Жас әдебиетшіге хат
Қаламгер болуды армандаған адамның ең жақын досы – кітап. Әсіресе, жастық шақта, бала кезде оқыған кітап шұғыласы санаға басылған таңбадай алауын өмір бойы шашады. Бірақ өзіңізге ең қажетті кітапты табу өте қиын. Кітап – үйретуші, ең ұлы ұстаз, сондай-ақ күйретуші де.
Қаламгер болуды армандаған адамның ең жақын досы – кітап. Әсіресе, жастық шақта, бала кезде оқыған кітап шұғыласы санаға басылған таңбадай алауын өмір бойы шашады. Бірақ өзіңізге ең қажетті кітапты табу өте қиын. Кітап – үйретуші, ең ұлы ұстаз, сондай-ақ күйретуші де. Егер бала кезіңізде жөні дұрыс кітап оқымасаңыз, күлдібадам дүниені пір тұтып, солардың желікпесімен кетсеңіз, ол Сіздің тұнық ойыңыз бен мөлдір эстетикаңызды лайлайды. Санада қалыптасқан таным табынан құтылу ұзақ процесc. Айлар, күндер ғана емес, жылдар кетеді. Бала кезіңізде, ең алғаш қолыңызға қалам алғанда еліктеген, тамсанған, таңырқаған дүниелеріңіз күндер мен айлар, жылдар өте келе түкке тұрмайтын дүние екенін сезесіз. Сол шақта жақсы дүние оқыған болсам ғой, ана автор емес, мына автор, ана шығарма емес, мына шығарма, ана кітап емес, мына кітап қолыма тигенде ғой деп өкінуіңіз мұнда тұрған іс. Бұл өкініштің өзі қайырлы, өкінбейтін, әуел бастағы сана соқпағымен тура тартатындар көп, оларға ештеңе көмектеспейді: университет те, әдеби орта да... Бәлкім, солай болғаны да дұрыс шығар.
Мен мынаны оқы, мынаны оқыма демес едім, әр заманның өз сұрқылтайы мен құндылық жаратар қуатты дүниесі бар. Бірақ әлемге танымал, уақыт сүзгісінен өткен классикалық шығармалардың «базары» тарқамайды. Оны естен шығармаған жөн. Дегенмен қаламгер болатын адам мың жылдық әдебиетті түгел қопарып отыра алмайды. Оған уақыты да жоқ. Бұрынғы классикалық шығармаларды ақтарыңыз, оқыңыз, бірақ оған қатып қалмаңыз, томдықтардың түбінде жатып ұйықтау – Сізге жараспайды. Осыған дейін әдеби әлемнің игеруге тиіс құпияларын бүгінгі заманауи романдар жаңартып, толықтырып, жетілдіріп, керегін алып, керек емесін екшеп үлгергенін ескергеніңіз жөн. Сондықтан, бүгінгі заманауи құндылық призмасынан қарай отырып, өзіңізге ең жақын авторларды іздесеңіз, уақыт та жоғалтпайсыз және өз жолыңызды ертерек табуыңыз жеңілдей түспек.
Қазір ақпараттың заманы. Сізге таңдау мен талғап оқудың қиындығы жоқ. Дегенмен осы таңдау құқы берілсе де, жарнамасы «жарып тұрған» түкке алғысыз шығармалар көп кезігеді. Олардың бәрінен айналып өт демейміз, оқы, дәмін тат, сырлас, бірақ «үйрен де жирен». Солай ете алсаңыз, онда Сізге Құдайдың қарасқаны. Нашар деген шығарманың өзінен бір нәрсе үйренуге болады, өйткені ол да жазу машақатын бастан өткерген. Туындыгер толғанады, ойланады, демек, қандай да болсын ескерер, түйер дүние кезікпей тұрмайды. Әйткенмен, «аттап өту» мен «көп айналмауды» қаперден шығармаңыз. Сізге қажетті шығарма – жылдар өте қайталап оқуға шақыратын, әр оқыған сайын шабыт сыйлап, терең ойға жетелейтін, әр жолы жаңа кеңістік ашылып, жұмбағымен баурайтын дүние. Мысалы, Цвейгтің «Бальзак» романын оқысаңыз, бойыңызға қайрат құйылады, оның «қаша жүріп жазып, жаза жүріп қашқанын» елестетсеңіз, көзіңізге жас үйіріледі. Памуктің ізденісі туралы деректерді ақтарсаңыз, «бұлай ету мүмкін бе?» деп ойлайсыз. Сізге қиялыңызды ұштап, табандылығыңызды қалыптастыру үшін әлдебір коучтың лекциясын тыңдаудың керегі жоқ. Ұлы қаламгерлердің бәрінің өмірі мотивацияға толы...
Әдебиет танымал болуды армандайтындардың жолы емес. Әдебиет майданында ерте танылғандардың бәрі демейік, көбі – уақытша танымалдықты малданатындар. Жылтыр шығармалардың дәурені қай уақыт болса да елден бұрын жүреді. Сізге ерте танылу, елді аузына қарату керек болса, оның жолы қазір өте оңай, тіпті, әдебиетші болудың қажеті шамалы... Ал шын асыл кітап – тұтас жаратылысынан нұр тамған мәтіндер жинағы. Мәтінсіз дүние жоқ. Сіз қазір ақ парақсыз. Осыған дейін таза мәтіндер санаңызға жазылды. Енді ақ параққа мәтіндер құйылады. Ішінде мәтіні жоқ адамдар бар. Қате. Кез келген адам – мәтіндер жиыны. Оның қандай мәтін екенін ішіңіз білсін. Ішінде дұрыс мәтіні жоқ адамнан аулағырақ жүрген жөн шығар. Болашақта дос таңдар болсаңыз, оған мәтін ретінде қараңыз. Мұның ішінде қандай мәтін бар деп ойлаңыз, сонда болашақ досыңыздың кім екенін мөлшерлеуіңе болады. Егер адамды мәтін ретінде елестете алсаңыз, онда көп дүниені ақтарып, алға басасыз, шығармашылықта жаңа белестерге көтерілуіңіз жеңілдей түседі. Мәтін – әлемдегі ең құпия әрі ең қызықты материя. Оны оқымақ ләзім. Оны тудырмақ ләзім. Оның құпиясын игеруге, ашуға құмар болмақ ләзім.
«Білімсіз тұтқан оразаң да, оқыған намазың да – тұл». Адам – мәтін дедік. Демек, мәтінді оқу үшін білім керек. Әдебиет – адам туралы мәтін, демек, мәтін туралы мәтін. Адамның (кейіпкердің) мінезін, болмысын, танымын, түйсігін жазу үшін Сізге білім керек. Өйткені, әдебиеттің міндеті – Адамның болмысы туралы жырлау. Мәтін ішіндегі мәтінге үңілу. Қазір білім алу оңай, алайда оны ұстап тұру қиын. Оқу оңай, тоқу қиын. Ақпараттың тасқыны. Жаңа технология. Сізге көмектесетін де, алдаусыратын да ноу-хаулар көп. Солардың сырын білмекке, оларды жеңбекке яки игермекке ұмтылып, бір өміріңіз өте шығуы да ықтимал. Қаламгер болатын адам әрбір технологиялық жаңалықпен жарысып өмір сүре алмайды, оған уақыты жоқ. Оның бәрінің құпиясын сезем деп артына ілессеңіз, сол ноу-хаулардың тұтқынына түскеніңіз. Білім алу – технологиямен жарысу емес, ChatGTP-мен бәсекелесу емес, өзіңе керекті құнды ақпаратты солардың көмегімен игеру. Технологиядан бас тартпаңыз, кері итермеңіз, Хайдеггердің техникаға қойған сұрағын қайталап қоюдың қажеті жоқ. Тек олардың иіріміне түсіп, мың-сан құпиясын әдебиетпен байланыстырам деп әуре-сарсаңға бой алдырмаңыз. Әдебиетшіге жоғары математиканы, нанотехнология ілімін, кванттық физиканың теориясын дәлелдейтін физикалық теңдеулерді игеру қажет емес, олар туралы ең негізгі философиялық тұжырымдардан ақпараты болса, жеткілікті. О, онсыз да Сіз оқуға тиіс дүние көп. Одан гөрі мәдениеттануды, тарихты, этнографияны, осы салалардан өрбіген бүгінгі заманауи ғылымдарды оқысаңыз, құба-құп. Пәнаралық танымдық еңбектер қашан да ұғымыңызды кеңейтеді, рухыңызды серпілтеді. Гуманитарлық ғылым – бүгінгі адамзат үшін ең қажетті ілім. Адамзат технологияны игермеуден кеш қалып, кенде соғып жатқан жоқ (жеке елдер мен халықтарды емес, тұтас адамзат өркениетін айтам), керісінше, гуманитарлық білімді кері итеруден жапа шегіп келеді. Адамзатқа «Мен кіммін?» деген сұрақ мәңгі қойылады. Бұл сұраққа жауап іздеуді тоқтатқан күні ақырзаман болатын шығар... Философия – «мен кіммін» сұрағынан өрбиді. Әдебиет те осы сұрақ туралы толғанады. Гуманитарлық ғылым бұл сұрақтың мәнін терең түсінуге жол ашады. Жаратылыстану да бұл сұрақтың түп негізін шешуге ұмтылады. Ғаламның шексіздігін білген жан ол неге сонша шексіз деп сұрақ қойып, сонымен уақытын өлтірмейді. Адамның Марсқа, Айға ұшқаны ғаламат, тіпті, Жер шары секілді тағы бір планета тапса да жарасады, дегенмен бұл мына заузат ғалам үшін тозаңдай ғана іс-әрекет. Ғылыми фантастика жанрында көлемді шығарма жазамын десеңіз, онда мархабат! Ал адам туралы, оның болмысы, адам болып өмір сүрудің мәні мен мыңдаған жұмыр басты пенденің тағдыры туралы толғанғыңыз келсе, тым ғылыми бағытты ұстанбағаныңыз жөн-ақ дер едім. Жас қаламгер, Сіздің міндетіңізге кірмейтін жаңалықтарға аласұрып, оған ода арнап, қаламгер болған адам бәрін білуі керек дейтін жасанды лепеске әуес болмаңыз. Астрономияны аздап оқысаңыз, білген сайын білмейтініңіз көбейе түсеріне көзіңіз жете түседі. Паскалдың шексіздігін қуалап жете алмайсыз. Нейтрон мен электронның мың жылдық құпиясын ашу Сіздің міндетіңіз емес. Молекуланың «мағынасыз» қозғалысына бас қатырғаныңыздан Сізге келер түк пайда жоқ. Құс жолы секілді миллиардтаған жүйе бар екенін ұққан соң, Ғаламның жаратылысына бас ауыртып қайтпексіз. Мен заманауи жетістіктерге мән бермеңіз деп айтпайтынымды Сіз де түсініп тұрсыз. Менің айтпағым, шын әдебиет – тарих та, философиия да, ғылым да емес, әдебиет – әдебиет! Адамның құдіреті – адам болып жаратылуында. Оның басты құндылығы – Адам болып өмір сүруінде.
Әдеби орта – жас әдебиетшінің болашақ тағдырының көрсеткіші. Сіздің ортаңыз – танымыңызды ұштаушы фактор. Кіммен немесе кімдермен көп аралассаңыз, талғамыңыз да соған қарай қалыптанады. Әдебиетшінің саяқ жүруі қиын. Жастыққа албырттық тән. Олар бәрін біліп, көргісі, түсінгісі, сіңіргісі келеді. Әйткенмен, өмір бойы солай жүру мүмкін емес. Тойдың да тарқайтын уақыты болады. Дырдудың да діңкелетер кезі көп. Әдебиетшінің ең жақын сырласы – түптің түбінде өзі ғана. Өзімен көп сырласқан адам өзгені де ұғуға мұрсат табады. Дос көптігімен өлшенбейді, жалпы, достың көп болуы мүмкін емес. Әдеби ортадағы сырласың да сирей береді. Бірін тағдыр, бірін таным, бірін талғам жырақтатады. Ол қалыпты құбылыс. Кейбір «достарыңыздан» саналы түрде қоштасуыңызға тура келеді. Сөйткенде ғана, өз әлеміңізді, өз сүрлеуіңізді жасайсыз. Өзімен шын сырласпаған, өзіне шындап үңілмеген жаннан жасампаз шығуы неғайбыл. Жалғыздық – Құдайға ғана емес, жасампаздарға да жарасады. Жалғыздық – ізденістің кең өткелі. Әдебиетті топ жасамайды. Дегенмен жастық шақта, әлдебір күңгірт кафеде аңдаусызда айтылған ойлар мен тұжырымдар, шынайы сөздер мен оқиғалар шығармаларыңыздың жетілуіне әсер етуі де мүмкін. Солай болды екен деп, егделікке қарай аяңдаған сәтіңізде де сол әңгімемен өмір сүрсеңіз, шығармаңызда сол әңгімелердің арқауында өрілсе, онда өспегеніңіз ғой. Жиырма жыл бұрынғы досыңызбен кезігіп қалдыңыз делік, ол сол кездегі әңгімесін, сондағы көзқарасын тағы қайталап, соны жаңалықтай жарнамалап тұрса ше?.. Онда Сізді онымен жиырма жыл араластырмаған Тәңірге рахмет айтқаныңыз жөн. Асылы, сүлдері бүгінге жеткенімен, ой-танымы сол күйінде қалатын, өткеннің иірімінен малтығып шыға алмайтын жандар көп. Олар – бар болғаны әдеби персонаждар болуға лайық, дос-сырлас болуға емес. Мұным, бәлкім, қатал үкім шығар. Десе де, қаперіңізге салып ойланып көрерсіз...
Ақпараттық ағынмен бірге өмір сүру қаншалықты жеңілдегенімен, соншалықты ауырлап та кеткенін түсінерсіз деген үміттемін. Өнердің ең асылын көруге, тыңдауға, оқуға, зерттетуге мүмкіндік мол-ақ. Әдеби көзқарасы, танымы сәйкес келетін орта құру өте қиын. Сондықтан, әлемдік ақпараттың игілігін көре біліңіз. Ең мықты суретшінің картиналарын көріңіз, ең ерекше музыканы тыңдаңыз, ең керемет киноларды іздеп, тауып, содан ләззат алуға тырысыңыз. Білмесеңіз, өз айналаңызда жүрген өзге өнер саласынан дос табыңыз. Солармен сұхбат құрыңыз. Өз ортаңызды өзіңіз жаратыңыз. Ешкім Сізге шектеу қоймайды, ешкім Сізге бөгет болмайды. Ал ақпараттың Сіздің өміріңізге бір тиындық пайдасы жоқ тұтынушысы болсаңыз, өзіңізге де, өнеріңізге де қайыры жоқ дүниеге алдансаңыз, таңдау өз еркіңізде. Миллион рет оқысаңыз да пайдасы тимейтін дүниелер өте көп.
Шын әдебиетші – ғажап суреткер. Біз «суреткер» деген сөздің қандай ғажап ұғым екеніне көп мән бермейміз. Суреткер – адамның сыртқы бейнесін, табиғатты, жаратылыстың барлық құбылысын суреттеуші емес, шын суреткер – адам баласының ішкі сезімдерін, оның таңданысын, алқауын, қызығуын, қалауы мен қалшылын, үрейін, санасындағы жарақатын детальдар, қозғалыстар, оқиғалар арқылы бейнелеуші. Суреткер – құрғақ оқиғаны баяндаушы емес, оқиғаға дейінгі оқиғаны, кейіпкерді сол оқиғаға итермелеген әлдебір күшті, энергияны яки дертті көрсете білуші. Біз баяндауды суреткерлік деп тамсанып жатамыз, егер Сіз суреткер болғыңыз келсе, баяндаушы емес, байымдаушы болыңыз – оқиғаның салдарын ғана емес, себебіне сілтеме жасаңыз және оныңыз ашық мәтін қалпында жүрмесін, емеуірін, ишаралар, оқырманға тастар интригаңыз көп болсын. Суреткер – барлық оқиғаны өзі құрып, оның себеп-салдарын да өзі анықтап беруге, оқырманға дайын қорытынды ұсынуға тиіс емес. Егер оқырман оқиға қуып оқып және оның шешуін де туындыдан тауып алса, онда жадағай шығарма жазғаныңыз. Сіз әрқашан осы бір қарапайым ғана дүниені ұмытпағаныңыз жөн. Бір қарасаңыз, мұны шығармашылықпен айналысатын адамның бәрі білетіндей көрінеді. Шын мәнінде олай емес екенін айналаңыздағы шығармашыл тұлғалардың туындыларын ақтарсаңыз, тіпті кейде алғашқы сөйлемінен-ақ байқайсыз.
Мәтін тығыздығымен құнды. Бос сөз бен босаң қиял, болбыр оқиға – көркем шығарманың қас жауы. Кейде бір сөйлемге сыйғызар дүниеге бір бет арнап жатамыз. Өз ойымызды қызықтап, көл-көсір сөзді шығын етуге құмармыз. Мәтіндегі тығыздық – уақыт пен кеңістіктің ерекше үйлесімінен туады. Он бет оқығанда, бір роман оқығандай әсер сыйлайтын мәтіндер бар. 500 беттік романды оқып болғанда, он беттік әңгіменің жүгін көтермейтін, бас-аяғын қысқартып, екі минутта әңгімелеп беруге болатын дүние екенін түсінетін де кезіміз көп. Мұндай шығармаларды оқып болған соң, өзіңізді аяйсыз. Әсіресе, авторды. Есіл уақыт. Күш пен еңбек. Зая кеткен жүйке талшықтары. Еңбек еткен адамды аяй тұрып, еңбегі үшін іштей алғыс та айтарсыз, бәлкім.
Дүниеде заманамен бірге құндылық өзгереді. Бұрынғы құндылықтар, бір кездері адамзат ақыл-парасатының жауһар танымы саналған құндылықтар мен көзқарастар уақыт өте келе сол адам баласына қарсы жасалған қылмыс болып шығуы да ғажап емес. Тарихи шығармаларды оқи отырып, «бұрынғылар осылай ойлады ма? Мұндай қатыгездікті қалай ақтап отыр? Осынша ұлтшыл, нәсілшіл болар ма?» деп таңғалмасаңыз, онда Сіздің де сол таныммен өмір сүргеніңіз. Сіз, мысалы, өз ұлтыңызды жақсы көргеніңіз соншалық, әлдебір басқа ұлтқа іштей өштігіңіз болса; Сіз, мысалы, белгілі бір жерді мақтан тұтып, өзге жер туралы қыңыр пікірге иек артсаңыз; Сіз, мысалы, белгілі бір әлеуметтік (яки, саяси) топты қолдап, сол топқа қарсы көзқарастағыларды өлердей жек көрсеңіз; Сіз, мысалы, өз Анаңызды шексіз құрметтегеніңізбен, жалпы әйелдің «еркектің қабырғасынан» жаралғанына иланып, соны үнемі ойыңызда сақтап, өзіңізден бір қадам артта жүруін талап етсеңіз; Сіз, мысалы, толерантты қоғамды кекесінмен әжуа етіп, макиавеллилік философияның артықтығы барын мадақтасаңыз; Сіз, мысалы, біздің халықты басқару үшін авторитар режим керек деп, демократия бізге жараспайды деуге бейім болсаңыз; Сіз, мысалы, хақ дін тек Ислам деп, өзге сенім өкілдеріне өшпенді көзбен қарауды өзіңізге парыз санасаңыз; Сіз, мысалы, «мен бұл жүйені ұнатпаймын, бірақ келісіммен күн кешем» деуді өз принципіңіз деп ұқсаңыз, онда бір нәрсені дұрыс түсінбегеніңіз: Адамды Адам ретінде қабылдауды, бағалауды үйренбегеніңіз... Мұндай кері таным қанша гуманистпін деп өзіңізді алдасаңыз да, шығармаларыңыздан бәрібір көрініп қалады. Бізде дәл осы електерге салсаңыз, көптеген шығарма құнсызданар еді. Әрине, өз уақытына қарай жазылғаны авторын ақтаса да, кейінгі ұрпаққа берер пайдасынан ішкі түзіліміне, ой қағидатына кесірі де тиетін шығармалар көп. Коммунистік жүйені жанын салып қорғаған және соны жырлаған қаламгерлердің томдықтарын сілкісеңіз, көбі «тарихи парақтар» деңгейінде ғана қалуы кәдік, өйткені, Сізге, айналаңыздағы өзіңіз құралпылас жастарға оларды оқудың қажеті жоқ дер едім. Уақыт елегінен өткендері ғана болашақта оқыла бермек. Сізге мынаны айтқым келеді: Сіз не жазсаңыз да уақыт елегінен өтетін, кейінгілер оқыса да адаспайтын дүние жазуға талпыныс жасаңыз. Әрине, ондай шығарма жазу қашан да қиын.
Көлемді шығарма, мейлі проза, мейлі поэзия болсын, қаламгердің қарымын, ойлау жүйесін, машығын, төзімін, өмір туралы танымын айқындайды. Көлемді шығарма – буырқанған теңіз секілді, онда мыңдаған тіршілік иесі күн кешеді. Байқап қарасаңыз, айналаңыз толы кейіпкер екенін, кез келген ұсақ оқиғаның артында ірі сюжеттер жатқанын білу қиын емес. Қазір шағын романдар трендте. Жаспын демеңіз, роман яки поэма жазып көріңіз. Құлаш сермеңіз. Машық жазу арқылы қалыптасады. Бір оқиғаны он қаламгер он түрлі жазады. Оның түйсінуі, көруі, көзқарасы, танымы – өз шығармасының өн-бойында тұрады. Сол үшін қаламыңызға серт етіп, жазып көріңіз. Өйткені, жазу – өмір сүру. Жазу – қозғалыс. Жазу – процесс. Жазған адам қиналады, шығармашылықтың бір өткелінен екінші өткеліне жетуге асығады. Жазу процесі – оқу процесі. Жазған адам, көлемді дүниені жазуды мұғдар еткен адам көбірек оқиды. Ол Орханды, Фоссены, Мо Янды, Хан Гаңды оқиды. Бұрын оқыған, қайталап оқуға асығады. Оқи отырып, жазады. Толстойды, Достоевскийді, Камюді, Кафканы қайта қарайды. Оқиды, жазады. Бір шығарма жазу үшін жүздеген кітапты ақтаруы мүмкін. Мұндай сәттегі оқу – ең пайдалы оқу үрдісі. Теориялық еңбектерге де үңіліп үлгереді. Фрейдті білмесеңіз, кейбір психологиялық шешімдерді қате пайымдап, ойжота лағып кетуіңіз мүмкін. Асылы, жас әдебиетші, Сіз оқи жүріп, ізденесіз, іздене жүріп жазасыз, жаза жүріп көптеген көзқарастан бас тартасыз. Кейіпкеріңізбен сырласқаннан артық ләззат жоқ. Содан артық дос таппайсыз. Сізге айтар кеңесім, кітап сөреңізде мыңдаған кітап болуы міндет емес, өзіңізге шабыт сыйлайтын он кітап болса жеткілікті. Ал ол он кітапты іріктеу үшін қанша кітап оқитыныңыз тек өзіңізге ғана мәлім. Кітап сөреңіз бос тұрмасын.
Мен бұл хатты ақыл айту үшін жазды деп ойламауыңызды сұраймын. Мен Сізге хат жаза отырып, өзіме де хат жаздым. «Мен кіммін?» деген сұрақты әлденеше рет өзіме қойып үлгердім. Хатым, әрине, жүйелі шықпады. Өйткені, жас әдебиетші, Сізге өзімнің ойға алған мына мәселелер туралы жазам деп жоспарлағам жоқ. Осы хатты жазу барысында ойыма келгендерін тізіп шықтым десем де болады. Айтпақшы, Сіздің жасыңыз нешеде? 13, 23, бәлкім, 43-те шығарсыз. Егер Сіздің де маған жазар хатыңыз болса, мен ерекше қуанар едім.
Сәлеммен, Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ