Суретті шамадан тыс өңдеу жүйкеге кері әсер етеді – зерттеу
Instagram мен Snapchat секілді әлеуметтік желілерде кеңінен қолданылатын фильтрлер адамдарды қоғамда қалыптасқан "сұлулық стандарттарына" бейімделуге итермелейді. Сонымен қатар, бұл фильтрлер адамдарға өздерінің түр-әлпетін шынайы өмірден гөрі тартымды етіп көрсетеді.
Дәстүрлі әлеуметтік салыстыру теориясы адамдардың өздерін басқалармен салыстыру арқылы бағалайтынын түсіндіреді. Алайда, зерттеушілер сұлулық фильтрлерінің жаңа динамика енгізетінін атап өтті: бұл өзіңнің нақты бейнеңді өзгертілген, идеалдандырылған бейнеңмен салыстыру. Мұндай әлеуметтік өз-өзімен салыстыру әлеуметтік желілердің теріс психологиялық әсерін күшейтуі мүмкін.
«Бірнеше жыл бұрын TikTok-та адамдардың кеңейтілген шындық технологиясын қолданып, денелерін үлкенірек немесе кішірек етіп өзгертетін трендін байқадым. Бір әйелдің өз бейнесін цифрлық түрде кішірейткенін көрдім. Ол осы өзгертілген бейнесін өзіне ұнамды дене ретінде сипаттап, салмақ жоғалтуға мотивация ретінде қабылдады», – деп түсіндірді зерттеудің авторы, Миссури университетінің докторанты Макензи Шредер.
Зерттеуге 19 бен 66 жас аралығындағы 187 адам қатысқан, олардың көбі әйелдер болған. Қатысушылар үш топқа бөлінді: 1. Өз суретін арықтататын сұлулық фильтрі арқылы өзгерткендер; 2. Басқа адамның дәл сол фильтрді қолданған видеосын көргендер; 3. Сырт келбетті өзгертпейтін бейтарап фильтрді қолданғандар.
Қатысушылар алдымен дене бейнесі мен әлеуметтік желілерді пайдалану туралы сауалнама толтырды. Содан кейін белгіленген фильтрлерді пайдаланды немесе бақылап көрді. Өздерін өзгерткен қатысушылар фильтр арқылы беттерін тарылтып, сырт келбетін жақсартты. Эксперименттен кейін қатысушылар өз-өзіне қатысты жағымсыз ойларды, салмақ жоғалтуға деген ұмтылысты және фильтрленген бейнені нақты бейнеден артық көретінін өлшейтін сұрақтарға жауап берді.
Нәтижесінде, денені арықтататын фильтрді қолдану басқа адамның фильтрді пайдаланғанын көруге немесе бейтарап фильтрді қолдануға қарағанда әлдеқайда теріс әсер көрсеткені анықталды.
«Арықтататын сұлулық фильтрлері адамның өзінің шынайы бейнесін цифрлық түрде өзгертілген бейнесімен салыстыратын әлеуметтік өз-өзімен салыстыру процесін ушықтырады», – деді Шредер. «Мен бұл зерттеуді ары қарай қоғамдағы фатфобия (арықтыққа артықшылық беретін және толықтыққа деген теріс көзқарас) призмасымен зерттеу маңызды деп санаймын», – деп қосты ол.
Зерттеу «Цифрлық түрде жасалған сұлулық: арықтататын фильтрлердің дене бейнесіне, салмақ жоғалтуды қалауына, өз-өзін объективизациялауға және фатфобияға әсері» деп аталады. Авторы – Макензи Шредер мен Элизабет Бехм-Моравиц.