T-Newspaper

Отбасын қолдау орталығы әр ауданда ашылуға тиіс – маман

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен елі­міздің түпкір-түпкірінен 70-ке жуық Отбасын қолдау орталығы ашылды. Әлі де өңірлерде мұндай орталықтар ашылып жатыр. Орталықтың негізгі ба­ғыты – мемлекеттің отбасылық саясатын жүзеге асыру, өмірлік қиын жағ­дайға тап болған адамдарға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға қолдау көрсету және олардың жұмысын ұйымдастыру. Осындай орталықтардың жұмысы туралы «Qoldau» білім беру ұйымдарының Қамқоршылық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фарида Сағындықпен әңгімелескен болатынбыз.

– Былтырғы статистика бойынша елімізде 21 387 жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Олардың жағдайы елдегі өзек­ті әлеуметтік мәселелердің бірі еке­ні сөзсіз. Жетім балалардың тағ­ды­рына қоғамның әрбір мүшесі жауап­­ты, десек те, мемлекет, қоғам­дық ұйымдар да олардың өмірін жақ­сартуға бағытталған жұмысы маңыз­ды. Отбасын қолдау орталықтарының жұ­мысы туралы кеңінен айтып бер­сеңіз. – Жалпы, елімізде заң тұрғысында «же­тім балалар үйі» деген ұғым жоқ. Бізде сол ұйымдардың типтері бар. Ол жетім ба­лалар мен ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, яғни балаларды қолдау орта­лығы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы деген сияқты. Ол жерде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығын­сыз қалған балаларға, қараусыз және пана­сыз қалған балаларға, сондай-ақ ар­наулы әлеуметтік көмекке мұқтаж бала­ларға тұрғылықты орын бере отырып, тәр­биелеу, білім алу үшін қолайлы жағ­дай­лар жасалады.Қазір мұндай орталықта тәр­бие­ле­ніп жатқан балалар саны 4 мыңға жуық. Оның 300-ден астамы – жетім ба­лалар (ата-анасының екеуі де не­ме­се жалғыз анасы (әкесі) қайтыс бол­ған бала (балалар) болса, қал­ған­дары әлеуметтік жетімдер. Қиын жағдайға тап болған балалар көбіне қолдау орталықтарына келіп түседі. Олардан бөлек мұнда жетім балалар да тәрбиеленіп жатады. Бұл жерде де екі түрлі жағдай қарастырылады. Бі­рінші ол тұрақты тұруға қабыл­дан­ған балалар, яғни мәртебесі анық­талған жетім балалар мен ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған деп танылғандар. Екінші, ол әртүрлі қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балалары. Олар 6 айға дейін мерзімде осындай орта­лық­та тұрады. Яғни, ата-ананың сот арқылы шешілетін мәселелері қа­рас­тырылып, олар өздерін мате­риал­дық, психологиялық, басқа да жақ­та­рын қалпына келтіріп болғанша ба­ла­лар мемлекет қарауында бола­д­ы.  Жалпы, елімізде жаңадан құры­лып жатқан Отбасын қолдау орта­лық­тарында психологтар, заңгерлер, әлеу­меттік қызметкерлер өмірдің қиын жағдайына тап болған отба­сы­ларға жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру, уақыт­ша тіркеуді ресімдеу, кәсіптік оқыту­ға және қайта оқытуға жіберу, жұ­мыс­қа орналасу, жәрдемақылар та­ғайындау, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру және басқа да мәселелерде қажетті көмек көрсетеді, сондай-ақ балалары бар әйелдерге уақытша тұру мүмкіндігі беріледі. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін орталықтарда сенім телефоны тәу­лік бойы жұмыс істейді.  Былтыр еліміздің барлық өңір­ле­рінде отбасын қолдау орта­лық­та­ры қызметкерлері және мобильді топ­тар үшін республикалық оқыту-се­минарын өткіздік. Оған барлығы 766 адам қатысты, 137 аудан мен 40 қа­ла қамтылды. Осылайша, Отбасын қол­дау орталықтары мамандары мен мобильдік топтардың біліктілігі арт­тырылды. Мәдениет және ақ­па­рат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған маңызды шара ел бойынша 15 қазан мен 13 желтоқсан аралығына дейін жалғасты.  Республикалық оқыту-семина­ры­ның басты мақсаты – қиын өмір жағ­дайындағы отбасыларға сапалы көмек көрсету аясында қызмет­кер­лердің кәсіби біліктілігі мен құзы­реттілігін жақсарту. Іс-шара аясында қатысушылар отбасылармен жеке жұмыс жоспарларын құру, прак­ти­ка­лық дағдыларын қалыптастыру, диаг­ностика, жоспарлау және көмек көр­сету мониторингін жақсартуды мең­герді. Жоспарға сәйкес теория­лық және практикалық сабақтар оқы­тылды.  Семинарға әлеуметтік қорғау, бі­лім, денсаулық сақтау, ішкі істер са­ласының мамандары, балалар қү­қық­тары жөніндегі уәкілдері, кә­ме­летке толмаған балалар, әйелдер іс­те­рі мен отбасылық демография­лық саясат жөніндегі комиссия хатшылары мен жергілікті жерлерде құрылған мобильдік топтардың жетекшілері және өкілдері келді. Мысалы, Шымкент, Түркістан, Жам­был облыстарындағы орталықтарда 130-ға жуық маман бүгінге дейін       3 400-ден астам адамға көмек көр­сет­кен. Аз қамтылған, көпбалалы, мүм­кіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр­ған аналарға денсаулық сақтау мә­селелері, жұмыспен қамту, ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсе­ті­ле­тін әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй­ге кезекке тұру, сертификат алу, құқықтық және медиаторлық кеңес, материалдық көмек, психологиялық қолдау, түрлі психологиялық және мотивациялық тренингтер, өзге де оқу курстары, шағын кәсіп ашу, грант алу, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын қолдану және тағы басқа шаралар ұйымдастырылды. – Жыл сайын елімізде мыңға жуық (кей деректерде 2 мың) адам ата-ана құқығынан айы­ры­ла­ды екен. Ата-анасынан айы­рыл­ған балаларды бейімдеу жұ­мыстары қалай жүргізіледі? – Әрине, олар балалар үйіне, ба­­­­лаларды қолдау орталығына, кә­ме­­­летке толмағандарды бейімдеу ор­­­­талығына өз еркімен келмейді. Ба­лалардың мұндай жерлерге түсу траекториясының да негіздері бар. Өзінің ата-аналық қызметін орын­да­майтын ересек адамдардың, заңды өкілдердің жауапсыздығы салда­ры­нан балалар сондай ұйымдарға тү­се­ді. Мұның да теріс жағы бар, олар­­­дың жаны жаралы. Осыған дейін бала өзі­нің отбасында өмір сүріп, мек­теп­ке барып, достарымен араласып жү­реді. Ал отбасы қиын жағдайға тап болған кезде баланың қауіп­сіз­дігі мақсатында жоғарыда аталған ұйымдарға жіберіледі. Елестетіңізші, ба­ланың қасында ата-анасы жоқ, ор­тасы ауысады, бұрынғы достары бол­майды. Бұл жерде психологиялық тұр­ғыдан бейімдеуге байланысты көп­теген қиындық болады. Әрине, біз баланың киімін бүтіндеп, қар­нын тойдырып, мектепке ор­на­лас­тыр­сақ та оның ішкі дүниесін ешкім тол­тыра алмайды. Дегенмен мем­лекет мұндай балаларды далада қал­дырмайды, өз қамқорлығына ала­ды. Егер де ата-ана өз міндетін орын­дамаса, мемлекет бұл міндет пен жауапкершілікті өзіне алады.  Ал енді бұл жерде балаларды қол­­дау орталығы психологиялық кө­мек бойынша екі бағытта жұмыс іс­тейді. Оның біріншісі балаларды пси­хологиялық-құқықтық қолдау қыз­меті, екіншісі асырап алушы ата-ана­лар мен жетімдер үйінен шыққан түлектерді сүйемелдеу.  Мұндай орталықтардан балалар же­­тімдер үйінен шыққан балалар көп жағдайда 9-сыныптан кейін кол­­ледждерге оқуға түсіп кетеді. Де­­ген­мен оларға жалғасты көмек қа­жет. Өйткені олардың қоғамға бейім­­­­­делуі қиындау әрі ұзақ. Ары қа­рай өмір сүріп кетуіне қаражат жа­ғы­нан болсын өте көп қиындық туын­дайды. Осы кезде олар бала­лар­ды қолдау орталығының тарапынан кө­мек алып, бірге жұмыс істей ала­ды.  – Елімізде жетім балалар са­ны аз болғанымен, әлеуметтік же­тімдік мәселесі өте өзекті мә­селеге айналып отыр. Ба­ла­сы­ның өміріне жауапкершілік ал­ғы­сы келмейтін ата-аналарды қа­лай түзетуге болады? – «Әлеуметтік жетімдер» деге­ні­міз ата-анасы бар, бірақ ата-ана құ­қы­ғынан айырылған немесе шек­тел­ген, әртүрлі қиын өмірлік жағдайға душар болған «қолайсыз отбасылар». Бұл жерде баланы, жасөспірімді от­ба­сынан, ата-анасынан бөліп қара­мауы­мыз керек. Оның да өзіндік про­цедуралары бар. Балаларды қол­дау орталығының басты міндеті – оларды сол жерде ұстап қалу емес, керісінше үйіне қайта оралту. Яғ­ни, ата-анамен жұмыс істей оты­рып, баланы өз отбасына қайтарып береді. Ал бұл жердегі мақсатты  топ – кәмелеттік жасқа толмағандар. Бұл жерде қазір ашылып жатқан Отбасын қолдау орталықтарымен тығыз байланыс орнату маңызды. Аталған орталықтар ата-анамен жұмыс істейді, Балаларды қолдау ор­талығы балалармен жұмыс істеп, екіжақты өзара іс-қимылды нығайту арқылы үлкен нәтижеге қол жет­кізуге болады. Соның бірі қазір ап­ро­бация бойынша осы әдіснамамен Астана қаласында «Жанұя» отбасы қол­дау орталығында жүргізіліп жа­тыр.  Біз Оқу-ағарту министрлігінің Ба­лалардың құқықтарын қорғау ко­митеті және әкімдікпен үшжақты ме­морандум жасастық. Бұл «Әлеу­мет­тік патронат» жобасы деп атала­ды. Отбасын қолдау орталығы мен Ба­лаларды қолдау орталығының ара­сындағы байланысты құру арқы­лы осындай алғышартты енгіздік.  Отбасын қолдау орталығының бір­ден-бір қызметі – мобильді топ­тың жұмысын ұйымдастыру. Ол де­геніміз – қиын жағдайға тап бол­ған отбасыларды ерте анықтап, олар­ға дер кезінде көмек көрсетіп, жан-жақты қолдау беру арқылы ба­лаларды жетімдер үйіне түсірмеудің жолын іздеу. Мақсатымыздың бірі – осы. – Қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау қа­лай жүргізіледі?  – Мобильдік топтың ішіне 3 са­ла кіреді. Олар: құқық қорғау ор­ган­да­ры, денсаулық және білім. Мыса­лы, бала мектепке бармайды немесе үсті кір, тырнағы, шашы өскен, кү­ті­мі жоқ болса, бұл жерде ерте анық­тау­шы – сынып жетекшісі. Ол осы сиг­налды басшысына айтып, осы ақ­паратты Отбасын қолдау орта­лық­тарына жіберіп отырады. Ал ары қарай орталық ондай ата-аналармен хабарласып, өзара іс-қимылды ны­ғайту арқылы ата-анаға жан-жақты көм­ек беруге тырысады. Дәл осын­дай ерте анықтаушы – учаскелік полиция инспекторы. Ол өзіне қарасты әкімшілік аумақта ішім­дік­ке салынған, теріс өмір сүріп жүрген отбасыларды анықтай алады. Әсіре­се, ондай отбасыларда кәмелетке толмаған балалар болса, міндетті түр­де назар аударуы тиіс. Бұл ақпа­рат та Отбасын қолдау орталығына түседі. Оларды ерте анықтау арқылы дер кезінде көмек берсек, бала да өз үйінде болады, жетімдер үйіне түс­пей­ді. Үшінші тарап – денсаулық сақт­ау саласының мамандары, бұл жер­де патронаждық мебдикелер не­месе дәрігерлер болуы мүмкін. Әйел жүкті кезде немесе 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға ондай патронаждық медбикелер міндетті түрде келіп отырады. Ана­мен сөйлесіп, баланың жағдайын сұраған кезде қауіп-қатерлер болса, яғни әйел депрессияда жүрсе, ашу­шаң болып баланы ұрып жатса, от­басында кедейшілік көріністері бай­қалса, патронаждық медбике От­басын қолдау орталықтарына жі­беріп отыруы керек. Мұның бәрі бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ерте анықтау факторы өте маңызды, өйткені профилактикалық жұмыс­тар ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала­лар санын азайтады. Біз бұл ба­ғытта қазір цифрландыру жұ­мыс­тарын жүргізіп жатырмыз. Алайда жұмысты жүргізуде мәселелер бар. Ең бірінші ол ведомствоаралық іс-қимылдың әлсіз болуы. Қиын отба­сылар анықталғанымен, орталыққа толықтай хабар берілмеуі ең басты мәселе. Сосын қиын жағдайға тап болған отбасылар анықталған кезде де ата-ананың бұған дайын болмауы, ынтымақтастық қарым-қатынас құруға атсалыспауы, коммуникация жағынан әлсіздігі, мамандардың бі­ліктілігінің төмендігі де жұмыстың алға басуына кедергі. Соның бір көрінісі бізде зорлық-зомбылыққа ұшы­раған әйелдер немесе қаты­гез­дікпен ұрып-соғып, психологиялық тұрғыдан зардап шеккен балалар. Олар әсіресе аудандарда жиі кез­де­седі. «Туысқандарымыз не айтады?», «Көршілердің бетіне қалай қарай­мыз?» деп көмек сұрамауы, құзырлы органдарға бармауы, ақпараттың жету жағы әлі әлсіз. Дегенмен дәл қа­зір осы жұмысты жолға қойып отыр­мыз. Менің ойымша, 5-6 жылда әйел­дер өзінің құқығын толық біле­ді. Олар Отбасын қолдау орталық­тары­на келген кезде білікті маман­дар­дың көмек көрсететініне, өздерін кешенді түрде сүйемелдейтініне се­німді болса деймін.  – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан  Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ