Жаңалықтар

Су тасқыны кезінде мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілді?

gov.kz

36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яғни 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың еш­қай­сысы елеусіз қалған жоқ. Мем­лекет міндеттемесін толық орында­ды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жазды.

«Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміздің 10 өңірінде жергі­лікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың еш­қай­сысы елеусіз қалған жоқ. Мем­лекет міндеттемесін толық орында­ды. Зардап шеккендердің бәріне ма­­те­риалдық, қаржылай қолдау көр­сетілді.

Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мү­лік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды», – деп жазды ол.

Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленген.

«Шағын және орта бизнес субъек­тілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығыны өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкердің өтінімін мақұлдады.

Тағы бір айта кетерлігі, мал шы­ғынын төлеу үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Осындай қиын-қыстау сәтте хал­қы­мыз ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті», – деп жазды Берік Уәли.