Қазақстан дамудың жаңа белесіне көтеріліп, болашаққа сеніммен қадам басып келеді
Президенттің бұл сұхбаты елдің жетістіктері мен алдағы мақсаттарын айқындап берді.
«2024 жыл – ерекше жыл
Мемлекет басшысы елімізде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық өңірде жүргізілгенін атап өтті. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы салынды және жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары ашылды. Сонымен қатар тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығында 27 миллион тоннаға жуық астық жиналып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
Төтенше жағдайларға төтеп беру
2024 жылғы тасқын ел үшін ауыр сынақ болды. Апат кезінде үкіметтің тиімді әрекеттері арқасында көптеген адам құтқарылды. 63 мыңға жуық маман жұмылдырылып, қауіпсіздік шаралары дер кезінде қабылданды. Су тасқынының салдарын жоюға волонтерлер мен ірі бизнес өкілдері де белсенді атсалысты. Осы жағдайдан кейін жаңа Су кодексінің жобасы талқыланып, 2030 жылға дейін су қоймалары мен ирригация жүйелерін жаңарту жоспары бекітілді.
Желтоқсан айындағы ұшақ апаты
Ақтау қаласында орын алған әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тапты, оның ішінде алты Қазақстан азаматы бар. Мемлекет басшысы құтқару жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға ризашылығын білдіріп, апат себептерін анықтау үшін халықаралық сарапшылар тартылғанын мәлімдеді.
Экономикалық тұрақтылық пен даму
Президент теңгенің еркін айырбас бағамын қолдайтынын және оны жасанды түрде ұстап тұру орынсыз екенін айтты. Экономикалық реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жоба іске асырылуда. Темір жол, энергетика және газ құбырларын дамыту, сондай-ақ жасыл энергетика саласында ірі жобалар қолға алынған.
Әлеуметтік және құқықтық реформалар
1. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау: Зорлық-зомбылыққа қатысты жазалар күшейтілді, кәмелетке толмағандарды мазақ еткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
2. «Келешек» жинақ жүйесі: Жинақтарды білім алуға және тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі қарастырылды.
3. Қарызға шектеу: Қарызға белшеден батуға жол бермейтін заң қабылданды.
4. Вейпке тыйым: Балалар мен жастар арасында вейп қолдануға тыйым салынды.
Білім мен денсаулық саласына инвестиция
217 жаңа мектеп салу жоспарланса, оның 105-і пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласы да жаңғыртылуда – ауылдық жерлерде медициналық мекемелер салу жалғасуда», – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек те Мемлекет басшысының сұхбаты көп сұраққа жауап бергенін жеткізді.
«Президент ел ішінде айтылып жүрген сұрақтарға жауап берді және алдағы жылдары қай бағытта, қандай міндеттер атқару керектігі жөнінде ауқымды пікірін білдірді. Соның екеуіне тоқталайын.
Біріншісі. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, міне, 11 ай өтті. Меніңше, бұл – белгілі бір пайым жасауға жеткілікті мерзім. Министрлер кабинетінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар!?
Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.
Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Яғни, Үкіметтің жұмысына нақты баға алдағы Кеңейтілген отырыста анықталады. Мемлекеттік жұмыста басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы екенін Президент тағы да нақтылады», – дейді.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Мемлекет басшысының бірнеше өңірдің тұрғындары көтеріп жүрген бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ойын атап өтті.
Журналист Ерлан Жүніс:
Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды.
Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті.
Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты.
Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.