T-Newspaper

Әлем таныған қазақ журналисі

Профессор Намазалы Омашев туралы толғамында ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы: «Үш үрдістің үлгісі оны үнемі биікке жетелеп келеді» депті. Онысы – «өз еліміздің, Ресей және батыс журналистикасының қыр-сырына қанықты» дегені. Біз бүгін үш үрдістің соңғысы жайлы сөз етпекпіз.

Ғалымның жаһандану аясындағы қазақ журналистикасының қабырғасын қалап, іргетасының қатқан қазықтай тұғырлы да ғұ­мырлы болуына ат салысқан еңбегі қо­мақ­ты да салмақты. Намазалы Омашев 1995 жылы ЮНЕСКО жа­нындағы бұқаралық коммуникация мен жур­налистика бойынша дүниежүзілік ОР­БИ­КОМ ұйымына Орталық Азия елдерінен мү­ше болып қабылданады.  1996 жылдың 14 мамырында сол кез­дегі ЮНЕСКО-ның Бас директоры Фе­де­ри­ко Майордың бірінші орынбасары Адиан Бад­ран Қазақстанға арнайы келіп, ҚазҰУ мен ЮНЕСКО арасында келісімшарт жа­са­сады. Келісімшарт негізінде университетте ЮНЕСКО кафедрасы ашылып, Намазалы Ома­шев ОРБИКОМ мүшесі ретінде кафедра меңгерушісі болып тағайындалады.  Бұл туралы ғалым: «Факультетіміздің да­муына, әсіресе ЮНЕСКО кафедрасының көп пайдасы тиді. Жобалар қорғап, грант­тар ұтып алдық. Өзіміз айлық ала алмай жүр­генде, көпшілік компьютерді танып-біл­мей тұрғанда компьютер класын аштық. Үшін­ші қабаттан телестудия, иесіз жатқан бөл­мені тазалап, фотостудия аштық. Елеу­сіз қалған ұзын дәлізден радиостудия жа­са­дық. Сол тұста бұл параболалық орнатқан жал­ғыз ЮНЕСКО-ның кафедрасы ғана еді. Фа­культет осылайша, оқу үрдісін өрке­ниет­тік жолға қою арқылы халықаралық дең­гей­ге көтерілді», – дейді. Осылайша, Орталық Азия елдерінде тұң­ғыш рет «ORBICOM» бағдарламасымен жұ­мыс істейтін және халықаралық ынты­мақ саласындағы ЮНЕСКО жүйесінің бір бөлігі деп есептелетін кафедра ашылды. Ол ком­муникация саласындағы ЮНЕСКО ка­федраларының халықаралық желісіне қо­сылды. Бұл еліміз үшін, оның ішін­де отандық жоғары оқу орындарының әлем­дік деңгейдегі мәртебесін танытар та­рихи оқиға болды. Бұл еркін және плю­ра­листік баспасөзді дамытатын жаңа ком­му­никациялық стратегияны қабылдауға мүм­кіндік беріп қана қойған жоқ, ірі ха­лық­аралық кәсіби медиа ұйымдардың ұста­нымы деп танылатын жаңа әлемдік ақпа­раттық-коммуникациялық тәртіпті (NWICO) елімізде орнатуға бетбұрыс жасау дегенді білдіреді. Кафедра Орталық Азия мен Қазақ­стан­дағы журналистика мен коммуникация жүйе­сін зерттеу үшін құрылды. Міне, осын­дай ұлттық жоғары білім беру ісінде, оның ішінде қазақ журналистикасына оқытудың теориялық және тәжірибелік бағытында қолға алынған жаңашыл үрдістің бас­тауын­да профессор Намазалы Омашевтің тұ­руы ғалымның ұлт ісі жолындағы жан­кештілігінен хабар береді. Тағы бір атап өтер­лік жайт, бұл өзінің ізін басқан шәкірт­теріне заман көшінен қалмаудың және бо­лашақты бағдарлай білуде үлгі болмақ озық тәжірибе екені ақиқат. Бұл орайда Бауыржан Омарұлы былай дейді: «Әлемнің беделді университеттерінде лекция оқыды. Өңкей Нобель сыйлығының лау­реаттары бас қосқан талай жиынға қа­тысты. ЮНЕСКО-ның Қазақстан және Ор­­талық Азия бойынша жалғыз профес­со­ры болған соң үнемі осы аймақтың жур­на­листикасындағы ерекшеліктер жөнінде баян­дама жасады. АҚШ-тың Оклахома мем­лекеттік университетінде жарты жыл­дан астам қызмет істеп қайтты. Франция, Ис­пания, Канада, Оңтүстік Корея мемле­кет­терінде өткен ғылыми жиындарда елі­міз­дің бұқаралық ақпарат құралдары жүйе­сі жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Олардың әлемдік журналистикадағы орны бөлек. Ал батыстықтардың техникалық жарақтануы ғаламат. Қай-қайсысының да ұтымды тұстары бар. ЮНЕСКО-ның про­фес­соры соның бәрін көңілге тоқып оты­рады». Бұл жерде профессор Н.Омашевтың Аме­риканың Оклахома мемлекеттік уни­верситетіне жарты жылға тәжірибе алма­су­ға барғандағы көңілге тоқығандары әлі күн­ге дейін өзекті болып отырғаны таң­дан­дырады. «Америкалықтар өз елін шынайы де­мократиялы, еркін қоғам деп жиі айтады. Бір­ақ сол еркіндік тек темірдей тәртіптің, бел­гілі қағиданың аясында ғана. Пре­зи­ден­тінен бастап ешкім де заңға титтей де қай­шы келетін тірлік жасай алмайды. Тіпті, қа­рапайым халықтан гөрі басшының жолы жіңіш­ке ме деп қаласың. Оларға қойылар та­­лап тым қатал. Көпшіліктің көз алдында бо­­латын басшының қылаудай кемшілігі қат­ты сынға ұшырап, тезге салынып жатады».  Ғалымның көңілге түйгенімен қоса, там­санғаны көп. Лас-Вегас қаласында өт­кен бүкіләлемдік көрмеге барып «құдды бас­қа әлемнің есігін ашқандай сезінесіз... Бә­рі де қозғалыстағы ғажайып құбылыс, тірі процесс жатқан секілді», – деп онда қойыл­ған радио-телевизиялық құралдарға таң­дана отырып, әлемнің кез келген тілін­де сөйлейтін Робот-интеллекттің әрбір қи­мылдарын бағып, «жасанды ақыл ие­сі­нің» өздерімен сұхбат жүргізгендерін әсер­лі баяндайды.  Ал Канаданың Монреаль қаласында ЮНЕСКО-ның ОРБИКОМ ұйымына қа­рас­ты кафедра меңгерушілері бас қосқанда дү­­ниежүзілік коммуникация мәселелерін зерт­тейтін жиырма екі кафедра барын, со­ның екеуі ғана бұрынғы Кеңестер Одағы ау­мағында орналасқанын, яғни Мәскеу мен Алматы қаласында екенін атап өтеді. Со­нымен қатар өз ойын былайша түйіндейді: «Ерек­ше есімде қалғаны – аспанмен талас­қан сәнді үйлері, салтанатты сарайлары, атшаптырым павильондары бола тұра, ол елдің салтында сыйлы қонақтарды әуелі өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған та­рихи орында қабылдау дәстүрге ай­на­лып­ты. Әлгі ғимараттағы әр экспонаттың қа­дірін мейлінше асқақтатып көрсетуге ты­рысқанын аңғару қиын емес: «Өз-өзіңді жат­тай сыйла, жат жанынан түңілсін» де­ген осындай-ақ болар». Осы жерде ғалым Намазалы Омашевтің ең­бегі тек өз елінде ғана емес, шетелдің бе­­делді қоғамдастықтарымен мойын­дал­ға­нын да атап өтудің орайы келіп тұр.  Халықаралық өмірбаяндық орта­лық­тың шешімімен (Кембридж, Англия) 2001 жылдың 6 шілдесінде профессор Н.Омашев Ха­лықаралық Жыл зиялысы болып та­нылды.  2008 жылғы 3 қазанда Халық­ара­лық өмірбаяндық орталық (Кембридж, Анг­лия) Н.Омашевті ХХІ ғасырдың 2000 көр­некті тұлғаларының басылымына ен­гізген.  «Алдымызда тау көтерген толағайға лайық­ты талай жұмыс бар» депті ғалым бір сұх­батында. Мұнысы 2009 жылы ЕҰУ-ға ба­рып, Журналистика зерттеу институтын ашу алдындағы сөзі болса керек. Бұл тура­лы ғалым: «Журналистика ғылымының да бо­лашақ ұрпаққа қалдыратын дүниелері жет­кілікті еді. Алаш зиялыларының жер-жер­де, әр елде шашырап жатқан жазбалары­ның түпнұсқасын жинасақ, ұлттың тарихы сайрап шыға келмей ме? Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының проб­лемалары мен 30-жылдардың ойраны не­ден басталды? Еліміз неге мұндай қиын жағ­дайды бастан кешті?» – соны сол заман­ғы публицистикадан оқып, танып, бағамдау үшін ғылыми орталық қажет-ақ болды. Сөйтіп, Журналистика зерттеу институтын құрып, «Қазақ журналистикасы» деген ат­пен «Қазақ радиосы», «Қазақ баспасөзі», «Қа­зақ теледидарының» үш томдығын шы­ғардық. «Алаш көсемсөзінің» 10 том­дығы жарық көрді», – деген еді.  Намазалы Омашев дегенде Әлихан Бө­кей­хановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деген сөзі еске оралады. Не­ге дейсіз ғой?.. Өйткені қоғамды алға же­телеп, озық ойды іс қылмақ үшін білімді болу жеткіліксіз, ол үшін табанды мінез, құрыштай қайрат керек. Ғалымның қазақ жур­налистикасының тарихын қайта зер­делеп, өзінің айшықты қолтаңбасын қал­дыруы және биік мансаптың биігінен кө­рінуі осы сөзімізге тұздық болмақ.  Сонымен қоса өз кәсібіне ғана емес, қа­зақ болашағын тәрбиелеудегі әр ісіне ыж­даһаттылықпен қарап, адалдықты бас­ты ұстаным еткенін атап айтқымыз келеді.

Орынтай ОШАНОВА, ЮНЕСКО-ның  журналистика және коммуникация кафедрасының  меңгерушісі