T-Newspaper

Секен Тұрысбек: «Домбыра күнін» мамыр айында өткізу керек

Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Күй деген киелі өнер. Ол жайдан-жай шық­пайды. Өнердің қасиеті де, қасіреті де бар. Қазақ «Күйінгеннен күй шығады» демей ме? Тарихқа қарасақ, талай күйлердің тууы­на өмірде көрген қиындықтар себеп болға­ны­на көзіміз жетеді.

Қазақ күй мен күйшіні әрқашан құрметтеген. Күйші елге келсе, оның күйін тыңдап, домбыраға әуес жастарын соңына ертіп, батасын алуға тырысқан. Күйші – дәуір тынысын дыбысқа сыйдырған өнерпаз болса, күй – жаратылыс мәтіні еді. Қос ішекте сорғалаған үнді пенде баласы ұйып тыңдайтын. Жаратылыс сырын әуезден аңдап, бас шұлғысып, бағзы дәуірлерді еске алатын. Бүгінгі күй мен күйшінің халі қалай? Күйден жырақтап кетпедік пе? Күйшісін сыйлайтын қасиетіміз қалды ма? Осы сұрақтар төңірегінде толғатып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек ағамызға қоңырау шалып, жолығысқан едік.

– Секен аға, сізбен өткен жылдың соңында сұхбат құрмақшы болғаны­мыз­да қолыңыз босамады, ел жаққа ба­ратыныңызды айтып, әңгімеміз кейінге шегерілді. Туған елге сапарыңыз қалай өтті?

– Иә, елге барып қайттым. Абай облы­сы­ның әкімі Қазақстанның Халық әртісі ата­ғын алғаныма орай елге келіп кетсеңіз, ха­лық­пен кездесу өткізсеңіз жақсы болар еді деп шақырған. Семейдегі Абай атындағы дра­ма театрында халықпен жүздесу болды. Елдің, әкімдіктің ықыласына рахмет, сыйлап көлік мінгізді. Содан соң өзім өскен Үржарға бар­дым. Өзім оқыған мектепте болдым. Ауыл­да мәдениет үйін салып жатыр екен. Сон­дай-ақ аудан орталығына да мәдениет үйін салғалы жатыр. Ол жақта «Көңіл тол­қы­ны» оркестрінің құрылғанына өткен жы­лы 30 жыл толды. Ал жұрт білетін «Көңіл тол­қыны» атты күйімнің жарыққа шық­қа­ны­на биыл 40 жыл болады.

– Өнерге ынтаңыз бала кезден оян­ған ба еді?

– Иә, музыкаға қызығуым бала кезде тың­даудан басталды ғой. Анамның бауыры, 24 жасында дүние салған Төлеубай деген на­­­­ғашымның домбырашылық өнеріне мек­тепте жүргенде қызығатынмын. Сосын Илал Әубәкіров деген нағашым, елуден өте бере дүние салды, ол да керемет өнерпаз болатын. Солардың әсері мені өнерге әкелді. Семейде оқуда жүргенде, консерваторияда білім алып жат­қан кезде ауылға барсам, үйге 10-15 ми­нут бөгеліп, амандық-саулық сұрасқан соң бір­ден Илал нағашыма баратынмын. Содан таң атқанша ән-күймен отыратынбыз. Енді қа­зір ол кісілер жоқ, ауылға барсам өзім оқы­ған мектепке кездесуде болам, сосын Ала­көлге соғам. Ауданда концертімді өткізіп қай­тамын.

– Мықты музыкант болу үшін терең бі­лім қажет екені белгілі. Білім алған жер­леріңіз, ұстаздарыңыз туралы да ай­та отырсаңыз.

– Семейде музыкалық училищенің 3-кур­сынан кейін Алматыдағы Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консер­ва­то­рия­сы­ның 1-курсына түстім. Белгілі дирижер, ком­­­­позитор Мәлгаджар Әубәкіровтың кла­сын­да оқыдым. Оны 1986 жылы бітірдім. 1987 жылы композиторлыққа қайта түсіп, Ер­кеғали Рахмадиевтің класында оқыдым. Үш жылдай оқығаннан кейін Еркеғали аға, «Се­кен, сен күй шығара бер, мен 6 опера жаз­дым, ешкімге керегі жоқ» деген. Кейін ме­нің Аят деген қызым да сол кісінің кла­сында оқып бітірді.

Еркеғали ағаның үлкен ерлігі – консер­ва­торияда қылқобыз аспабының класын аш­тыруы болды. Өзі консерваторияда рек­тор болып тұрған кезде Дәулет Мықтыбаевты, Жап­пас Қаламбаевты, Сматай Үмбетбаевты кон­серваторияға алдырып, сабақ бергізді. Әр­қайсысына үй алып беріп, жағдайын жа­сады. Соның арқасында бүгінде қылқобызды үйренушілердің қатары домбырашылармен бірдей деңгейге жетті.

– Күй өнері кез келгенге қона бер­мей­тін бекзат өнер ғой, сондықтан күй шы­ғару, күйші атану санаулы адамға бұйыратын бақ. Күйлеріңіздің шығу тарихы туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Мені елге танытқан «Көңіл толқыны» ат­ты күйім 1985 жылы жарыққа шықты ғой. Одан кейін «Ақ жауын», «Боздақ», «Өкініш», «Аруана» күйлері шықты. Сөйтіп, алғашқы 7-8 күйім халыққа тарағаннан кейін сол тұс­та бәсі жоғары Ленин комсомолы сыйлы­ғының иегері болдым. Содан бері, бәрін қос­қанда 16 күй жазыппын. Соңғысы  – «Се­кен­нің қоңыры».

Күй деген киелі өнер. Ол жайдан-жай шық­пайды. Өнердің қасиеті де, қасіреті де бар. Қазақ «Күйінгеннен күй шығады» демей ме? Тарихқа қарасақ, талай күйлердің тууы­на өмірде көрген қиындықтар себеп болға­ны­на көзіміз жетеді.

Менің Анар, Жанар деген екі қызым екі жа­сында шетінеп кетті. Екеуінен айырылған­да «Қос жұлдызым» деген ән жаздым. Содан кейін аз уақыттан соң «Көңіл толқыны» де­ген күйім туды. 1985 жылы Мәскеуде өткен дүниежүзілік ХІІ жастар мен студенттердің фестиваліне бардым. Қаланың сыртындағы орманда жүр едік, аяқ астынан жаңбыр құйып кетті. Бәріміз музыка ойнап, жастар би­леп жатқан, ағаштан салынған үлкен үй­шікті барып паналадық. Шетте тұр едім, бір кез­де шатырдан ағып жатқан жаңбыр суы­нан кішкене көлшік пайда болып, соған тамып жатқан тамшылар дыбысы ерекше бір ыр­ғақ ойнап тұрды. Домбыра алысырақ жер­дегі автобуста қалып қойған. Әлгі ырғақты іш­тей қайталап, миымда сақтап, автобусқа жет­кен бойда домбыраны қолға алдым. Еш­кім­мен сөйлеспей, айырылып қалмайын деп ойы­ма қона кеткен ырғақты домбырада қай­­­­талап отырдым. Қонақүйге жеткен соң оны нотаға түсіріп болып, уһ дедім. Сөйтіп, елге келгенше күйдің сұлбасын жасап, елге келген соң сағадан тартылатын жерін қосып, күйді бітірдім. Солайша, іште жүрген ой күйге айналды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына бел­гілі композитор Хасен Қожахметпен бірге алаңға барып, не болып, не қойып жатқанын өз көзіммен көріп, жүрегіммен сезіндім. Ол бір халқымыздың басына түскен қасіретті оқиға ғой. Сонда жазықсыз жазаланған қа­зақ жастарының көрген қиындығы кө­кіре­гіме шер болып құйылып, «Боздақ» деген күй шық­ты. 

– Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға бар­ғаныңызды айтып отырсыз. Қуда­лан­­бадыңыз ба?

– Желтоқсан оқиғасы болған тұста Ықы­лас атындағы Халық аспаптар музейіндегі «Сазген» ансамбліне жетекшілік жасайтын едім. 

Кеш түсіп, алаңда жүргендердің қарасы азая бастаған кезде әскерилер халыққа лап қой­ды ғой. Содан қашқан жұртпен бірге Лер­монтов драма театрының жанына жет­тім. Менің алдымда екі-үш қазақ қашып бара жат­қан екен. Мен де солардың ізімен жү­гір­дім. Ізімде үш-төрт солдат келе жатыр. Ме­нен қалар емес. Басымда бөрік, бетімді шарф­пен жауып алғам, әлдеқандай жағдай бол­са түрімді танып қоймасын деп. Содан Абы­лай хан мен Құрманғазы көшесінің қиы­лысына жеткенімде соңымнан ергендер алыс­тап қалды. Мініп кетейін десең бірде-бір так­си тоқтамайды, ол кезде таксистердің кө­бі өзге ұлт өкілдері ғой. Содан жүріп оты­рып, Сейфуллин мен Белинский көшесінің қиы­лысатын тұстың күнбатысындағы Се­льс­­кая көшесі, 23-үйде тұратын Таласбек Әсем­құловқа жетіп жығылдым.

Менің алаңға барғанымды білген му­зей­дің директоры, музейдің партия ұйымының хатшысы (қазір атын жұрт білетін М. деген ән­ші әйел), сосын комсомол комитетінің же­­­­текшісі, қылқобызшы жігіт – үшеуі үстім­нен арыз жазыпты: алаңға барған, онымен қоймай музей қызметкерлерін алаңға шы­ғу­ға үгіттеген деп. Содан маған «үш әріптен» бір орыс жігіт келді. Әлгі үшеуі тұр, «ал енді жауа­б­ыңды бер» деп. Содан музейдің екінші қабатына көтеріліп, кішкене бір бөлмеге ба­рып, маған не үшін келгенін айтып, жаңа­ғы үшеуінің арызын көрсетті. Арыздың ас­тын­да аттары тұр. Менен алаңға бардың ба деп сұрады. Барғанымды, көргенімді – бәрін айтып бердім. Ол мені тыңдап болды да, «ен­ді тыныш жүріңіз, әлгі үшеуіне үстіңізден арыз жазғанын білетініңізді сездіріп, қабақ шытпаңыз. Түк болмағандай жұмысыңызды іс­теп жүре беріңіз. Егер араларыңызда кон­ф­ликт болып, олар тағы арыз жазатын болса мен сізді ана жаққа шақырамын» деп тап­сырды. Оқиғаның бұлай жайбарақат бітуіне қоғам және мемлекет қайраткері Екейбай Қа­­шағановтың жұбайы Мархаба Керімқұл­қы­зының әсері болғанын кейін білдім. Ол кісі Халық аспаптары музейін басқарған еді. Күйеуі үш әріптің бастығымен таныс болуы керек, мені беделін салып қорғап қалған. О кезде Екейбай ағаның қайтыс болғанына бір жыл болған. Желтоқсан кезінде «үш әріп» алаңға шыққандардың тізімін жасаған ғой. Сол жаққа хабарласқан Мархаба апай тізім­де менің бар-жоғымды сұратқанда атым тұр­ғанын біліп, маған араша түскен. Сөйтіп, қудалаудан аман қалдым. Бірақ бірге істеген адамдардың қиянаты жүректе қалды. Сат­қындар қай кезде де табылады екен. 

Бір кезде әлгі үшеуі туралы бір сұхба­тым­да ашық та айтқам, бірақ оның жазықсыз жа­қындары жұрттың алдында жерге қара­ма­сын деп ертеңіне барып, өшіртіп тастадым.

– Бір кезде сіздің басшылығыңызбен «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» оркестр­ле­рі құрылып, өнер ұжымдары елге та­нылды. Сол оркестрлер жайында да ай­та отырсаңыз.

– Тұңғыш президент бір жүздескенімізде «Нұр­ғиса жөнінде пікірің қалай, күйлері жө­нінде не айтасың» деп сұраған. «Тілендиев ту­ралы ештеңе айтпаймын, ол – тірі аруақ» деп жауап бергем сонда. Сосын ол кісі оты­рып, «сен де өз оркестріңді құрсаң қайтеді» деді. Солайша, 1994 жылы «Ақ жауын» жеке оркестрі құрылды. 1998 жылы Назарбаев Аста­наға шақырды, кел, үй беремін деп. Мен ол кісіге оркестрді тастап бара алмайтыным­ды айттым. 2001 жылы Иманғали Тасмағам­бе­товке айтыпты, «ана Секенді шақыр, ор­кест­рімен келсін» деп. Сонымен оркестрдегі 28 адамның 21-і Астанаға барды. Қалған музы­канттарды сол жақтан алып, оркестрді толықтырдық. Уақытша Еуразия универ­си­те­тінде болдық. Барлық жағдай жасалды. Бір жыл­дан соң «Ақ жауын» мемлекеттік камера­лық оркестрге айналып, президент мәдениет орталығында жұмыс істей бастадық.

2016 жылы тамызда жер дауы болып жат­қанда, соның ортасына түсіп кетіп, қар­сы­лық білдірем деп жоғарыға жақпай қал­дық. Экс-президент «Мұны Астанаға ша­қы­рып, мемлекет қамқорлығына алып жүрсек, бізге қарсы екен ғой» деп ренжіпті. Сол кезде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлына мынаны құрт деген бұйрық берілген болуы керек, ол бізді мемлекеттік мекемеден шыға­рып тастады. Қолды бір сілтеп, Алматыға қай­тып келдім. 

Бірде Алматыда волейболдан бір турнир бол­ды. Турнир біткен соң тауда бір отырыс бо­лып, онда Олжас Сүлейменов, Аманкелді Шаб­дарбаев, Амандық Баталов, Ерсұлтан Бе­ктұрғанов ағаларымызбен бірге дастар­қан­дас болдым. Бәріміздің басымызды қос­қан Аманкелді ағамыз Секеннің күйін тың­дайық деп, біраз күй тартылды. Әңгімелер ай­тылды. Әңгімеден әңгіме шығып, 15 жыл­дай Астанада болдым, енді оркестрдің тағ­ды­ры анадай болды деп бәрін айтып бердім. 

Содан кейін Амандық Баталов ағамыз әзір­ге деп 15 адамға штат берді. Менде отыз адам. Бәрін ұстау үшін әрқайсысына жарты штат­тан бөліп бердім. Жарты жылдан соң ор­кестрге тағы 18 адам қосылды. Сөйтіп, мі­не бес жыл болды, «Ақ жауынды» жаңғыр­тып жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» оркестрлерінің құ­рыл­ғанына 30 жыл толды. «Көңіл толқыны» оркестрі Абай облы­сы­ның, Үржар ауданында құрылған өнер ұжы­мы. Аудан орталығында мәдениет үйі са­лы­нып жатыр, музыкалық колледж бар. Ол жақ­та талантты жастар көп. Жыл сайын өнер сайысы болып тұрады. Былтыр оған ау­дан көлемінен 3 мың бала қатысыпты. Сон­дықтан «Көңіл толқыны» оркестріне та­лантты жастарды тартып, репертуар жаңа­лау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Жыл сайын өтіп жататын Домбыра күні де жастардың ұлттық музыкаға де­ген ықыласын оятып, ынтасын арт­тыратын болса керек?

– Әрине, оның да игі әсері мол. Дегенмен өнер деген бапты қалайды, сондықтан оның дамуы үшін жағдай жасалуы керек. «Домбыра күні» мерекесі бар, тек ол күннің шыжып тұр­ған кезі – шілдеде өтеді. Соны мамыр айын­да өткізсе қолайлы болар еді. Домбыра ағаш­тан жасалады, ол күн ыстықта кеуіп, қаң­сып, үні бұзылады ғой. Баяғы бабалары­мыз жаздың күні ыстықта домбыра тартпа­ған, малды жайғап болып, кешкі салқында домбырасын қолына алған. Оның үстіне ол кезде домбыра ұстағандар аспабын киізден жасалған, ыстық өткізбейтін қабына салып сақтаған. 

– Қазір  күй шығарушылар көбейген сияқ­ты...

– Күйдің оңайлықпен тумайтынын өнер­ден хабары бар адам біледі деп ойлай­мын. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттер пәлен күй шығарыпты дегенді кей адамдар басқаша түсініп қалатын болса керек, күй шығарып жүргендердің көбі сапасынан гөрі санына қызығатын сияқты. Жүзге жуық күй шы­ғарғандар да бар. Бірақ оның не екенін кон­серватория бітірген сауатты музыканттар се­зе­ді ғой, кейде ана күйді анадан, мына күй­ді мынадан алыпты деген секілді әңгі­ме­лер болып жатады мамандар арасында.  Өткен ғасырды алсаңыз, Ахмет Жұба­нов­тың «Би күйі», Хабидолла Тастановтың «Би күйі» деген танымал күйлер бар. Олар сол күйді дүниеге келтіруге ұзақ толғаныстан кейін барған. Әйтпесе, олар көп күй шы­ғаруды білмеді дейсіз бе? Ахмет Жұбановтың қобызға арналған «Ария» шығармасының өзі не тұрады? Ғазиза Жұбанова апамыздың «қан­дай шығарма болса да ерекше әуен, саз болуы қажет, әйтпесе, оның несі музыка» де­ген сөзі көп нәрсені ұқтырса керек. Бертінде жазылған симфонияларды адам ұқпайды, отыра қалып, әйтеуір, оннан-мұн­нан құрап кітап жазған сияқты шығара сал­ғандай әсер қалдырады. Әйтпесе, кітап жазу үшін де көп оқып, көп сіңіріп, содан идея тауып, шабыттанып барып жазбай ма? Музыка да солай болуы керек қой! 

– Өнердің қай түрімен болса да шұ­ғыл­данатын адамдарға оңай болмай тұр ғой бүгінде...

– Жақсы музыка жазып жүргендер бар. Бір­ақ композитор жасаған туындысына қа­ламақы алмаса,  қалай үнемі тек шығар­ма­шы­лықпен шұғылдана береді? Сосын арзан тапсырыстарды орындауға мәжбүр болады. «Бұлбұлдың да тамағы бар» емес пе? Өнердің қадірі кетпеуі үшін шынайы өнерпаздарды тұрмыс қинамауы  керек. Нағыз өнер адамы той-томалақтың әншісі емес қой.

Бір кезде Құрманғазы оркестріне, «Оты­рар сазы» оркестріне жаңа музыка шығарып, партитурасын жазып, оркестр репертуарына қос­қандарға министрліктен арнайы қаржы бөлінетін. Жаңа музыкалардың өзін арнайы көркемдік кеңес қатал сыннан өткізіп барып қабылдайтын. Радиода, телевидениеде шығармалары орындалған адамдарға қаламақы төленетін. Қазір қарасаң, атақты оркестрлердің көбі баяғы репертуарларымен жүр әлі. Жазғанына қаламақы алмаса музы­кант қалай жаза береді?!

Кейбір белгілі әншілер жылына бір-екі рет концертін береді де, той-томалаққа ба­рып ақша табады. Қайтсін енді, бала-шаға бағу керек. Ән жазатындар да тойдың ың­ғайы­на қарап жазатын болды... Өстіп оты­рып қалай өсеміз, музыкамыз қалай дамиды?

Мәселен, мен айтып отырмын ғой, 16 күй жаздым деп. Соған бір тиын қаламақы ал­ды дейсіз бе? Әйтеуір, халықтың игілігіне ай­налғанына тәубе деп отырмыз. Әрине, баға­ланбай қалдым деп өкініп отырған жоқ­пын, 28 жасымда комсомол сыйлығын, 31 жасымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алдым. Ал ондай игілікке қолы жет­пе­ген таланттар аз емес қой. Шынайы өнер­паздың еңбегі бағаланбай қалғаннан жаман нәрсе жоқ.

– Атақ алу, сыйлық иегері болу өнер адам­дарына жарасады деп жатады ғой, оған көзқарасыңыз қалай?

– Атақ деген өнер адамына жарасады, әри­не. Елдің алдына шыққанда, шетелге бар­ғаныңда атақ, марапат дегеннен жұрдай бо­лып тұрсаң, ол да ыңғайсыз ғой. Дегенмен оның да реті, жөні бар. Өз саласына лайықты еңбек сіңіргендерді елеусіз қалдыруға бол­майды. Соны да ескеру керек. Жоғарыда қо­лым жеткен марапаттарды айтып отыр­мын ғой, соны да біреулер ерте алды деп әңгі­ме қылды. Содан кейін ондайдан аулақ жүру­ге тырыстым. 38 жасымда реті келіп тұр деп маған Халық әртісі деген атақ бергісі келгенде одан бас тартып, Құрманғазы оркестрінің концертмейстері, күйші Тұяқ Шә­мелов ағамыздың алғанын жөн көрдім. Ағамыздың жасы 60-қа таяп қалған, еңбегі бар. Оның үстіне сол кезде о кісінің баласы қайтыс болған еді. Басына анадай қайғы-қа­сірет түсіп жатқан ағаға рухани демеу бол­ғанын қаладым. Содан он шақты жылдан кейін дүниеден өтті. Уақытысында Тұяқ аға­ның Халық әртісі болғанына қуандым. Кейін ол атақты алып тастап, жақында ғана қай­та қалпына келтірді ғой, соған орай ол атақ бізге де бұйырды.

– Мына Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық аспаптары музейінде тұрған небір күйшілердің домбыраларының пі­шіні әртүрлі. Содан болар, домбыра аспабын бір қалыпқа түсіру үшін ака­демик Ахмет Жұбанов 1930 жылы ағайын­ды шеберлер – Эммануэль және Борис Романенколарды елге алдырып, дом­быра жасатқан екен. Қазір ағайын­ды Романенколар жасаған домбыралар жоғары бағаланады. Сізде де сол кісінің қолынан шыққан домбыра бар екен.

– Консерваторияда Жәнібек Кәрменовтің кла­сында оқитын павлодарлық Мақсұт деген жігіт «әкем бір домбыраны сандыққа са­лып сақтайды, шертіп көрейік десек, бұл күйдің домбырасы деп бермейді» дейтін. Сөй­тіп, бір күні алып келді. Оны әкесінен сұ­рап алды ма, үйінен ұрлап әкетті ме, әлде ақ­ша керек болды ма, білмеймін. Ол Рома­ненко жасаған домбыра екен. Ақшасын бе­ріп алдым. Қоңыр дыбысты ерекше домбыра еді. Он жылдай ұстадым. Радиоға да соның үнімен күй жаздырдым. Сол домбыраңның дауы­сы әлі құлағымызда деп домбыра жа­сайтын шеберлер де тамсанады.

1992 жылы Республика сарайында айтыс бо­лып жатты. Жүрсін Ерманов айтыстың арас­ында күй тартып бер деп шақырған. Со­ған барғанда домбыраны футлярына са­лып, сыртқа темекі тартып келуге шықтым. Қай­тып кеп, күй тартуға шықпақ боп фу­тляр­ды ашсам – домбыра жоқ! Сосын Жүр­сінге хабарласып, мені шығармай-ақ қойың­дар, домбырамды жоғалтып отырмын дедім. Бәрі жабыла іздегенмен табылмады. Алған адам қашып үлгерген. Оны әкеткен адамды шамамен білемін, бірақ ұстап алмаған соң сен алдың деп айта алмайсың. Жұрттың көбі де содан көреді. Қазір де бар, өзі композитор жі­гіт, ән жазады. Мені көрсе қашқақтап жү­ре­ді. Ырымдап алған шығар деп ойлаймын. 

Одан кейін Романенко жасаған тағы бір дом­быра қолыма түсті. Ана домбыра жоғал­ған соң Семейге бір барғанымда, Марат Толықбаев деген кісінің үйінде бір домбыра көрдім. Ілулі тұрған жерден түсіп кеткен болуы керек, домбыраның түбі жарылып, іші­не кіріп кеткен екен. Осылай жата берсе, көп ағаштың бірі болып, пештің көмейіне ке­тіп қалатын түрі бар. Домбыраның бетіне қа­радым да Романенконың қолынан шық­қан аспап екенін бірден білдім. Соны сұрап алып, белгілі домбыра шебері Жолаушы Тұр­дықұловқа әкеп жөндетіп алдым. Әлі күн­ге дейін ұстап жүрмін. Беті жұқарып ойы­лып бара жатса Жолаушыға апарамын, ол ойылып кете бастаған жерге ағаштың күл­дей ұнтағын салып, желімдеп береді. Ал ана кісіге костюм-шалбарын кигізіп, жақсы бір домбыра беріп жібердім. 

Романенконың жасаған домбырасы та­лай адамда болды. Біреуі Нұрғиса ағамызда бар еді, альт домбыра, мойны 46 сантиметрлік (қазіргі домбыралар 48 см ғой). «Ахмет Жұ­банов жасатып беріп еді» деп сахнада дом­быра­сын сүйіп қоятын. Бірақ анадай қоңыр үн жоқ, үні қатқылдау шығады. Нұрекеңнің неғып соған құмар болғанын білмеймін енді. Ол домбырасын «Дариға домбыра» дейтін. «Мархаба домбыра» дейтін де бір домбырасы болды.  Домбыра демекші, осы Халық аспаптар музейінде Әбікен Хасеновтің домбырасы болды. Музейде дүйсенбі күні тазалық күні болады, аспаптардың шаңын сүртіп, тазалап тұрады. Сондай кезде Әбікеннің домбырасын алып жарты сағаттай тартатынмын. Ол кез­де күйшінің «Қоңырымен» ауырып жүрген кезім. Мынаны алып, бір күні радиоға күй тар­тып жаздырсам деп жүргенмін. Соны ес­тіп қалған болуы керек, музейдің дирек­торы Нұржан деген кісі Секен мұны бір жерге апарып күй тартса, музейде аспапты лас ұстайды екен деп жүрер деп, бетін, мой­нын айнамен қырғызып, тазалатып тастап­ты. Әдеттегідей домбыраны шерткім кеп қа­ра­сам, ағарыңқырап қалған секілді. Тар­тып көрсем, баяғы үн, дыбыс жоқ. Аспаптың күйі кеткен. Содан ашуланып, сол кезде Мә­де­ниет министрінің орынбасары Әбіш Ке­кілбаев ағамызға барып, болған жайды айт­тым. Сөйтіп, он-бес күннен кейін музей­дің директорын жұмыстан шығарып жіберді. Кететін адам кетті-ау, бірақ ана домбыраны құртып кетті...

– Кейінгі кезде күйлердің, оның ішін­де төкпе күйлердің орындалуы жө­нінде әртүрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. Күй тез шертіледі, темп қосылып кет­ті дейді. Бұл мәселеге ойыңыз қан­дай?

– Шын мәнінде, күй тартушылар кейінгі кез­де техникаға салып жіберді. Үнге, дыбыс­қа, тербеліске мән беріле бермейтін болды. Неғұрлым тез тартылса, соғұрлым керемет шы­ғады деп ойлайтын болуы керек.  Бір кезде Рысбай Ғабдиев деген керемет дом­бырашы болды. Домбырасының үні, сау­сақ­тарының дыбысты ұстауы қандай кере­мет! Темп содан басталғандай. Ол кісі темп қуа­лайын деген жоқ, студияда күй жазыл­ған­да темп қосылып кетіп отырды. Неге де­сеңіз, күйтабаққа сыю үшін күй ықшам­дал­ған сияқты. Өзім де күй жаздырғанда бай­қағам оны. Сондықтан күйді тез тар­ту­дың шегі Рысбай ағаның орындауы деп білем. Одан әрі қарай тездетуге болмайды. Одан кейін тез тартуды Қаршыға Ахмедияров көр­сетті. Қазір тез тартуда Қаршекеңнің өзі да­лада қалғандай. Сосын айтарымыз, шертпе күй, төкпе күй деп алалауға болмайды. Бір жа­ғы кем, екінші жағы артық болса, күй да­мы­­май қалады. Консерваторияны бітірген­дер­­дің өзі шертпе күйді білсе, төкпе күйді жөн­деп игере алмай жатады. Бүгінде домбыраның бұрауы да өзгеріп кет­ті. Оркестрге лайықтап домбыраның шек­терін шыңғыртып бұрайтын болдық. Ди­на Нұрпейісова әжеміздің тартқан күй­лерін қарасаң, домбырасы бостау бұралған, қоңыр даусы балбырап тұр. Қоңыр үн деген қазаққа тән ерекше үн емес пе?  

– Домбыра үнінің өзгеруі туралы айт­қанда, мәселе оның ішектерінің ды­бы­сына да байланысты болса керек? 

– Әрине, ішек дыбысының да әсері бо­ла­ды. Қазір домбыраның ішегін жасаумен ай­налысып жатқандар да бар. Бірақ әлі де қа­зақы дыбыс өз бояуын таба қойған жоқ. Дег­енмен ол ізденіс те бір күні жемісін береді деп ойлаймын. Қазір немістің лескасы, жа­пон­ның лескасы дегенді тағып жүр ғой тап­қан­дар. Соңғысының үні тазалау. Олар­дың өзі ре нотасына дейін бұрауға келеді де, ары қарай босатсаң қомпылдап қалады. Таза үн шықпайды. Мен өзімнің домбырама бос бұрауға келетін ішекті Қытайда жасатып көрдім, до-ға, си-ге дейін бұрауға келетіндей етіп. Оны лескаға қоспалар қосу арқылы жа­саған, бірақ дыбысы жақсы шығады, қоңыр үн береді. Менің 13 домбырам бар, со­ларға салып тартқанда әлгі арнайы жа­сал­ған ішектің үні басқаша шығады. Бірақ оған басқалар үйренбеген, жаратпайды. Ал оны тап­сырыс болмаған соң көп қылып жаса­май­ды. Кейде домбыра сөйлемей тұрса, ол ішекке не тиекке байланысты болуы мүмкін. Өзім 30-40 тиек ұстаймын, Әрқайсысының өз орыны бар.

– Бізде әнге, термеге байланысты жа­­­­рыстар болып жатады. Неге күйші­лер­дің (күй орындаушылар емес) жары­сы жоқ? Күй шығаратындар өз туынды­ла­рын сынға салса болмас па еді?

– Бұл сұрағың өте дұрыс. Болашақта ой­да жүретін нәрсе екен. Күйшілер сайысы бол­са, ел жаңа күйлерді, жаңа күйшілерді тың­дар еді, таныр еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан  Ахмет ӨМІРЗАҚ