T-Newspaper

Ғылым сақабасы

Қазақ руханияты қос бәйтерегінен – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан айырылды. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, көркемсөз бен көсемсөздің, көрегендік пен кемелдіктің, тынымсыз еңбек пен қажымас қайсарлықтың ерен үлгісіне айналған, алыптар шоғырының көсегелі көшін толықтырған, шын мәнінде, Толық Адамға сай ғұмыр сүрген екі арыс қайтпас сапарға аттанды. Шектеулі берілген ғұмыр-дарияның әр тамшысын зая кетірмей, шөліркеген жүректерге нәр тамызған Сіздердей сахип жандарды келешек ұрпақ еш уақыт ұмытпақ емес.

Иә, ғылыми ойсыз санаға саңлау түспейді, қозға­лыс­­сыз сана сараң тартады, ойға қанат бітіріп, ұядан ұшы­ратын қозғаушы күш – ұстаз. Ал ілім мен ізгілікті табандылықпен, туа-жекжатына бөлмей, талабына қа­рай таңдап, мақсатына орай бейімдеп, білгенін көп­ке  ықтиятпен таратушы адамды сақаба дейді. Сон­дық­тан да, ұстаз көп. Бірақ сақабалар аз. Ғылым дүние­сін­де­гі сондай аз сақабаның бірі және жиырмасыншы ға­­сыр­дың екінші жартысындағы қазақ руханиятының соң­­ғы қормалдарының бірегейі оқымысты Мекемтас Мыр­захметұлы еді. Оның бойындағы оқымыстылық, иә, ғұламалық емес, оқымыстылық қасиет – оның туа болмысына біткен «талап, еңбек, терең ой» да, «қанағат пен рақымда» (Абай) еді. Бұл  талаптарды Мекең-Ме­кем­тас аға-ұстазымыз ойы мен ілімі кенжелерге ғана емес, әуелі өзіне қойып, сол мақсатты өзіне іліми мін­дет етіп алды және ол мінезінен тоқсаннан асса да ай­ны­ған емес. Өзі ғана біліп қоймады, білгенін өзгеге тарата да білді, игілігін жұғысты етті, ықыласын ойына сіңірді.  Соның нәтижесінде, кез келген ғұламаның пеше­не­сіне жазыла бермейтін ғылыми бағыт пен мектеп – ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми мектебі қа­лыптасты. Ал ұстаз-сақабаның қалыбынан шыққан шәкірттерінің дені ғылымға адал, талаптарын тот баспаған құштарлыққа ие және ең бастысы, Мекеңнің өзі жиі айтатын «адамгершіліктің жауанмәрттік» сы­пат­тарын меңгерген тәлип-сақабаға – ізгілік ілімін тарат­қан шәкірт-сақабаға айналды. Солардың дем беруі­мен ұзына жобасы бойынша 400 том болатын «Түр­кістан кітапханасының» өзі Мекеңнің де, Ме­кең­нің шәкірттерінің де сақабалық сыпатқа толық сай еке­нін дәлелдейді. Әттең, мұндай ұлы Жобаның жол ор­тасына кеп тоқтап қалғаны қынжылтады. Бірақ та­бандылыққа тәрбиеленген тәліптер түбінде оны жері­не жеткізеді деп сенемін.   Бұлақ басынан тұнады. Ғылым да сол сияқты тұ­нық бастауға  мұқтаж. Өйткені әуеліде кір мен кілти­пан араласқан ғылыми ой ешқашанда таза нәтиже бер­мейді. Қандай жетістікке жетпесін одан о бастағы саз­дың иісі (таяз таным), лайдың кірі (дәлелсіз ғылы­ми пікір) білініп тұрады. Қазір, «таухид» пен «дәріл­қа­рап­тың» мағынасын түсінбек түгіл, түйсінбес­тен «Мен Абайдың жұмбағын шештім» деп даурығып жүргендер осы тобырдан. Өйткені өзгені былай қойғанда, Абай­дың: «Шариғат: – Ойланбай илан десе, Мен: Илану үшін ойланамын» – деген ақыли нақылын:  «Мен де Абай сияқты: Ойланбай – иланбаймын, Ойлану үшін илана­мын», – деп тәмсілдеп тәфсірлеген Мұхтар Әуезовтің софы­лық астарлы емеуірінін терең талдап түсініп алмай, Абайдың шаужайынан алуға болмайды. Ал Ме­кем­тас Мырзахметұлы абайтануға келмес бұрын жиыр­ма жыл бойы, аспирантурадан бастап докторлық дис­сертация қорғағанға шейін, Мұхтар Әуезовтің елу томдық мұрасымен мұқият танысып, әр заманның ығына ықтай жазылған Абайдың бес өмірбаянын өзара салыстырып, «Абайтану дәрістерінде» ықтасындата  кіріктірген «қыстырма сөздерін қаперге алып, «Абай жо­лын­дағы» көркем оймен әдіптелген толғаулар мен жағымсыз «молдалардың» атынан  тәфсірленген діни танымдық «көмескі емеуіріндердің»  барлығын Абай­дың өлеңдері мен «Қара сөздеріндегі» ойларымен бай­ла­­ныстырып, «шындықтың», яғни, Хақиқаттың әдібін жазды.  Өзінен ілгерідегі М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ә.Жиреншин сияқты, тағы да басқа ға­лымдардың медреселік білімі болса да, олардың бұл бағытта тереңдете зерттеу жүргізуге ерік-құқы болма­ған еді. Солардың, соның ішінде М.Әуезовтің емеуірін­де­те айтқан пікірлерінің астарын ашып, зерттеу­ле­ріндегі  ымыралы тұспалдарды түсіндіріп, абайтанудағы тың сорап-соқпақты көрсетіп, жаңа пайым-талдау ұсын­ған ғұламаға, ғылыми ойдың қормалына айналды.  Осыдан кейін барып, бүтіндей абайтануға бет бұр­ды. Бет бұрып қана қойған жоқ, жаңа бағыттағы үрдіс қа­лыптастырып, бетұрыс әкелді. Бұрын  «мағынасы жат» көрінетін тың «түйін сөздер» мен ұғымдарды, «ал­ғаш­қы пәлсафадан» таным тарамысын тартатын па­расатты пайымдаулар мен «ар ілімін игеріп», «ғы­лым­мен хаһты таныған», «толық адамның» пәндауи шарт­тарын түйсініп қана қоймай, сол жолды бағытына алып, «Ақиқатқа» бетін бұрған Мекең – Мекемтас оқы­мысты қазақ ғылыми ойының мәйегін  шайқап, ілі­ми ниетін ұйытып, бақассыз ғалым ретінде мойын­дал­ды. Сөйтіп, абайтануда жаңа ғылыми мектеп қалыптас­ты. Міне, осындай әуезовтану мен абайтанудың жіка­ра­сында жүрген «өтпелі дәуірінде» еркін ойдан бас асауы басылмаған мені «бұғалыққа түсірді». Осы екі тұл­ғаның етегіне жармасып жүргендіктен де Мекеңнің бар жазғанын қалдырмай оқып, Абай туралы, әсіресе, «Отыз сегізінші», «Қырық үшінші» сөздер қақындағы ша­шыранды ойларымның басы бірікпеген тұста үлкен демеу болды. Биязы, баяу сөйлейтін, «ақырын жүріп, анық басатын» осынау бір ғылым адамына қалай бауыр баса бастағанымды өзім де аңғармай қалдым. Сөйтсем, Ме­кең, сырт көзге, «баяу сөйлеп», «ақырын жүріп, анық бас­қанымен», ғылыми көзқарасын дәйектеуге келгенде, қазымырлы шешен, нық сөйлеп, батыл  адымдайтын «жаужүректің» өзі боп шықты.  Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов сексен жетінші жылы қаңтарда Алаш қайраткерлерін ақтау туралы комиссияның төрағасы етіп бекітіп, тергеу істерімен танысу үшін Жоғары сотқа жіберді. Бір күні Мекең: «Мына құжатты Ташкент уни­верситетінің архивінен алдым. Саған керек бола­ды», – деп, М.Әуезов пен Д.Ысқақовты тұтқындау тура­лы анықтаманы ұсынды. Енді, өзара әңгіменің ауаны өзгере бастады. Сол жылы және келесі жылы менің «Бе­сігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..» атты М.Әуезов туралы эссе-толғауларым жарық көрді. Үйреншікті арыздар­дың шеті де қылтия бастады. Орталық комитетте дайын­далып жатқан «Қазақ ұлтшылдығы» атты қаулы­дағы «ұлтшылдықты қоздырған жеті жазушының ішін­дегі» «ең жас алашордашы» ретінде менің де атым ті­зім­де тұрғанынан хабардар едім. Қысқа қарай Қой­шығара Салғарин мен Мекемтас Мырзахметов бірінен кейін бірі мені оңаша шақырып: Екі жарияланым тура­лы Орталық комитетке арыз түскенін, беталыс­тарының теріс екенін, өздеріне мені әшкерелеу бағы­тын­да пікір жазып беруге тапсырма алғандарын, бірақ мені қорғап жазғандарын, сақ болуым керек екенін, одан қорғанудың жолдарын айтып, кеңес берді.  Содан бастап Мекеңмен ашық сөйлесетін болдым. Сек­сен тоғызыншы жылдан бастап Мекең (Ол кезде мен үшін Мекемтас аға) «Сенің орның – Әуезов музейі. Жұмысыңа да тыныш. Ләйлә апаң жауға бермейді. Қор­ғанышың болады», – деп мені бопсалай бастады. Шын­дығын айтайын, ғылым академиясын: «Іш пысты­ра­тын, әдеби ортадан тыс мекеме» – деп есептейтінмін. Со­лай деп жазып жібергенім де бар. «Қилы замандағы» тари­хи шындық туралы «Бейуақ» атты кітабым шық­қаннан кейін, енді Мекең басқа амалға көшті: әуелі – Рахаңды (Рақманқүл Бердібаевты), содан кейін Серкеңді (Серік Қирабаевты, институт директоры) «құдалыққа» жіберді.  Академик-ағаларым көрген сайын «Ана Мекемтасты жылата бермей (тура солай айт­ты) келсеңші», – деп өзімси қатқыл дауыстайтын бол­ды. Несін айта берейін, ақыры Мекең бір жолы қа­пыда қақпанына түсірді.  Күндер мен айлар өтті. Қарашаның аяғына қарай кеш­ке жақын үйге сондай бір мәдениетті адам хабар­ласып «Тұрсын Құдакелдіұлы! Кеш және үйіңізге ха­бар­лас­қаныма әрі орысша сөйлегеніме ғафу етіңіз. Сіз­бен жолығып, сөйлесуге бола ма? Қызметіңізге бар­сам, қай уақытта қабылдай аласыз? Сіз мені білмей­сіз, менің аты-жөнім – Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова», – дейді! Әңгіменің соңы таңертеңгі сағат онда сол кісінің ка­бинетінде кездесу туралы уағдамен аяқталды. Таңертең мұражайға барсам, Ләйлә Мұхтарқызы мен Мекемтас аға күтіп отыр екен. Орындыққа отырар отырмастан Ләйла апай:    – Тұрсын Құдакелдіұлы! Менің сізге бір өтінішім бар. Егер Әуезовтің рухын сыйласаңыз, өтінішімнен бас тартпаңыз! – У меня к вам есть одна просьба. Если ува­жаете духа Ауэзова, не отказывайтесь моей просьбе!, – дегенде орныма отыра кеттім.  Кім Әуезовтің рухын аттап кете алады?!. Сөйтсем, бұл «қазақы тәсілді» Ләйлә апайға Мекең үйретіп қойып­ты. Түні бойғы сылтауым желге кетті: – «Бейуағыңыз» үшін диссертация жазбай канди­дат­тық дәреже берудің амалын қарастырып қойдым. Ме­кең ғылыми жетекші болады. Ал авторефератты сіз бір аптада жазасыз, – деп бәрін кесіп-пішіп қойыпты Ләйлә апай. Қойшы, сонымен «М.Әуезтің «Қилы заман» және «Қараш-Қараш» повестеріндегі тарихи және көркемдік шын­дық» деген тақырып бойынша Мекеңнің жетек­шілігімен бес айда ғылым кандидаты боп шыға келдім. Айтпақшы, өзіме аса жанашыр бір ғалым ағам «Жетек­шіні өзгертейік. Академик болсын», – деп Мекеңнің атын сызайын деп жатқанда «– Мен қарсымын. Онда өзіңіз қорғаңыз!» – деп қолжазбаны алдына тастай сап, шығып бара жатқанымда «– Үй, Дүлей! Соған да сеніп қал­дың ба!» – деп есік алдында тұрып қолын қойып беріп еді. Менің Мекеңнің бар жақсылығына қайырған қарымтам осы ғана. Мені өз орнына  «қонжитты» да, Мекең абайтану бө­ліміне ауысып кетті. Мекең жобасын салып кеткен М.Әуезовтің шығармаларының 50 томдық басылымын шығарудың азабы мен алғауы маған бұйырды.  Жан шапағатың – иман шапағатына ұлассын, сақаба-ұстаз!

 Тұрсын Жұртбай