зіміз үйреніп, көңіліміз көндігіп кетті. Кей­де сұлулықты бағалаудан бұрын, оны құр­туға, меншіктеуге ұмтылатындаймыз.  Әбілхан Қастеев пен Орал Таңсық­баев – ұлтымыздың бірегей сурет­ші­лері. Олар Ұлы Даланың, Тұранның сұлу табиғатын ғана емес, сонда өмір сү­ріп жатқан халықтың болмыс-бітімін де майлы бояумен өрнектеп кетті. Қазақта «ал­ғадай» деген сөз бар. Кез келген си­туа­цияның алдында жүретін, өздерін құрбан ету­ге дайын жанкешті әрі шыншыл адам­дарға қаратылып айтылады. Бұрын жау­гер­шілік заманда әскер бастап, «жалаңаш ба­рып жауға тиетін» серілерді солай ата­ған делінеді. Қастеев пен Таңсықбаев – қазақ сурет өнерінің алғадайлары. Олар тыңнан түрен салды. Қазақта сурет өнері жоқ, олар ешқашан бұл өнерді игере алмайды, тү­сінбейді дейтін жұртқа өздерінің хас та­лант екенін дәлелдеді. Екеуі – қазақ сурет өне­рінің киесі. Сол үшін де халықаралық сурет­шілер пленэрін осы кісілердің 120 жыл­дығына арнадық. 

 

– Суретшілер пленэрі былтыр үш ел­де өтіпті. Мұндай ауқымды жобаны жеке қордың ұйымдастырғаны көпшілікті тәнті етті. Бұл жобаның идеясы қалай туды? – Өнер қашан да қолдауға мұқтаж. Көптен бері біздің кәсіпкерлер, бизнес өкілдері сурет өнеріне неге қызықпайды екен деп ойлайтынмын. Өйткені сурет – тек қана өнер емес, ол алтынмен пара-пар қымбат қазына. Бір картинасы жүз мил­лиондаған долларға бағаланатын сурет­шілерді естіген шығарсыз. Солар кезінде кол­лекционерлерге өте арзан бағаға са­тылған болуы мүмкін. Әлемде байлы­ғын тек сурет картиналары арқылы сақ­тай­тындар көп. Себебі ұлы суретшілердің кар­тиналарының құны жыл өткен сайын есе­лене береді. Елімізде де сурет жи­най­тын коллекционерлер бар. Айталық, Нұр­лан Смағұлов жеке сурет мұражайын салдырып жатыр. Болашақта Алматыға әлем­нің әр түпкірінен осы мұражайды көру үшін келетін, сатып алуға талпы­на­тын адамдар көптен келуі ғажап емес. Бір бай­қағаным, Смағұловтай миллиардер­лер­дің сапында болмаса да, сурет өнерінің құ­нын білетін орта бар. Негізінен, орыс­тілділер екен. Оның ішінде сурет сатып алып, оны қайта сатып пайда табатын арнайы топтар да жетерлік. Бір өкініштісі, олардың көбі басқа ұлт өкілдері. Олар бұл саланың өте маңызды әрі пайдалы екенін жақсы біледі... Мен досым, «AR men TEK» қоры­ның же­текшісі Болатбек Дәлел­ханұлымен ақылдаса келе, бір игі іс-шара бастасақ деген бекімге келдік. Болатбек Дәлел­ханұлы өзінің қоры арқылы бар көмегін жасап, жобамыздың ұзақмерзімді болуын ойластырып, жаңа идея іздедік. Былтыр Ә.Қастеев пен Ө.Таңсықбаевтың 120 жылдығына орай осы жобаны қолға алдық. Біз өз ішімізде қайнамай, Орталық Азияны қамтуды жоспарладық. Себебі Кеңес одағы кезінде біздің суретшілерді көп ел танитын. Бізде олардың мықты сурет­шілерін білуші едік. Қазір ондай бай­ланыс жоқ. Түркі тектес халықтар ара­сында достық, экономикалық бай­ла­ныс артып келеді ғой. Біз азда болса мә­дени байланысын нығайтуға өз үлесімізді қо­са бастадық десем, болады. Қырғыз Рес­публикасы мен Өзбекстан суретшілері біздің жобамызды қолдап, болашақта бұдан да ауқымды шаралар өткізсек деп пікір білдіріп жатыр.

 

– Суретшілер пленэрі үш елде өтіп­ті. Жобаға қандай суретшілер қа­тысты? – Былтыр жаздың басында Қырғыз Рес­публикасынан бастадық. Ыстықкөл жағасындағы Қаржысай деген мекенде Шығаев музейі бар. Сол музеймен бір­ле­сіп, 10 күндік пленэр өткіздік. Юристан­бек Шығаев – өте танымал суретші. О кі­сінің өзімен қоса, Бообек Арықов, Асы­лан Қашқарбаев қатысты. Қазақстаннан Ғани Баянов, Арсен Дәуітбаев, Хамит Фай­зуллин, Нұржан Сауытбек, Дәурен Бекназаров, Жеңіс Молдабеков, Өркен Аят және мен қатыстым. Суретшілер та­би­ғат аясында пейзаждарын салды, му­зейде отырып өзінің жан дүниесін қопар­ған шығармашылық жұмыстарымен де айналысты. 10 күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Екінші бөлім өзіміздің Кеген ауда­ны­ның Орта Меркі жайлауында өтті. Бұған Алексей Уткин, Хамит Фай­зул­лин, Арсен Дәуітбаев, Жамбыл Нәтбаев, Аран­шы Шаржанов, Ерғали Палымбетов, Нұржан Сауытбеков, Өркен Аят, Аршын Қа­былбек қатарлы суретшілер қатысты. Бұл симпиозиум да өте жоғары деңгейде өтті. Кегеннің таулары талай суретшіге ша­быт сыйлаған ғой. Шабыттанып жұ­мыс істеді. Сурет салды. Үшінші бөлік қазан айының басында Өз­бекстан суретшілер одағымен бірлесіп, Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы  суретшілерін шақырып, Ор­талық Азияның мәдени-тарихи қа­ла­лары Бұқара мен Самарқандта сим­по­зиум-пленэр өткіздік. Соңында Таш­кент­ке оралып, арнайы көрме ұйымдастырдық. Бұл сапардың маңызы өте зор болды. Қа­зақстаннан Жұмақын Қайранбаев, Ға­ни Баянов, Арсен Дауытбаев, Хамит Фай­зул­лин, Өзбекстаннан Сабыр Рахметов, Фай­зулла Ахмедалиевте қатысты. Бұл – кісілер өте танымал суретшілер. Қыр­ғыз­стандық Суйутбек Торобеков, Сапарбай Османалиев, өзбекстандық Нартай Диеров, ресейлік Геймран Баймуханов, өз елімізден Араншы Шаржанов, Жамбыл Нәтбаев және мен қатыстым. Бұл сурет­шілердің кез келгені өз ортасына та­ны­мал.  Симпозиум-пленэрге әр буын өкілдері қа­тысты. Олар түрлі бағыттағы, өнерді әр­түрлі көзқараспен бағалайтын су­рет­шілер қатысқанын көрмеге келгендер анық байқады ғой деп ойлаймын. Сим­позиумның ерекшелігі де сол. Біз әр жолы жаңа суретшілерге мүмкіндік беріп отыр­дық. 

 

– Қастеев мұражайында ашылған қорытынды көрмеге осы үш шарада салынған суреттер қойылды ма? – Иә. Үш шараның ортақ атауын «Тұ­ран таулары» деп атауды жөн көрдік. Көр­меде 80-нен астам картина көрер­мен­ге ұсынылды. Ашылу салтанатына Ал­ма­тыдағы өнер сүйетін жұртшылық қа­ты­сып, әсерлерін бөлісті. Осы көрмені өт­кізу­ге көмектескен, бізге жағдай жасаған Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұра­жайының басшылығы мен ұжымына зор алғыс айтамын. Көрме 23 қаңтарға дейін тұрады. Ашылу салтанаты кезінде он­даған сурет сатылғанын жақсылыққа балап отырмыз. Алда бұл жобаны ары қа­рай жалғастырамыз деген ойымыз бар. Сатылған суреттің қаржысы болашақ жобалар үшін жұмыс істейді. – Жоғарыда бір сөзіңізде әлемде көп қаржысына картина сатып алып сақ­тайтындар көп деп қалдыңыз. Осы жағын толықтыра кетсеңіз. – Сурет – ескірмейтін құндылық. Ол уа­қыт өткен сайын бағасы артатын бай­лық. Қазір Қастеев пен Таңсықбаевтың суре­тін таба аласыз ба? Кезінде біреуге сый­лаған суреттері болса, соны сақтаған ұр­пағы бір суреті арқылы-ақ байып шыға ке­леді. Өйткені құны өте жоғары. «Атаң­нан мал қалғанша, тал қалсын» дейміз ғой. Әрине, экология маңызды. Сондай-ақ артыңда дүние-мүліктің бір бөлігі болып шын бағалы сурет қалса, ол нағыз мұра деп ойлаймын. Қазақтың оқыған адам­дары мен бизнесмендері сурет сатып алып, ұрпағына сақтаса, одан еш ұтылмас еді. Дүние тозады, құнды қағазыңыз құн­сызданады, алтыныңыз арзандауы мүм­кін, яки құны мың еселеп артпайды. Ал шын суреттің бағасы арта береді. 

Жазушылар кітабы жоқ үйден жүдеу дүние жоқ деп жатады ғой. Мен кітаптың қатарына суретті қо­сар ем. Суреті жоқ үй – жұпыны. Сурет десе, әйтеуір көр-жерді емес, оның асы­лын таңдап, талғап алу керек. Біздегілер ата-әжесінің суретін салдыруды ғана ойлайды. Ол дегеніміз ақындарға атасын мақтатып ода жаздырған секілді арзан дүние. Луврге Моно Лизаны көру үшін қан­шама адам ағылады. Әлемнің әйгілі қалалары өзінің өнер мұражайларымен қызықты. Болашақта біздің елді қазақ суретшілері салған картиналарды көру үшін келетін адамдар көбейсе екен деп ар­мандаймын. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан –  Бақытгүл ТҰРСЫНБАЙ