Шектен тыс сауда жасау миға зиян келтіреді
Зерттеуге 18 бен 48 жас аралығындағы 205 адам қатысты. Оның ішінде, 42 адам компульсивті шоппингке бейім екені анықталды, олардың 39-ы әйелдер. Бұл топтың басты қиындығы – импульстарды тежеу қабілетінің төмендігі. Яғни, олар тоқтап, ойланудың орнына, өздерін сауда жасауға мәжбүрлейді.
Компульсивті шоппингтің негізгі себептері ретінде эмоцияны реттей алмау, өзін-өзі төмен бағалау және әлеуметтік қысым аталды. Әсіресе, стресс, мазасыздық немесе іш пысып отырған кезде сауда жасауды қалағандар уақытша жеңілдік сезінеді. Бірақ, көп ұзамай, оларды қаржылық қиындықтар мен өкініш сезімі басады.
Ғалымдар компульсивті шоппингтің қауіпті салдары ретінде қаржылық қиындықтарды, жақындарымен қарым-қатынастың бұзылуын және эмоционалдық күйзелісті атап өтті. Сонымен қатар, бұл құбылыс депрессия, мазасыздық және тәуелділік сияқты басқа психикалық бұзылыстармен де байланысты болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелері ми қызметінің бұзылыстары мен шоппингке тәуелділік арасындағы байланысты көрсетті, бірақ бұл мәселенің нақты себептері әлі де толық анықталған жоқ.