Жаңалықтар

Атырауда былтыр жоғалып кеткен бойжеткенді Жайықтан іздеу тағы тоқтатылды

Атырау облыстық полиция департаменті

Жоғалған бойжеткенді іздеуге анасы да қатысқан.

Атырауда былтыр қазанда 23 жастағы бойжеткен жоғалып кеткен еді. Оның мәйітін Жайық өзенінен іздеу екінші рет тоқтатылды, деп хабарлады turkystan.kz сайты.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, 2001 жылғы Яна Легдокимова 2024 жылғы 18 қазанда үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен. 

«Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жоғалып кеткен бойжеткенді қайтадан іздеуді 2024 жылдың 15-29 желтоқсаны аралығында жүргізді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруді Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Қажкенов пен өңірлік департамент бастығының орынбасары, подполковник Ратбек Демеуберген қолға қолға алды. Іздестіру жұмыстарына 36 құтқарушы, 1 кинологиялық есеп жұмылдырылып, 6 техника, 2 су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты тартылды», — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Жоғалған бойжеткенді іздеуге анасы да қатысқан.

«Іздеу операциясы аясында Жайық өзенінің жағалауы мұқият тексерілді. Жайық өзенінің түбі сүзілді. Су арнасының түбін егжей-тегжейлі зерттеу үшін құтқарушылар сүңгуір-құтқару жұмыстарын жүргізіп, эхолот қолданды», — деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.

Еске сала кетейік, Атырау тұрғыны 18 қазан күні жоғалып кеткен болатын. Полиция департаменті 23 қазан күні таңертең қыздың өлтіріліп, денесі Жайыққа лақтырылғанын хабарлады. Нәтижесінде 24 және 25 жастағы күдіктілер ұсталып, кінәсін мойындады. Қала тұрғынының жоғалып кетуіне байланысты «Адам ұрлау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды

Құтқарушылар өзеннен 44 күн бойы іздеу жұмыстарын жүргізді. Алайда өзен бетіне мұз қатуы себепті 5 желтоқсанда іздеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған еді.

Кейін 17 желтоқсанда жоғалып кеткен бойжеткенді Жайық өзенінен іздеу қайта жалғасқан болатын.