T-Newspaper

Кедейлік шегі қай жерде?

www.istockphoto.com

Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәй­кес, Қазақстан кейінгі 20 жылда кедейлікті азай­­туда айтарлықтай жетістіктерге қол жет­кізген. 2006-2021 жылдар аралығында елдің эконо­микасы жылына орта есеппен 4,7 пайыздық тұрақты өсім көрсетіпті.

1 қаңтардан бастап елімізде кедейлік деңгейі басқаша есептеле бастады. Еңбек министрлігінің бұйрығы бойынша кедейлік шегі ел тұрғындарының медианалық табысының 35 пайызы мөлшерінде анықталатын болды. Яғни, 100 мың теңгеден аз табыс табатындар кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, миллионнан астам азамат 54 мың теңгеге күн көріп отыр...

Желтоқсанның аяғында Дүниежүзілік банк пен Қазақ­стан­ның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агент­тігі бірлесіп дайындаған «Қазақстандағы кедейлік пен тең­сіздікті бағалау» атты баяндама жарияланды. Баяндамада елі­міздегі кедейлік пен теңсіздік деңгейі, Қазақстандағы ке­дейліктің себептері мен кейінгі 15 жылдағы өзгерістері қарас­тырылған. Сонымен қатар сарапшылар кедейлік дең­гейін төмендету бойынша да ұсыныстар айтқан екен. Сонымен, Дүниежүзілік банк қандай қорытындыға кел­ді? Өзіміздің статистикалық деректерден айырмашылығы бар ма? Сарапшылар не дейді?

Кедейлік азайған, бірақ қарқыны баяу – Дүниежүзілік банк

Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәй­кес, Қазақстан кейінгі 20 жылда кедейлікті азай­­туда айтарлықтай жетістіктерге қол жет­кізген. 2006-2021 жылдар аралығында елдің эконо­микасы жылына орта есеппен 4,7 пайыздық тұрақты өсім көрсетіпті.

– Бұл экономикалық тұрақтылық пен өнім­діліктің артуы халықтың тұрмыс дең­гейінің жақсаруына және табыстардың өсуі­не ықпал етті. Осы кезеңде жан басына шақ­­қандағы жалпы ішкі өнім мен үй шаруа­шылықтарының тұтыну деңгейі едәуір артты, – деп жазылған баяндамада.

Баяндамада, сондай-ақ халықтың әл-ау­қатына қатысты бірқатар мәселелер са­ра­ланған екен. Соларға жеке-жеке тоқ­та­лып өтейік.

Ұйымның дерегі бойынша, 2006 жылы кедейлік деңгейі 49,5 пайыз болған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайызға дейін төмендеген. Алайда 2013 жылдан бас­тап кедейлікті азайту қарқыны баяу­ла­ған. 2014-2016 жылдардағы экономикалық құлдырау нәтижесінде кедейлік деңгейі 20 пайыздан асып, қайта көтерілген. Кейінгі жыл­дары кедейлік қайта төмендегенімен, бұл процесс баяу жүріп, 2013 жылғы көр­сет­­кіш­ке жету үшін 6 жыл қажет болыпты.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның әр ай­мағындағы кедейлікті азайту қарқы­нын­да айтарлықтай айырмашылық бар деген қо­рытындыға келген. Ауылдық жерлерде ке­дейлік деңгейі 60 пайыздан 11 пайызға дейін төмендесе, қалаларда бұл көрсеткіш 41 пайыздан 6 пайызға дейін азайды. Де­ген­мен Түркістан облысы сияқты кейбір өңір­лерде кедейлік деңгейі әлі де жоғары бо­лып отыр.

Сондай-ақ ұйым кедейлікті азайтуда еңбек табысының артуы үлкен рөл атқар­ғанын атап көрсетіпті. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, әсіресе зейнетақы мен пандемия кезіндегі көмек бағдарламалары, халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға ықпал еткен. Дегенмен бір ескере кететін жайт, халықтың табысының теңсіздігі 2016 жылдан бастап өсіп келеді. Джини коэффициенті 2006 жылғы 27 пайыздан 2021 жылы 26,4 пайызға дейін өзгерген. Түсінікті болу үшін айтып өтейік, Джини коэффициенті – белгілі бір қоғам­дағы табыс теңсіздігі өлшенетін шама, ол әрине нақты деңгейді тура, дәл есептеп бер­мейді, дегенмен көптеген ел осы коэф­фи­циентті қолданады.

Сонымен қатар бай және кедей халық топ­тары арасындағы айырмашылық та ұл­ғайған. Орта таптың үлесі 2006 жылдан 2013 жылға дейін қарқынды өсіп, халық­тың 67 пайызына жеткенімен, соңғы он­жыл­дықта оның дамуы тоқтап қалған. Са­рапшылардың пікірінше, бұл – эко­но­миканың шикізат экспортына тәуелділігі жә­не құрылымдық реформалардың баяу жүруінің салдары. Сондай-ақ білім беру деңгейі мен сапасының жеткіліксіздігі экономикалық өркендеуге кедергі келтіріп отыр. Балалардың толық өнімділік әлеуе­тінің тек жартысынан астамы ғана жүзеге асырылып отыр, бұл білім беру сапасының жоғарыламай тұрғанын көрсетеді.

Қандай ұсыныстар айтылған?

Дүниежүзілік банк Қазақстанның кедейлікті жою, экономиканы әр­тараптандыру және табыс теңсіздігін азай­ту жолындағы жетістіктерін атап өте оты­­рып, болашақта әлеуметтік бағдар­ла­ма­лардың тиімділігін арттыру, білім беру са­пасын жақсарту және адам капиталына ин­вестиция салу маңызды екенін айтады. Нақ­тырақ айтқанда, тұрақты өсімге жету үшін кешенді шаралар қабылдауы қажет. Яғни, аз қамтылған топтарды қорғау үшін са­лық-бюджет жүйесінің тиімділігін арт­тыру, адами капиталды нығайту, білім са­па­сын жақсарту және экономикалық пен кли­маттық өзгерістерге тұрақтылықты арт­тыру қажет. 

Ең алдымен, салық-бюджет жүйесінің қайта бөлу функциясын тиімдірек ету­ге болады. Мысалы, ұйымның пікірінше, Қа­зақстан табыс пен мүлікке прогрессивті са­лық енгізе алады, өйткені жанама са­лық­тар көбінесе аз табысы бар отбасыларға ауырт­палық түсіреді. Салық саясаты кедей отбасыларға көбірек бағытталған әлеумет­тік төлемдерді арттыру үшін қолданыла ала­ды. Сондай-ақ мақсатты трансферттер ар­қылы әлеуметтік шығындардың тиім­ділігін арттыру кедейлікпен күреске үлкен үлес қосады. 

Екінші мәселе – білім сапасын арттыру. Қазақстан барлық балалардың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайына қарамастан сапа­лы білім алуын қамтамасыз ету үшін білім беру сапасын жақсартуға инвестиция салуы қажет.

Адами капиталды нығайту тұрақты әрі инклюзивті экономикалық өсуді қам­та­масыз етіп, болашақта жоғары білікті жұ­мыс орындарына дайындалуға көмектеседі. Сая­саткерлер ауыл мен қала арасындағы бі­лім деңгейіндегі айырмашылықтарды, сон­­дай-ақ табыс деңгейі әртүрлі отба­сы­лар­дың арасындағы теңсіздікті азайтуға күш салуы керек. Сонымен қатар білім беру дең­гейі төмен аймақтарда оқушылардың оқу, жазу және математика дағдыларын да­­мытуға бағытталған арнайы бағдарлама­лар­ды енгізу маңызды. 

Сонымен қатар Қазақстанды көмір­қыш­­­қыл газын көп бөлетін экономика­лар­дың бірі ретінде парниктік газдарды азайту үшін жаңартылатын энергия көздерін да­мытуы қажет. Сонымен қатар ел инф­ра­құрылымды нығайтып, қауымдастық­тар­дың тұрақтылығын арттырып, климаттық өз­герістерден сақтандыру жүйесін жетіл­діру­ге тиіс. 

1 млн адам 54 мың теңгеге күн көріп отыр

Ал Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы III тоқсандағы кедейлік дең­гейі туралы мәліметтеріне қарайтын бол­сақ, 1,1 миллион адам күнкөріс миниму­мы­нан төмен, яғни 54,2 мың теңгеден аз та­бысқа күн көреді, бұл – ел халқының 5,4 пайызы. 2023 жылдың осы кезеңімен с­а­лыстырғанда көрсеткіш 2,1 пайызға азай­ған. Бұл дегеніміз, 1 миллионнан астам адам­­­­­­­­ның кірісі өмір сүруге ең қажет деген заттарды алуға жететін сомадан екі есе аз деген сөз.

Одан бөлек, кедейліктің «тереңдігі» жә­не «өткірлігі» деген ұғымдар бар. Кедей­лік­тің «тереңдігі» табыс деңгейінің ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен қаншалықты ауыт­қитынын көрсетеді. Ал кедейліктің «өт­кірлігі» табысы төмен азаматтардың кірі­сі орташа мәннен қаншалықты алшақ еке­нін сипаттайды. Кейінгі мәліметтер бойын­ша, елімізде кедейліктің тереңдігі – орташа есеппен 0,9 пайыз, ал өткірлігі – 0,3 пайыз.

Елімізде кедейлік деңгейі бірқатар ай­мақ­тарда төмендегенімен, кейбір өңірлерде өсім байқалуда. Сондай-ақ үлкен отбасылар арасында кедейлік деңгейі әлі де жоғары болып отыр.

Түркістан облысы қанша жыл бойы ха­лық­тың ақшалай табыс деңгейі бойынша ан­тилидер болып келеді. Ұлттық статис­ти­ка бюросының жаңа деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың үшінші тоқсанында да бұл үрдіс өзгере қоймаған. Өңір ел бойынша ор­таша деңгейден 35 пайызға артта қалып отыр. Жылдық деңгейде қарастырсақ, өңір тұрғындарының ақшалай табысы но­ми­налды түрде 3 пайызға өскен, бұл да елдегі ең төменгі көрсеткіштің бірі. Бұл өсім инф­ля­цияның жартысын да еңсере алмайды.

Әлеуметтік теңсіздік деңгейі өсіп барады

Ресми деректердегі тағы бір назар ау­дарарлық мәселе – Астанада бай­лар мен кедейлердің табыстары арасын­да­ғы алшақтық күрт өскен.

III тоқсанның қорытындысы бойынша әл-ауқаты жақсы деп есептелетін елор­да­лық отбасылардың 10 пайызының орташа ай­лық табысы мен ең аз қамтамасыз етіл­ген 10 пайызының табысы арасындағы айыр­машылық 7,4 есе болған. Яғни, 64,3 млрд теңге және 8,7 млрд теңге. Ал бір тоқ­сан бұрын ғана көрсеткіш 5,7 есе болған. Қазір байқалған алшақтық – 2008 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Қазақстанның ешбір өңірінде шартты бай­лар мен кедейлердің табысы арасын­дағы айырмашылық Астанадағыдай емес. Тіпті, бұл көрсеткіш бойынша Астанаға ең жақын Алматыда да алшақтық әлдеқайда аз байқалады – 6,5 есе. Орташа алғанда, ел бойынша ең жақсы қамтылған азамат­тар­дың 10 пайызының табысы мен ең аз қам­тылған азаматтардың 10 пайызының та­бысы арасындағы айырмашылық – 6,3 есе. Ал минималды айырмашылық Шымкентте жә­не Маңғыстау облысында байқалады.

Сонымен қатар 2008 жылдан бері елор­да­да Джини индексі максимум мәнге, 0,334-ке жетті, бұл да халық табысы жік­тел­генін, күшейгенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік банк жасаған талдауда сарапшылар бұрыннан айтып жүрген мәселелер мен ұсыныстар қамтылып отыр. Дегенмен талдаулар, соның ішінде статистикалық мәліметтерді қорытындылау әдістері мен тәсілдері әртүрлі болғандықтан, елдегі кедейлік деңгейі туралы тұжырымдар жағдайды дәл көрсетпейді. Ал кедейлік шегін ел тұрғындарының медианалық табысының 35 пайызы мөлшерінде анықтау жағдайды сәл де болсын анығырақ бағамдауға мүмкіндік беруі керек.