Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырау себептерін айтты
Мемлекет басшысы жерден атқылау салдарынан ұшақтың артқы бөлігі қатты зақымдалғанын да айтты
“Әрине, қара жәшіктер ашылғаннан кейін нақты нұсқа белгілі болады. Бірақ бастапқы нұсқалар да жеткілікті фактілерге негізделген. Ал фактілерге келсек, Әзербайжанның азаматтық ұшағы Ресей аумағында, Грозный қаласы маңында сырттан зақым алған және басқару қабілетін іс жүзінде жоғалтқан. Сондай-ақ ұшағымыз радиоэлектрондық күрес құралдарымен басқарылмайтын жағдайға келтірілгенін білеміз. Бұл – ұшаққа жасалған алғашқы зақым”, – деп мәлімдеді Әлиев.
Мемлекет басшысы жерден атқылау салдарынан ұшақтың артқы бөлігі қатты зақымдалғанын да айтты.
“Қайталаймын, қара жәшіктер ашылып, біз толығырақ ақпарат алғаннан кейін барлық егжей-тегжейлер анықталып, қазіргі уақытта сұрақ туғызатын көптеген жайттар түсінікті болады. Мысалы, неге ұшақ Грозный қаласына қона алмады? Радиоэлектрондық күрес құралдары ұшақ басқаруына қаншалықты әсер етті? Ауада соққы мен ұшақ маңындағы жарылыстың салдары қаншалықты тиімді болды? Себебі бұл анық фактіні жоққа шығаруға тырысу және оны жасыру – бұл жағдайда әрі абсурд, әрі ақымақтық екенін де атап өтуім керек”, – деді Әлиев.
Айта кетейік, Әзербайжанның Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Баку – Грозный бағыты бойынша рейс орындап, 25 желтоқсан күні Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған: бес экипаж мүшесі және 62 жолаушы. Әуе апаты салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.