T-Newspaper

Мұхтар мұнарасы

Қазақ руханияты қос бәйтерегінен – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан айырылды. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, көркемсөз бен көсемсөздің, көрегендік пен кемелдіктің, тынымсыз еңбек пен қажымас қайсарлықтың ерен үлгісіне айналған, алыптар шоғырының көсегелі көшін толықтырған, шын мәнінде, Толық Адамға сай ғұмыр сүрген екі арыс қайтпас сапарға аттанды. Шектеулі берілген ғұмыр-дарияның әр тамшысын зая кетірмей, шөліркеген жүректерге нәр тамызған Сіздердей сахип жандарды келешек ұрпақ еш уақыт ұмытпақ емес.

ХХ ғасырдың 60-жылдардан бастап ұлттың рухани кеңістігінде жаңаша эстетикалық ахуал қалыптаса бас­тады. Оны  «постсоциалистік реализм эстетикасы» деуге бола­тындай.  Социалистік реализм аморфты әдіс болып шықты. Өйткені ол әдебиеттің өзіндік заңдылықтары, им­манентті үдерістері туғызбаған құбылыс еді. Алғашқы шы­ғармаларымен-ақ әдебиетте жаңаша эстетика қа­лыптасқанын жария еткен Мұхтар Мағауин поэтикасы өзіне дейінгі шығармашылықтағы философиялық негіз­дер мен көркемдік-эстетикалық принциптерді қай­та қараудың басы еді. Оның эстетикалық доктринасы ал­дыңғы кезеңнің рухани құндылықтары мен дүниета­ным­дық қырларын жаңаша парықтаудан барып дүниеге кел­ді. Өйткені дәстүрлі эстетикалық ұстанымдарды бас­қаша екшеудің мысалдары ретіндегі модернистік ұста­нымдар адамзат көшіндегі ауытқулар мен әлеу­мет­тік-тарихи дағдарыстар тұрғысында белең алып, әлем кел­бетін, өмір шындығын танытуда өз потенциалын тауы­сып біткен эстетикаға қарсы тұрудан басталды. Қаламгердің дербес жазу машығын, өмір құбылыс­тарын көркем игерудегі жеке стилін әйгілейтін прозалық туындылары әдебиеттің түрлі мәселелеріне арналған қа­бырғалы зерттеулерімен сабақтас. Ғылыми танымға тән мықты логика, дәлдік пен нақтылық көркем шығар­ма­ларда өз ізін тастап отырды. Шығарманың ой өзегі мен тақырыбы ұзақ жыл бойы зерттеп, ұңғыл-шұңғылын меңгерген саладан болуы да дүниетанымдық мәсе­лелер­мен тамырлас. Ұлттық әдебиеттен мұндайлық мысал­дар­дың бірнешеуін көрсетуге болады. Тіпті, ұлы Мұхтар Әуезовтің Абай тақырыбындағы көлемді туындысының ой өзегі де суреткер шығармаларын ғылыми зерделеуден басталған еді ғой. Бұл орайда М.Мағауиннің суреткерлігі әде­би-теориялық терең толғамдарын, зерттеушілік қары­мын көркем тәжірибеге айналдырған М.Әуезовтің жазу­шылық жолына көбіне келіңкірейтіндей.  Құжаттық негізден ауытқымау, нақты тарихи дерек­тер­дің айналасынан ұзап шықпау әдеби шығарма­шы­лықтың эстетикалық заңдылықтарына қайшы екені бел­гілі. Өмір шындығын өнер шындығына айналдырудың сан алуан тәжірибелерін меңгерген және зерттеген  М.Ма­ғауин тарихи шығармаларында деректік негіздер-ден шы­ғандап кетпесе де, құрғақ фактыдан белгілі бір ара­қашықтық сақтап отыруды білді. Сондықтан да тарихи тұл­ға табиғатындағы мінездер төркінін қаламгер түрлі уақыттық және кеңістік өлшемдеріне салды. Мұны біз жазушы бойында әбден қалыптасып, мық­тап тұрақтаған ғылыми ойлау жүйесі мен көркемдік ой­лау жүйесінің бір ендікте тоқайласуы, тіпті тайталасы деп қарасақ та болады. М.Мағауиннің шығармашылығын сөз қылғанда ай­тыл­май қалмайтын бір қыры – оның бай тілі. Әсіресе, «Ала­сапырандағы» архаизм, историзм, экзотикалық сөз­деріне қатысты әдебиеттанушылар мен лингвистер бір­шама пікірлер айтып, бірнеше ғылыми еңбектер де жариялады. Жазушы шығармаларындағы көнерген сөздердің қайта айналымға қосылғандарынан сөздік құрастыруды да әркім айтып жүрді. Ол жақсы бастама еді. Ұлттың байырғы сөз саптауын жетік меңгерді деген Тұрсын Жұртбайдың өзі сегіз жүзге тарта өзіне таңсық сөз жазып алғанын айтады. Өзі суреттеп отырған заман ру­хын, уақыт тынысын дәл сипаттау үшін бұрнағы жазу стилінің қаншалықты қымбат екенін білгендер көп бол­ғанымен, оны дәл Мағауиндей жүзеге асыра білгендер аз. Ал байырғы тілдің мәйегіне жүгіну, көнерген сөздерге жаңа өмір беру поэтикалық заңдылықтардың антро­пологиялық болмысын сақтап қалу үшін қажет еді. Көп қаламгер Мұқаң толықтырған сөздік қорын кейін пай­даланды да.  М.Мағауин кеңестік дәуірде де кезеңдік тақырып­тарға барған емес. Оның шығармашылығының негізгі лейтмотиві – қазақ тағдыры болып қалды. Тарихи санаға айырықша қозғау салған «Аласапыран» қанша шырға­лаңды басынан кешті.  Оған дейін жазушының адам концепциясын толық әйгі­леген, ойды персонаждың жадынан, сана түпкір­ле­рінен орын алып қалған жаңғырықтар арқылы туын­да­татын сана ағымы тұрғысынан жазылған бір ғана «Та­зы­н­ың өлімі» повесінің өзі неге тұрады. Адам бол­мы­сы­ның күрделі табиғатына, олардың қарым-қатынастары­ның мәнісіне, жалпы адамның әлемде алатын орны мен жаратылыс қайшылықтарына жазушы әлем әдебиетінде біршама қалыптасып қалған поэтикалық тәсіл – хайуан­ның көзімен қарайды. Повесте Тазының арпалысқа толы өз ғұмыры мен адамдардың қайшылыққа толы тірлігі туралы ойлары, тіпті ғаламат сәйкестігі жайындағы тол­ғаныстары оның жадысы арқылы қайта тіріледі. Яғни, жоғалған уақытты іздеу сарынына орай сана қал­тарыстарына жүгіну сынды модернистік әдеби техника толығымен салтанат құрады. Ал модернистер қолданған сана ағымы шетін ситуацияларды таңдамай-ақ, шығар­мадағы уақыт пен кеңістіктегі еркіндік арқылы жүзеге асады. Яғни, классикалық реализм үлгісіндегі әрекет пен сезім бірлігі қатаң сақтала бермей, ой тасқыны сюжет ло­гикасына тым тәуелденбей, кейде фабуладан тыс та жа­сай береді. Бір құбылысты адамның жас ұлғаю шамасына қарап, яғни балалық, толысу, егделену кезеңдеріндегі санасына салатын тәжірибе Лашын образына беріліп, көркем шы­ғарманың идеялық-философиялық өзегін аңдатуға бас­тайды. Тазы өсе келе адамдардың күнделікті өмірінен әлдебір мағынасыздықты, күрмеуі шешілмес қайшы­лықтарды аңғара бастайды. «Өз иелерінің, иелері ғана емес, жалпы екі аяқты атаулының өмірінде, тұрмыс-салтында түсініксіз жайлардың көптігін Лашын жасы алты айдан асып, бойы өсіп, денесі іріленіп, үлкен итке жақындаған кезде ғана аңғарды. Бұрын бәрі де дұрыс, бәрі де орынды сияқты көрінетін. Енді ойлап қараса, ешбірі де ақылға сыймайды». Жазушы адамдар ортасын тілсіз мақұлықтың көзімен сырттай бақылай отырып, олардың тіршілік-қарекетінің қым-қиғаш қайшы­лық­тарға толы екенін, абсурдтығын меңзейтін ойға жете­лейді. Ешкімнің ала жібін аттамаған Қазы – басынан бақайшағына дейін қулық тұнған әрі қатыгез Есен­жол­дармен салыстырғанда қашан да аутсайдер. Жалпы, повестегі Қазы бейнесі сюжеттің сыртқы кон­турын ұстап тұруға қажетті, Лашын ойлары арқылы бері­летін сана ағымының үнемі бастау алып отыратын нысаны, керек десеңіз, өмір шындығының филосо­фия­лық толғамдарға тамызық беретін фактісі түрінде алынған. Оның адамгершілік сапасы, өмірлік мұраты, ішкі рухани болмысы термеленбейді. Қазы – шығармада тым ерекшеленбейтін (аңсақтығы болмаса) сыртқы әрекеттерімен ғана бейнеленетін, монологтік форма өңдеуіне жуықтатылмаған, әредік сараң диалогтермен ғана кескінделетін образ. Оған күрескерлік қасиеттер дары­тылмаған. Тіпті Есенжолмен болған кикілжің үстін­де оған не жарытып жауап қатпаған, мерездігін бетіне баса алмаған, қолынан тек ірге аударып көшіп кету ғана келген күйректік сипаттары басым образ. Қаламгер оның ойлау үдерістерін, айналаға көзқарасын таныту сипаттарын термелеп жазбаса да, шексіз жалғыздыққа ұшы­раған, сұрқай өмірдің сұмдықтары еңсесін әбден езгі­леген, қатыгез әлемде жалғыздық қасіретін шеккен жан екеніне көз жеткізеді. Рухани жаратылыс ретінде то­лыққанды тіршілік етуге мүмкіндік бермейтін траге­диялы өмір туралы экзистенциализм сорабы аңғары­лады.  Қазы образы орталық кейіпкер Лашын тіршілігімен бел­гілі бір аналогиялар, рухани-психологиялық парал­лельдер жүргізу үшін алынады. Қазының жан-жағын бөтенсіген ғұмыры мен Лашынның ит-ғұмырын бір-бірінен бөлшектеуге келмейтін тұтастық тұрғысында қара­ған жазушының философиялық түйіні өмір шын­дығын абсурдтық тұрғыда, иррационалдық ыңғайда жасалады. Ол түйін адамдардың беймәлім тұңғиықтан ке­ліп, сол белгісіз тұңғиыққа аттану мағынасы төңіре­гінен шығарылады. Тәуелсіздік алған жылдары аға буын жазушылардың ішінде тосырқап қалғандары болса, Мағауиннің екінші ты­нысы ашылғандай еді. Оның туындыларындағы ас­қан трагизм тарихи астардан да, адамның онтоло­гия­лық жалғыздығынан да өрбіп жатады. «Оралу», «Құ­мырсқа-қырғын», «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез»  әңгіме­леріндегі трагедия қоғамдық-әлеуметтік иерар­хиядан келіп шығатын, әсіресе сенти­мен­талистер көп тоқталған «кішкентай адамның» нала-мұңы емес, жал­ғыздық шыңырауында қалған адам мен қоғамның қарым-қатынасы, дәлірек айтсақ, олардың арасындағы қандай да бір байланыстың жоғы. Жазушы оның қор­шаған болмысынан әлдебір үйлесімсіздікті, қаты­гез­дікті, адам ғұмырының асау толқын ағызып кете бара­тын жаңқа сияқты қорғансыздықты, мәңгі өз ор­нын іздеп өтетін, бірақ оны таппайтын мағынасыздықты көреді.  «Қыпшақ аруында» миф пен мифологиялық ре­ми­нисценциялар, мифологизм элементтері, аңыздық сю­жеттер адам болмысының қарама-қайшылықты таби­ғатын ашу үшін, бүгінгі күннің рухани мәселелеріне тереңдеу үшін қолданылады. «Жармақ» – бүгінгі қазақ әдебиетінің интеллектуалдық дамуының көрсеткіші. Басқаға қайдам, маған Мұқаңның шетелдегі өмірі әлемдік мәдени-танымдық, эстетикалық тенденцияларға барынша ден қоюына игі әсер еткендей көрінеді. М.Мағауиннің біраз шығармалары қазақ әдебиетінің клас­сикасына айналып үлгерді. Ал классика үшін уақыт деген – өте шартты нәрсе. ...Енді ұлы Мұқаң бізге, берісі қазақ, арысы алаш ру­ханиятына өзінің зау биігінен, танымдық-эстетикалық ерен өрінен – Мұхтар мұнарасынан қарайды! Сол мұ­нара­ға біз де әрдайым көз тігіп, сыры мен мұңын тануға талпынумен күн кешерміз.

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ, филология ғылымдарының докторы