«Кел, шәй ішейік»: «Жастар Рухы» белсенділері коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсетті
Еріктілердің ыстық шайы мен жылы сөзі жұмысшыларға ерекше қуат пен жақсы көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.
«Біз кез келген ауа райында қаламыздың тазалығын қамтамасыз ететін адамдарға алғысымызды білдіргіміз келеді. Олардың еңбегі кейде еленбей қалуы мүмкін, бірақ ол өте маңызды. Коммуналдық қызмет жұмысшыларын қолдай отырып, біз еңбек адамының қадірін арттырудың маңыздылығын көрсетеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, біздің қоғамдағы еңбекқорлық пен кәсібиліктің құндылықтары әрқашан бірінші орында тұруы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады», – деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс басқармасының басшысы Інжу Жұмайқызы.
Еріктілердің ыстық шайы мен жылы сөзі жұмысшыларға ерекше қуат пен жақсы көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз.
«Мен Қостанай қаласында он жылдан бері аула тазалаушы болып жұмыс істеймін. Қыс мезгілінде қар мен аяздан қиындықтар туындайды. Бірақ осындай акциялар жүрегімізді жылытады. Өз еңбегіңнің бағаланатынын сезіну – ерекше сезім», – деді Жібек Сабырханқызы.
Айта кету керек, өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған мүшесі мен «Жастар Рухы» белсенділері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен алаңдарды, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартуда. Бүгінгі күні ел бойынша 90 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 50 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар өткен жазда «Жастар Рухы» жастар қанаты Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық road-эстафетасын ұйымдастырды. Бір апта ішінде 2 мыңға жуық адам «Астана – Алматы» тас жолын қоқыстан тазартты.