«Таиландтан келген сәлемдеме»: Астанада студент 8 жылға сотталды
Шетелден келген сәлемдемені алған студент ұсталды.
Соттың мәліметінше, студент Telegram мессенджері арқылы тыйым салынған заттар қоймасына жұмысқа орналасқан, деп жазды turkystan.kz. Осыдан кейін оның атына Таиландтан Қазақстанға пошта арқылы 998 грамм кептірілген марихуана жіберілген. 2024 жылдың 6 тамызы күні студент өз атына келген сәлемдемені "Қазпошта" филиалынан алып кеткен. Ол есірткіні дозаларға бөліп, кейін сату мақсатында заңсыз сақтау үшін пәтер жалдаған. Алайда сол күні-ақ оны полицейлер ұстап, үйін тінту кезінде 998 грамм кептірілген марихуана тәркіледі. Сот үкімімен сотталушы Б кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.