Жаңа Зеландиядан жеткен жаңалық
Дәстүрлі музыканы зерттейтін әлемдік ұйымның Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновке елші мәртебесін беруін, Дүйсағаңның ғана емес, қазақтың дәстүрлі музыкасының, ғасырлардан мұра боп қалған киелі өнеріміздің асығы алшысынан түскен күн деп қабылдадық.
70 елден келген қатысушылар ұйымның басшылық құрылымына «ICTMD елшісі» жаңа мәртебесін енгізу туралы атқару кеңесінің тарихи шешімін ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл құрметті мәртебе Кеңестің мақсаттарын айқындауға елеулі үлес қосқан, мәдени мұраны сақтау және насихаттау жолында қажырлы жұмыс істеген және халықаралық аренада ICTMD ұйымының ықпалын күшейту үшін перспективалық жоспарларын ұсынған белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне беріледі. Бірінші жоғары мәртебе иегерлері ICTMD президенті (2013-2019), Лиссабон университетінің профессоры Сальва Каштелу-Бранка және ТҮРКСОЙ Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының Бас хатшысы (2008-2022), профессор Дүйсен Қасейінов болды.
ICTMD президенті Сванибор Петтан (Словения) үміткерлерді таныстыра отырып: «Д.Қасейіновтың жетекшілігімен ТҮРКСОЙ ұйымы бірқатар маңызды оқиғаларға қолдау көрсете отырып, ICTMD стратегиялық серіктесіне айналды: ICTMD 43-ші Дүниежүзілік конференциясы (2015 ж., Астана); 33-ші ISME Дүниежүзілік конференциясы (2018 ж., Баку), дәстүрлі музыканың халықаралық конференциялары, симпозиумдары мен фестивальдері осы сөзімізге дәлел бола алады.
Д.Қасейіновтың халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми жобаларды қолдауға, түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтауға және оны әлемдік мәдени кеңістікте танытуға бағытталған санқырлы қажырлы қызметі ICTMD мақсаттары мен миссиясын ілгерілетуге елеулі үлес қосты» деді.
Д.Қасейіновтың кандидатурасын Атқару кеңесі мен конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдады. Оның ICTMD Елшісі лауазымына сайлануы мәдениет пен өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстан мен Түріксойға мүше басқа да елдердің маңызды рөлін көрсетеді».
Былтыр Дүйсен Қорабайұлы жайында «Консерватория ректоры» деген бір мақала жазып едім. Сол мақалада Дүйсен ағамыз өнеріміздің өркендеу жолында үлгі тұтарлық еңбек жасағанын айта келіп, ICTMD Халықаралық кеңесіне халқымыздың дәстүрлі өнерін таныстырғанына ерекше тоқталып едім. «ICTMD ұйымы қандай ұйым, жалпы адамзатқа не береді, немесе, қазақтың дәстүрлі өнерпазы мен өнертанушылары үшін оны білудің маңызы қаншалықты?» деген сұрақтарға қал-қадарымша жауап жазуға тырысқанмын. Мақалада былай делінген: «ICTMD – 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Дәстүрлі музыка мен би жөніндегі Халықаралық кеңес. ЮНЕСКО-мен ресми кон¬сультативтік байланысы бар әлемнің әр¬түрлі елдерінде ұлттық комитеттері құрылған үкіметтік емес ұйым. Ұйым құрамында музыкатану ғылымында орны бар, беделді зерттеуші ғалымдар, сонымен қоса АҚШ, Аустралия, Латын Америкасы, бірқатар Еуропа, Африка және Азия елдерінің университеттері профессорларымен бірге 90-нан астам елдің ірі ғылыми орталықтары мен ұйымдарының жетекшілері қызмет істейді. Бүгінгі таңда ICTMD ұйымы – әлемдік этномузыкатанудың бойына қан жүгіртіп, жүйелі түрде зерттелуін қамтамасыз ететін бағыттаушы әрі ұйымдастырушы бірден-бір орталық. 2015 жылдың 16-22 шілдесі аралығында Астана қаласында өткен ICTM дәстүрлі музыка және би бойынша Дүниежүзілік 43-форумды ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрлік¬тері бірлесіп ұйымдастырды. Осылайша, қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениетін әлемдік деңгейдегі ғылыми ортаға таныстырудың мүм¬кіндігі туды десе де болады.
Ұлт үшін жасалып жатқан игі істің басында тұратын тұлғалар болады. Жалпы алғанда дәстүрлі өнерді зерттейтін әлемдік ұйымға қазақ баласын жетелеп, ICTM халықаралық кеңесіне халқымыздың дәстүрлі музыкасын таныстырып, шет мемлекеттерден келген 600-ден аса музыкатанушы ғалымдарға көшелі өнерімізді көрсетіп, ұлт өнерінің қаймағы дейтіндей өнерпаздарымызды дүбірлі додаға салып жүрген – өнер мен музыка саласының ірі ұйымдастырушысы Дүйсен Қасейінов. Біздің зерттеушілер арасында дау туғызып жүрген «дәстүрлі музыка» терминінің де түп-төркіні осы ICTM халықаралық кеңесімен байланысты болса керек. Ұйым 1947 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылғанда Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес деген атау алған. Бұл Дүйсен Қорабайұлының ТҮРКСОЙ Бас хатшысы қызметін атқарып жүргендегі жасаған еңбегінің бір ғана мысалы» деген едік.
Тоқ етерін айтқанда дәстүрлі музыканы зерттейтін әлемдік ұйымның Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновке елші мәртебесін беруін, Дүйсағаңның ғана емес, қазақтың дәстүрлі музыкасының, ғасырлардан мұра боп қалған киелі өнеріміздің асығы алшысынан түскен күн деп қабылдадық.
Белгілі ғалым, түрколог Асқар Тұрғанбай фейсбук парақшасында «Дүйсен Қасейінов – қазақтан шыққан әлемдік аренадағы ең танымал мәдениет саласының менеджері екені анық. Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық ұйымының (ICTMD) Халықаралық Кеңесі оның осы еңбегін ескеріп Халықаралық ұйымның елшісі етіп сайлапты. Ұлт тарихында бұрын соңды қазақ баласы қол жеткізбеген кезекті жетістігіңіз құтты болсын, Дүйсен аға!» депті. Ал, өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай «Бергісі қазақ, арғысы Түркі дүниесі мәдениетімен өнерін әлемге талмай насихаттап даңқын жаһанға жайған ардақты Дүйсен аға, мәртебеңіз құтты болсын» деген екен.
Расында, сонау 80 жылдардың бел ортасынан бастап мәдениетімізге қалтқысыз қызмет етіп жүрген бір адам осы Дүйсен ағамыздай ақ болар. Әуелі өз елінде дәстүрлі өнерінің босағада қалмауын қолға алған аяулы ағамыз енді төл өнеріміздің әлемнің төрінен орын алуын көксегені анық. Абыз ағамызға еңбегі жемісті болғай демекпіз!
Күйші, өнертанушы Қайрат АЙТБАЕВ