Несібеңді адал жолмен тапқанға не жетсін?! – 22 жылдан бері көлік жөндейтін келіншек
Тұрақты клиенттерім үнемі өздері іздеп, келіп тұрады.
«1977 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қыркенсе ауылында дүниеге келдім. Отбасында сегіз ағайындымыз. 1994 жылы Қыркенсе мектебін бітіріп, Түркістан қаласына тігіншінің оқуына түстім. Оқуды бөле ағамның үйінде жатып оқыдым. Бөлем баласы Бақытжанмен бірге көлік жөндеп жататын. Оқудан үйге келгенде екеуінің қасында жүріп темір тұлпардың қыр-сырын түсініп, жөндеуді үйрене бастадым. Диплом алған соң 2002 жылға дейін базарда сауда жасадым. Бірақ бәрібір болмады. Автокөлік жөндеуге түбегейлі бет бұрдым. Өзімнің туған ағам Әлиасқардың жанында жүріп, айтқанын ұғып алып, көлік жөндеуге кірістім», – дейді өзі.
Тұрақты келетін клиенттері Айзаданы «Айка» деп атап кеткен. Қазір бөле ағасының көлік жөндейтін орталығында бірлесе жұмыс істейді. Кез келген көлікті қалпына келтіріп, қажет болса «диагнозын» да қойып береді. Темірдің тілін тапқан маманның қолынан келмейтіні жоқ.
«2012 жылы машиналарды компьютерге түсіруді үйрендім. Қазір көлікті бірден компьютерге түсіріп, ауруын анықтап береміз. Диагноз қойып, не істеу керегін айтамыз. Әрі қарай жөндетсе жөндеп береміз. Жөндетпесе, көлікті алып кетіп өздері жөндейді. Жөндеп алып келген соң дұрыс жөндеген-жөндемегенін қайтадан тексеріп береміз. Жұмысымды жақсы көремін, нанын жеп отырмын. Адал еңбек, маңдай термен келетін табысым өзіме жеткілікті. Бірінші – осы кәсіптен несібе берген Жаратқанға, екінші – осы кәсіптің қыр-сырын үйреткен ағама рахметімді айтамын. Несібеңді адал жолмен тапқанға не жетсін?! Тұрақты клиенттерім үнемі өздері іздеп, келіп тұрады», – дейді Айзада.