T-Newspaper

Цифрлық теңсіздік экономикаға қалай әсер етеді?

www.istockphoto.com

Әлемдік бәсекеге қабілетті болуда цифрлық трансформацияны ілгерілетіп, инновациялық экономиканы дамыту керек. Әсіресе, қала мен ауыл тұрғындарының интернетке қолжетімділігін теңестіру маңызды. Онсыз тұтас ел заман талабына сай өркендеуі қиын.

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

1968 жылы кинорежиссер Стэнли Куб­­рик­тің «2001 жыл: Ғарыш Одиссеясы» фи­ль­мі жарық көрді. Ғылыми-фан­тас­ти­калық эпо­пеяда алғаш рет электронды құрылғы мен компьютердің мүмкіндігі туралы тү­сі­нік берді. Қазір кинодағы құбылыстар шын­дыққа айналды.  Телекоммуникациялық револю­ция қар­қынды жүріп, цифрлан­ған дәуір­ге жеттік. Бүгінде БҰҰ цифрлық тең­сіз­дік мәселесін жиі көтере бастады.  Расында, цифрлық теңсіздік – әлем ел­­дері үшін басты мәселеге айналды. Ал­­да­ғы уақытта «кедей немесе да­мыған елдер» рей­тингісі емес, «цифрланған немесе цифрланбаған елдер» болып жіктелуі әбден мүмкін.  Цифрлық даму, инновациялар және аэ­роғарыш өнеркәсібі министрлігі Те­ле­ком­муникациялар комитеті төраға­сы­ның орын­басары Лазизбек Құрбантаев­тың сө­зінше, цифрлық теңсіздік – білім алу, ден­саулық сақтау, қызмет көрсету жә­не тағы бас­қа салада заманауи техно­ло­гияға қол­же­тімділік деңгейімен бел­гі­ленеді.  Цифрлық технология – бизнес-про­цес­­ті авто­ма­т­тан­дырып, қызмет көрсету са­па­сын жақсартып, өн­діріс­ті оңтай­лан­дырып, ұйымдар мен кәсіпорындардың тиім­ділігін арттырады. Цифрландыруға жұмыс про­це­сін автоматтандыру, дерек­тер­ді талдау мен өңдеу, жа­санды интел­лект және басқа да ин­новациялық тех­но­ло­гия кіреді. Мұның бә­рі адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын жақ­сартып, тұр­мыс сапасын жақсартады.  Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхба­тында тоқ­талып, таяу жыл­дар­да жасан­ды интел­лект өте қарқынды дамып, жұрт­­тың өмір ту­ралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін тү­бегейлі өзгертетінін айтты. Қазір әлем елдерінің цифрлану дең­гейін саралай­тын бірнеше өлшем бар. Global Digitalization Index, Global E-Government Development Index, IMD World Digital, Gov­Tech Index-ті атау ке­рек. Мәселен, Элек­т­рон­дық үкіметтің даму рейтингісі бойын­ша әлемде Да­ния, Эсто­ния, Сингапур, Оң­түс­тік Корея, Ис­ландия көш бастайды. Бұл са­натта Қа­зақ­стан 24-орында. Ал IMD World Digital бәсекеге қабілеттілік рей­тингісінде Швей­­ца­рия, АҚШ, Гонконг, Ни­дер­ланды, Норвегия ілгері бол­са, Қазақстан бұл ті­зім­де 34-орыннан көрінді. «Он­лайн қыз­­м­еттер» индексі бойынша 8-орындамыз.

Қазақстанда цифрландыру үдерісіне ба­ғытталған бір­неше бағдарлама қа­был­дан­ды. 2013 жылы «Ақ­парат­тық Қазақстан – 2020» бағдарламасы ақпараттық қо­ғам­ға көшудің негізгі табалдырығы болды. 2018-2022 жы­лы «Цифрлық Қазақстан» бағ­дар­ла­масы іске қосы­лып, ел азаматтарының өмір сүру деңгейін цифрлық технологияны қол­дану арқылы арттыру көзделді. Ол үшін цифрлы дағдылар экономиканың барлық сек­торында көрінуі тиіс еді. Үкімет 2023-2029 жылға ар­налған цифрлық транс­фор­ма­ция, ақпараттық-ком­му­ни­кациялық тех­нологиялар саласын және кибер­қауіп­сіз­­дікті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Мақ­сат – ха­лық пен кәсіпкерлік субъек­ті­ле­рін жоғары жыл­дам­дық­ты интернетпен (≥100 Мбит/с) қамтамасыз ету. Жос­пар бойынша 2023-2027 жылы Астана, Алматы, Шым­­кент қаласында байланыс опера­тор­лары 5G бері­леді. 2024-2027 жылы облыс ор­талықтарында жоғары жылдамдықты ин­тернет іске қосылады. 2029 жылдың соңы­на дейін ел аумағында 100 пайыз кең жо­лақты интернет қол жетімді болады.  Үкіметтің есебінше, өңірлер мен ауыл­­дық жер­лерде цифрлық теңсіз­дік қатты сезіл­мейді.  Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауында интернетке барынша қолжетімділікті және азаматтардың сапалы байланысқа қосылуын қам­та­масыз етуді тапсырды. Өйткені цифрлық теңсіздік әлеу­меттік байланыс орнату және мәдени алмасу мүм­кіндігін шектейді. Ал теңсіздік желілік инф­ра­құрылымнан басталады.  2017 жылы 100 ауыл тұрғынының ал­тауының ин­тер­нетке қосылу мүмкіндігі бар еді. 2023 жылы 250-ден ас­там тұрғыны бар әр­бір ауыл интернетке қол жеткізуі тиіс еді. 2024 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қа­зақстандағы 6 256 елді мекеннің 4 858-інде интернет бар екенін мәлімдеді. ADSL технологиясы бойынша ста­ционарлық интернет 1 950 ауылда болса, талшықты-оп­тикалық байланыс желісі (ТОБЖ) арқылы интернет 2 606 ауылға жетті. Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 1 076 ауылды қам­тамасыз ету шарасы қа­рас­тырылды. 5G тех­но­логиясын одан әрі да­­мыту бойынша Kcell және Tele2 опе­ра­торы Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен бар­лық облыс орталығында 5G-мен қамтуды кеңейту бойын­ша жұмыс істеуде. 

ЦИФРЛАНДЫРУ – ӘЛЕМДІ БАСҚАРУ КІЛТІ

2010 жылдары ЮНЕСКО-да Бас дирек­торының орын­басары болған Франк Ла Рю интернет елдердің экономикалық, әлеу­мет­­тік және саяси дамуын жеделдетіп, жал­­пы адамзаттың ілгерілеуіне ықпал ете­­нінін мәлімдеді. Айтқаны айдай келді.  Цифрлы трансформацияны сәтті жүр­гіз­ген әлем елдері экономиканы әр­тарап­тан­дыруда нәтижелі жетістікке жетті. Мә­се­лен, онлайн-сауданы алатын болсақ, 2014 жы­лы әлем бойынша 1,3 триллион дол­лар­ды құраса, 2024 жылы 6,9 триллион дол­лар­ға жетті. Қытайдың электрондық ком­мерция нарығы – әлемдегі ең үлкен на­рық­қа айналды. Ұлыбританиядағы бөлшек сау­­даның 36 пайызы онлайн-саудаға тие­сілі. Сондай-ақ Сингапур, Оңтүстік Корея, Да­ния үкіметі интернеттегі сауданы да­мы­туда белсенді.  Цифрландыруда интернеттің жыл­дамдығы ше­шуші рөлге ие. Бүгінде Оңтүстік Корея, Жапония жо­ғары жылдамдықты интернеттің 6-буынын сынақтан өт­кізуге мән берсе, АҚШ пен Қытай 5G желісін әлем елдеріне таратуда бәсекелесуде. Өйткені цифрландыру әлемді басқаратын кілт. Қазір электр энергиясы елдердің дамуында шешулі рөл атқарса, интернеттің маңызы одан да арта түсті. Svspb.net сервисінің дерегінше, Қазақ­стан­дағы ин­тернет жылдамдығы 66,38 Мбит/с тең. Бұл көрсеткіш 158 елдің ара­сын­да 89-орыннан көрінуге мүмкіндік бер­ді (мобильді интернет бойынша 58-орын­дамыз (53,69 мбит/с). Сингапур ин­тернет жылдамдығы бойын­ша көш бас­тайды. Ондағы интернеттің жыл­дамдығы – 316,99 Мбит/с. Біріккен Араб Әмірлігінде – 300,54, Гонконгте – 296,97, Чилиде – 279,14, АҚШ-та – 253,34 Мбит/с.  Қала мен ауыл халқын салыстырғанда ин­тернетті тұтыну деңгейі әркелкі. Әлем бойынша орта есеппен 39 пайыз ауыл тұр­ғын­дарына интернет қолжетімді болса, қа­лалықтар 76 пайызды құрайды. Цифр­лық тең­сіздік айырмашылығы аймақтарға бай­ланысты өзгереді. Мәселен, Еуропада 87-80 пайызға тең болса, Солтүстік пен Оң­түстік Америкада 83-60 пайызды құрай­ды. Біздің елде интернетке қолжетімділік – 82-46 пайыз деңгейінде.  2020 жылы әлемдегі интернет қол­дану­шылар саны 4,54 миллиард адамды құ­ра­са, смартфон игілігін 5,19 миллиард адам көрсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,35 және 5,61 миллиард адамға жетті. Әлем ел­дерінің цифрлық экономиканы ілгерілетуі де әр­түрлі. Мәселен, АҚШ цифрлық экономи­ка­ны дамытуда зияткерлік меншік арқылы инновациялар мен технологиялардың жаңа буынын жетілдіруді көздейді. 2015 жылдан Данияда барлық азамат­тар мемле­кеттік органдармен тек интернет арқылы ғана қарым-қатынас орнатуға мін­детеледі. Әрбір даниялықтың цифрлық пас­порты (digital ID) бар. Ондағы мемле­кет­тік органдар бірыңғай желіге қосылған, бұл – бірыңғай жеке кабинет көмегімен бар­лық ведомстволармен өзара іс-қимыл жа­сауға мүмкіндік береді.  Франция цифрландыру мен жаңа тех­нологияны енгізуде жасанды интелектке иек артады. Яғни, қоғамдық мүддеге жауап бере отырып, эко­но­ми­ка­лық көрсеткішті жақсартуға басымдық береді.  Жапония 4.0 Индустриясының негізгі тұжырым­да­масы ретінде электрондық өнеркәсіпті дамыту стра­те­гиясын таңдап, сапалы өнім өндіруде робот техно­ло­гияны дамытуда. 2019 жылы Қазақстанда eGov Mobile мо­бильді қо­сым­шасы іске қосылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтің 80 пайызға жуығы смартфон арқылы қолжетімді. «Электрон­дық үкімет» порталы іске қосылғалы 400 мил­­лионнан астам қызмет көрсетілді. Ел тұр­ғын­дарының eGov-ты қолдану деңгейін әлі де жетілдіре түсу керек-ақ.

ЦИФРЛАНДЫРУ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Біріншіден, цифрландыру өнімділік пен опер­а­ция­лық тиімділікті арттырады. Яғни, цифрлы технология процесті жыл­дам­датып, жұмыстағы қателер санын азай­тады.  Екіншіден, қызмет көрсету сапасын жақ­сартып, шы­ғынды азайтады. Тұтыну­шы­лар базасы ұлғайып, компанияны бас­қаруда тәуекелдерді ескеріп, артық шы­ғынды азайтып отыруға болады.  Үшіншіден, бәсекеге қабілеттілікті арт­тырады. Заманауи технология арқылы үл­кен көлемдегі деректі жинауға және тал­дау­ға болады. Бұл компания жұмысын жеңіл­детіп, нарықтағы құбылысты алдын ала болжап, нақты шешім қабылдауға кө­мектеседі. Елдердің бәсекеге қабілеттілігінің ха­лық­аралық рейтингінің (WDCR) баға­лауын­­ша, жасанды интеллект (AI), блок­чейн және кванттық есептеуге негіз­делген технология цифрлық алшақтықты кеңей­теді, сонымен қатар инновациялық қозғаушы күшке айналып, экономиканы ілгерілетіп, қоғамдарды қайта құруға қау­қарлы. Цифр­ландыруды тиімді іске асыр­ған елдер тұ­рақ­ты экономикалық өсімге, өнім­ділікті арт­тыруға және жаһандық ық­палға ие бо­лады.  Сарапшылар арасында цифрлық тең­сіздікті ақ­параттық технологияның даму деңгейі және ресурстың қол­жетімділігімен бағалайтындар бар. Тағы бірі цифрлық тең­с­іздікті әлеуметтік-экономикалық құ­бы­­лыс ретінде санайды. Яғни, цифрлық дағ­­дылар бизнес, қызмет көрсету, білім беру, медицина және тағы басқа салаларға ену деңгейімен саралайды. Цифрландыру адам­дардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.  «Дүниежүзілік экономикалық форумында» цифр-лық тең­сіздікті әлем елдері үшін алдағы онжылдықтағы не­гізгі проблема бо­­латыны айтылды. Бүгінде табысы жо­ғары елдерде интернет қолжетімділігі 87 пайыз­ға жетсе, кедей елдерде 17 пайыз дең­гейінде. Ұлттық статистика бюросының мә­­­ліметінше, Қазақстанда интернет пай­да­лану­шылар үлесі 90 пайыздан асты. 2019 жы­лы – 84,2 пайыз, 2020 жылы – 88,2 пайыз, 2021 жылы – 92,9 пайыз, 2022 жылы – 94 пайыз, 2023 жылы – 94,7 пайызға жетті. Цифрлық технология дамушы елдердің эко­номи­касын әртараптандырып, кірістің жаңа көзін табуға мүмкіндік береді.  Онлайн сауда бойынша АҚШ көш бас­тайды. Бұл елдің жалпы сауда-саттығының 6,6 пайызын онлайн сауда құрайды. Бұл – 102 миллиард долларға тең. Қы­тайда он­лайн сауда жалпы экономикадағы үлесі 7,5 пайыз. Яғни, онлайн сауда айналымы 79 миллиард дол­лар. Ұлыбританияда – 31, Жа­понияда – 18, Гер­манияда – 15, Фран­ция­да 10, Канадада онлайн сауда 8 мил­лиард долларға тең.  2024 жылы Сингапур жоғары тех­но­логиялық патент­тік гранттар саны, банктік және қаржылық қыз­меттер қарқынды цифр­ландырылуда. Бұл ел іскерлік икем­­ділік және IT интеграциясы бойынша да көш ілгері. Бұдан сингапурлықтардың цифрлы өзгеріске бейім­делу қабілеті жоғары екенін көруге болады. Швейцария жоғары технологиялық экспортта, электронды қатысуда және ки­берқауіпсіздікте жоғары жетістікке ие.

P.S. 

Қаласақ та, қаламасақ та эмоциясын білдіретін роботтармен байланыс құратын күн жақын. Жаңа сипатқа ие болған заманда өз орнымызды айқындаймыз десек, «цифрлық теңсіздікті» төмендетіп және «цифрлық агломерацияны» жетілдіріп, ақылды технологияны дамыту маңызды. 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ