Эмиль Чоран. Беккет
Сэмюэл Беккет (Samuel Barclay Becket – 1906-1989) – ирландиялық әйгілі жазушы, ақын, драматург.
Беккет секілді болмыс-бітімі бөгде, бөгенайы бөлек жанның жұмбағын шешкісі келген адам, алдымен, астарында оның бар жалғыздығы мен қалтарыстағы қиялы жасырынған, жан төзгісіз һәм шексіз еңбекке толы кісікиік өмірінің мәніндей болған әрі әрбір беккеттік минуттың үнсіз ұраны секілді көрінетін «қалыс қалу» деген сөздің мағынасын жан-жүрегімен толық сезінуі керек. Буддизмде сана сергектігіне жетуді іздеген шәкірттен «табыт кемірген тышқанның» табандылығы талап етіледі. Өз есім-сойына лайық кез келген қаламгер де осындай жанкештілікпен өмір сүреді. Беккет – тіршілікті астаң-кестең етіп қопару арқылы оны жаңаландыра, жаңарта түсетін, сол арқылы оның ғұмырын соза түсетін талқандаушылар тобынан болатын. «Бізге берілген кесімді уақыт біреулер үшін құртатындай тым ұзақ емес». Ақынның бұл сөзі сыртқы дүниеден, қалтарыста кезігуден, бөгде нәрседен бас тартқан әрбіріміздің сөзіміз. Беккет, немесе өз-өзіңмен болудың теңдессіз өнері. Бұған қоса, тырнақтай да тәкаппарлықсыз, ерекшелеп тұрар ен-таңбасыз, таңдаулы болу түсінігінен айырып алғысыз болу. Егер осыған дейін биязылық деген сөз пайда болмаған болса, оны Беккет үшін жарату қажеттілігі туар еді. Адам таңғаларлық, табиғаттан тыс дейтіндей бір факт: ол ешбір адамды ешқашан жамандап көрмеген, өсек-ғайбаттың ащы тілінің гигиеналық мүмкіндіктерін, оның емдік һәм көңіл жұбатар қасиеттерін бағалап көрмеген жан. Мен оның досты да, дұшпанды да сөз еткенін естіген емеспін. Оның бұл артықшылығы кейін аяныш тудырары сөзсіз, ол бейсанасында бұл үшін азап шегуге де тиіс. Артымда иін тірескен жалақорлар мен бәлеқорлар болмаса, тіпті былай айтқан да болар едім: ол өзіне сан-сапат сарыуайым мен сынақты, алаң көңіл мен қаншама қиыншылықты дайындап жатыр! Ол уақыттың ішінде емес, уақытпен параллель өмір сүреді. Сол үшін де болар, оның соңғы жаңалықтар туралы не ойлайтынын сұрау бір рет те болса ойыма келмепті. Беккетті тани тұра, тарих деген – бар-жоғы адам онсыз да өмір сүре алатын, оны айналып өте алатын уақыт өлшемі ғана екенін түсінесің. Егер Беккет өз кейіпкерлері секілді болып, ештеңеге қол жеткізе алмаса да, ол бәрібір дәл сол қалпында қалушы еді. Өзін-өзі дәлелдеуге ұмтылмайтын ода жеңіс пен күйреудің идеясы бірдей адамның келбеті бар. Ол туралы ойлаған сайын «Бұны түсіну не деген қиын! Ауқымы не деген кең!» дей беремін. Егер оқыстан әлдебір оқиға болса және оның бойында ешқандай құпия болмаса, мен үшін нағыз ақылға сыйымсыздықтың нақ өзі осы болар еді. Мен уайым-күйзелістердің өз арнасынан асып төгілуі, сезімдерге немқұрайлы қарау, жан-тәніңмен әңгімелесу, сезімін кенеттен, орынсыз әрі тұрпайы білдіру деген дүниелер қалыпты нәрседей қабылданатын Еуропаның бір түпкірінде өстім. Мұнда бәрі жайлы бәрі біледі, мұнда бірде-бір құпияны сақтай алмайсың, ал сөзуарлық өзіңді ұмыттырып жіберетіндей хәлге жеткізіп тынады. Мені осы бір табиғаттан тыс ұстамды адамның неге өзіне елітіп әкетпегені жайлы айтуым керек пе өзі? Биязылық қамкөңіл осалдықты терістемейді. Бірде достарымен бірге отырған кешкі ас үстінде қонақтардың бірі Беккетті оның өзі мен шығармашылығы жайлы бос әрі қиын сұрақтармен тұншықтыра бастағанда, ол салдыр-салақ үйлесімсіздіктің қуысына тығыла түсіп, ақыр соңында әңгімелесушісіне арқасын беріп отыруға сәл қалды. Ота жасату үшін пышаққа түсуге бара жатқан жандай немесе өзіне әлдеқайдан қауіп төніп тұрған адамдай ойлы, түнеріңкі қалыпта, кешкі асын тауыспастан орнынан тұрып кетті. Шамамен бес жыл бұрын, Гинме көшесінде кездейсоқ жолығысып қалғанымызда ол қазір не істеп жүргенімді сұрады. Мен жазуға деген қызығушылығымды жоғалтқанымды, өзімді еске түсірудің, «жаратудың» ешқандай қажеттілігін көрмейтінімді, жазудың мен үшін азапқа айналғанын айттым... Меніңше, ол таң қалған секілді болды. Бірақ өзімнің таңғалғанымды анық білемін. Өйткені ол дәл жазу туралы айтқан сөйлемінде «қуаныш» деген сөзді қосып айтты. Қағыс естідім бе деп қалдым. Жоқ, олай емес екен. Сонда барып, осыдан он жыл бұрындары «Клозри де Лилада» алғаш кездескенімізде әбден діңкелегенін мойындап, енді сөзден ештеңе суырып шығара алмайтындай халде көрінген. ...Бірақ сөзді ол секілді жақсы көретін өзге кім бар? Сөздер – оның өмір серігі, жалғыз жұбанышы болатын. Ол ешқашан ешнәрсемен сенімді түрде мақтана алмайтын, тек сөздер арасында ғана өзін қара жерге табаны тиіп тұрғандай сезінетін. Сөзге сенуін доғарғанда, олар өзін сатып кеткендей, иен далаға жалғыз тастап кеткендей сезінгенде оның үмітсіздік дерті бас көтеретін. Ол бұларсыз қос қолынан айырылған жандай еді. Мен оның «Атаусызында» айтылатындай «Тыныштықты тесіп аққан үнсіздік тамшылары» секілді сөзге жүгініп, сөзге бас иген сәттерін санамағаныма әрі өзіме түртіп алмағаныма өкінемін. Сынбайтын сүйеніш, қажымас таянышқа айналған нәзіктіктің нышандары. Ағылшын тіліндегі сөздің алдында тұратын «-сыз», «-сіз» мәніндегі көмекші сөздер француз тілінде «Lessness» деген атау алды – неміс тіліндегі Losigkeit секілдіге бара-бар қолданып, бұл жаңалықты ашқан Беккет болатын. Lessness (Беменің Ungrund-ы сияқты сарқылмас) деген сөз мені тура мағынасында қатты қызықтырды. Бір күні мен Беккетке бұл сөзге француз тілінде лайықты балама таппайынша ұйықтай алмайтынымды айттым... Біз бірге «-сыз» бен «ең аздан» тууы мүмкін барлық сөзді қарастырдық. Ешқайсысы да ғаріптік пен шексіздіктің қоспасындай, түпсіз, тұңғиық Lessness-тің мағынасына маңайлаған жоқ. Көңіл-күйіміз түскен күйі қоштастық. Үйге келе сала, әлгі байғұс сөзді санамда әрі итеріп-бері жығып, аударып-төңкеріп отырдым да қойдым. Таңертең Беккетке «Біз іздеп жүрген сөз шамасы sineite шығар» деп жаздым. Ол өзі де (шамасы, менімен бір сәтте) осы туралы ойлағанын айтты. Дегенмен мойындауымыз керек, біздің бұл табысымыз сәтсіз болатын. Біз іздеуді доғаруымыз керек екенін, француз тілінде мұндай сөздің жоқ екеніне көндігуіміз керек екенін айтып тарқағанбыз. Өз айтары жоқ және жеке әлемі жоқ жазушымен әдебиет туралы сөз қозғауға тура келеді. Ал Беккетпен мұндай тақырыпта сөйлесу – өте сирек нәрсе, тіпті мүмкін де емес. Ол кез келген тақырыпта: қаржылық қиындықтар, әртүрлі уайымдайтын нәрселер жайлы әңгіме айта беретін. «Қалай ойлайсыз, анау немесе мынау өз заманынан оза шабуы мүмкін бе? », «Анау немесе мынау қазіргі лауазымына лайық па?», «Икс пен игректің қайсысының атақ-даңқы ұзағырақ болуы мүмкін?» деген секілді мәнсіз сұрақтарға мүлдем шыдай алмайтын. Осы сынды кез келген бағалау оны тым шаршатып әрі көңіл-күйін түсіріп жіберетін. «Бекерге ауыз ауыртудың не керегі бар?» – дастарқандағы айтыс-тартысы қиямет-қайымның гротесктік нұсқасын еске түсіретін, ерекше шаршатқан кешкі астан кейін ол маған осылай деген еді. Өзі кітаптары мен пьесалары туралы кез келген әңгімеден қашқақтайтын. Басынан өткерген кедергілерді емес, әлі алда тұрған кедергілерді бағалайтын әрі өзіне таяп келе жатқан оқиғалар мен ойларға толығымен еніп кететін. Одан пьеса туралы сұраса, ол пьесаның мәні, идеясы жайлы емес, тек қойылым туралы, қойылымның әр минутынан, тіпті әр секундынан көретін ұсақ дүниелердің ықпыл-жықпылына дейін айтатын. Сахнадағы кеңістікті үзік-үзік дауыспен толтыруды да, алмастыруды да талап ететін «Not I»-ды ойнау үшін әртіс адам қандай қатаң талаптарға сай болуы керек екенін маған түсіндіріп бергендегі жігерлі дауысын ешқашан ұмытпаспын. Көз алдында тура мағынасындағы әлсіз әрі тосқауылсыз, алды-артын түгел орап алатын ашылған ауызды көргенде оның көздерінің қалай жарқ еткенін көрсеңіз! Ол құдды Пифияның соңғы құбылуына, салтанатты күйреуіне тірілей сол сәтте қатысып отырғандай болды! Өткен қыста Обсерватория даңғылымен келе жатқанымызда, өмір бойы зираттарды аралаған әрі Беккеттің де оларға кетар емес екенін (естеріңізде болса, «Алғашқы махаббат» зиратты сипаттаудан басталатын (Гамбургтегі зират екенін сөз арасында айта кетейін) білетіндіктен, жақында Пер-Лашезге барғанымызда қорымдағы атақты адамдар тізімінен Прустты таба алмағанда оның ашуға булыққанын есіне салдым. (Айтпақшы, мен Беккетті осыдан отыз жыл бұрын Америка кітапханасынан оның Пруст туралы жазған шағын кітапшасын кезіктіргенде алғаш танығанмын). Әңгімеміздің неліктен Свифтке ауысып кеткені есімде жоқ, – бір жағынан Свифттің адам жерлеу кезіндегі әзілдерін есепке алғанда, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Беккет Свифттің «Саяхаттарын» қайта оқып жатқанын, «Гуигнгнмдер елін» басқа бөлімдерінен артығырақ көретінін, әсіресе ондағы Гулливердің өзіне йехудың ұрғашысы жақындағанда кеудесін қорқыныш пен жиіркеніш құрсаулап алып, ашудан түтігіп кететін жерін көбірек ұнататынын айтты. «Джойс, – деді ол, – Свифтті жаратпаған екен». Мені таң-тамаша еткен, тіпті қапаландырғандай болған бұл сөзіне Джойстың сатираға мүлдем бейімі болмағанын қосты. «Ол ешқашан бірдеңені бүлдіретіндей адам болған емес, бақылаушы кейпінде өмір сүрді, әлем қандай болса, солай қабылдады. Ол үшін үзілген жапырақ құлаған бомбадан кем түспейтін...». Осы бір керемет сөздер менің сұрағыма сыпайы әрі салмақ арта жауап берген Арман Робеннің сөздерін есіме түсіреді: «Талай ақынды тәржімалаған сіздің ойшылдардың ішіндегі ең терең ақын Чжуан-Цзыға назарыңыз түспегені қалай?». – «Мен бұл туралы сан мәрте ойладым. Бірақ Шотландияның солтүстігіндегі жартасты жазыққа ұқсайтын кітапты аударып көрші!» деген. Беккетпен танысқаннан кейін, оны кейіпкерлерімен не байланыстыруы мүмкін екені жайлы өзімнен талай рет сұрадым. Оларда қандай ортақтық бар? Осыншама алуан түрлі болу мүмкін бе? Әлде, кейіпкерлердің ғана емес, өз өмірі де «Мэлон өледіден» тамшылаған «қорғасын нұрға» батқан деп түсінуіміз керек пе? Оның көп беті маған ғарыштық апаттан кейінгі монолог секілді көрінді. Құдды бәрінен де азат, тіпті өз қарғысыңнан да арылған күйде, әзәзіл ғана елестете алатын шет-шекарадан асып, о дүниеге қадам басып бара жатқандай әсерде қаласың. Өздерінің өлі не тірі екенін білмей дал болып, Беккетке жат тілде айтқанда, бұ дүниенің шексіз шаруаларынан әбден езіліп-жаншылған бұл жаратылыстар жаны жараланбайтын, әлсіз жақтары жоқ секілді бетперде таққан бұйығы әрі әлсіз жанның қиялынан туған, жақында ғана, аяқ астынан, тек бір сәтке ғана олардың бәрін автормен, яки сыбайласымен байланыстырып тұрған нәзік жіпті көргендей болдым... Сол секундта көргенімді, дәлірек айтқанда, сезінгенімді жалпыға түсінікті сөздермен жеткізу мүмкін емес. Әйтсе де, содан бері мен оның кейіпкерлерінің әр сөзінен әлдебір дауыстың тербелісін естіп келемін... Алайда кенеттен туған пайымның ойдан шығарылған теория секілді тым морт сынғыш, нәзік әрі алдамшы болатынын да айта кеткім келеді. Біздің алғашқы кездесуімізде-ақ мен оның сонау бір шет жерден: беймүмкін, ақылға сыймайтын, үмітсіз бір әлемнен келгенін түсіндім. Бір қызығы, ол қабырғаға таянған күйі өз орнынан тапжылмай, қашанғы ақыл-парасатымен өз дегенінде қалуды жалғастырды; шекара – бастапқы нүкте, соңғы нүкте – жетіп жығылу секілді! Сондықтан оның мыж-тыж, азапты әлемі шексіздікке дейін созылуы мүмкін, ал біздікі кез келген сәтте жоғалып кетуге дайын. Мен өзімді Витгенштейннің философиясының жақсы жанкүйерімін деп айта алмаймын, бірақ адам ретінде ол мені ылғи да қызықтырады. Ол туралы оқығанымның бәрі кеудемдегі әлденені қозғап кетеді. Мен Беккет екеуінің арасынан ортақ қасиеттерді бірнеше мәрте таптым. Екі жұмбақ жан, қос құбылыс, өзіне шақырып тұрып есіңді шығарады, тығырыққа тіреп тынады. Екеуі де адамдардан да, заттардан да алшақ, екеуі де өзіне адал, екеуі де сөзден және бейтаныс шекараға жетуге ұмтылыстан түпкілікті бас тартқан. Олар басқа дәуірде ғұмыр кешсе дүниені тәрк еткен дәруіш болып кетер еді. Енді, Витгенштейннің қайбір кездері не үшін монастырға бекініп алғысы келгенін түсінген де сияқтымыз. Беккетке келер болсақ, оны бірнеше ғасыр бұрын көрер көзге қораш құжырада тұрғанын, тіпті айқышта жалаңаш тұрғанын елестету қиын емес. Бұл әңгімені алғаш болып бастап, ауадан алып жатқан мен емес қой. Сіздер оның кейбір фотосуреттердегі бұ дүниеге тән емес, жұмбақ, «адамға ұқсамайтын» кейіптерін еске түсіріп көріңіздер. Шыққан тегің әлбетте көп нәрсені білдіреді. Бұл – шүбәсіз. Бірақ өзімізге қарай басатын шешуші қадамымызды қандай тамырымыздан болса да, айырылған кезде басамыз, сол себепті де өмірбаянымыздағы ұсақ-түйек, егжей-тегжейлі дүниелер Құдайдыкінен көп емес... Беккет – ирландиялық. Бұл – өте маңызды әрі мүлдем мәнсіз нәрсе. Оның үстіне одан «әдеттегі анлогсаксты» көру тіптен дұрыс емес. Ол бұған мүлдем ұқсамайды. Мүмкін, мәселе соғысқа дейінгі Лондон туралы ауыр естеліктерде болар? Меніңше, ол ағылшындардан «дөрекі» ештеңе де көрмейді. Ол ешқашан көтере алмайтын үкімді қазір мен кесіп отырмын әрі мұнымен өзім де келіспес едім. Өйткені ең алдымен, ағылшындарды – қансыраған халдегі, ең қорғансыз, ең талғампаз, ең өркениетті халық деп санаймын (бәлкім, бұл бүкіл балқандықтардың бұлдыр қиялы да шығар). Беккет – әсерсіздіктен, жансыздықтан толықтай арылған кескін-келбетімен Францияда өз үйінде жүргендей жүрді. Оның Шамфорды өлеңмен аударуға тырысқаны үлгі тұтуға тұрарлық дүние емес пе? Әлбетте, Шамфорды тұтастай емес, бірнеше максималарын ғана. Ой, ниет, әрине, тамаша, бірақ қалай десеңіз де, мен үшін мүлдем түсініксіз (моралистердің прозасында лирикалық өмір мүлдем болмайтынын еске түсірсек болар), мен үшін бұл кем дегенде ашынаң бар екенін мойындаумен бара-бар дүние. Ерте ме, кеш пе, жасырын ақыл өзінің шын мәнін ашары сөзсіз. Беккеттің болмысының поэзиямен ұқсастығы сондай, тіпті бөліп алғысыз. Мен үшін оның еркіндігі мен адалдығы қоян-қолтық, қол ұстасып қатар жүреді. Дүние күйреп кетсе де, ол өз ісінен ешқашан қол үзбейді және өз жазғандарының бір әрпін де өзгертпейді. Ең бастысы, ол нағыз мызғымас адам. Ал ұсақ-түйек дүниелерде біздің бәрімізден, тіпті өз кейіпкерлерінен де әлсіз болып шығуы мүмкін... Осы жазбаларды жазуға отырғанда Майстер Экхарт пен Ницшенің «Ізгі адам» жайлы жазғандарын (олардың әрқайсысы «Ізгі адамды» әртүрлі сипаттады ғой) қайта бір оқуды ойладым. Ойлағанымды орындай алған жоқпын, бірақ Беккет туралы жазу барысында «Ізгі адамды» бір минут та естен шығармадым. 1976 жыл
Орыс тілінен аударған: Еділбек Дүйсен