T-Newspaper

«Гауһартас» 250-рет сахналанды

Музыкалық жас көрермен театры Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасын 250-рет қойды. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Мерейтойлық қойылымды  Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы барып тамашалады. 

Музыкалық жас көрермен театры Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасын 250-рет қойды. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Мерейтойлық қойылымды  Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы барып тамашалады. 

Көрермен арасында ерекше дүмпу туғызған «Гауһартас» туралы Túrkistan  газетінде бұрын да жазылған болатын. Асхат Маемировпен сұхбатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  көзіне түсіп, назарын аударған еді. Дулат Исабековтің «Гауһартасы» – 1967 жылы жазылып, әдеби ортада лайықты бағасын алған шығарма. Кино ретінде де көрерменнің көңілінен шықты. Енді, міне, жарты ғасырдан астам уақыттан соң жас буынның да жүрегін жаулап отыр. Иә, біз кітап оқымайды, театрға бармайды деп кінәлайтын ұрпақтың жүрегін. Оларды театрға байлап қойған не құдірет? Өздері барып қана қоймай, әке-шешесін, ата-әжесін театрға «сүйреуінің» себебі неде? Әдетте, керісінше болушы еді ғой. Кітап дүкендерінде «Гауһартас» повесінің сатылуы бірінші орынға шыққанын қалай түсіндіре аламыз? 

Қай заманда да ескі мен жаңаның тартысы болады. Ескі бірден жаңаның тақымында кетпейді. Қарсыласып бағады. Ескінің бәрін жоққа шығаруға тағы болмайды. «Гауһартаста» да сол тартыс бар. Алапат күштің иесі, жұмысты қопарып істейтін, күреңін жанынан артық көретін, көкпарды сүйетін Тастан, кеңестік әдіске салып қарасақ, ұнамсыз образ. Ескішіл. Қатыгез. Өз дегенімен ғана жүреді. Бірақ Тастан образы арқылы автор кеңес өкіметінің кейбір саясатына қарсылығын білдіреді. «Осылар кино түсіре алмайды. Не болса, соны түсіреді. Егер Алпамыс батыр туралы кино түсірсе, бәрі көрер еді. Алпамыс батыр – біздің бабамыз» деп жырды жатқа соғатын Тастан сол кезде бой көтере бастаған комсомол-жастар бригадасына да қосылғысы келмейді. Еркіндігін қызғыштай қориды. Елірме жастарға ергісі жоқ. Түп-тарихына үңілгісі келеді. Ал шығарма дүниеге келген алпысыншы жылдарда қазақ алды-артына қарауға мұршасы келмей, «коммунизм жолына»  түсіп алып жөңкіліп бара жатқан болатын. Дұрысы, кеңес өкіметі мұршасын келтірмеген еді...  Тастан – дала көкжалы. Намысқой. Томырық мінезі көп ойланып жатуға мұрша бермейді. Оның ойынша, еркек ер мінезді болуы керек. Әкеден жұққан қасиет сол. Сондықтан да Салтанаттың, інісі Қайыркеннің көп қылығын ол түсінбейді. Ақыры, ожар мінезі опық жегізеді. Тастан образын сомдаған Оразалы Игілік кейіпкерінің бүкіл болмысын жеткізе білді. Көрерменін сендірді.  Ал Салтанат – бұла, еркін өскен даланың қызы. Тағдырына мойынсұна отырып, Тастанның түбі бір күні өзгеретініне, «Салтанат, мына күреңді мініп бір айналып қайт»  дейтініне, әнді даладан, қурайдан үйренгеніне түбі бір иланатынына сенеді. Қарсы келмей, қылығымен, нәзіктігімен баурауға тырысады. «Тастан,  кешке көлге барып суға түсейікші...» дегенде торсаң ете қалған ері келіншегінің бетіне қызыл арай жүгіріп: «Бала ажарлы болады екен...» деп әнтек жымиғанда еріп сала бергенін білмей қалады.  Ата-енесінің көңілін тапқан, Қайыркеннің қиялына қанат бітірген, ән салғанда дүниені ұмытып кететін Салтанаттың үзілер алдында Қайыркенді шақырып алып: «Тастанға берші, атының кекіліне байласын» деп шашақ  ұсынуы – керемет деталь. Сол арқылы ол ерін кешкенін білдірді. Өмірден озып бара жатып та азаматының абыройын ойлаған Салтанаттың рөлін актриса Инабат Ризабекова мүлтіксіз алып шықты.  Қайыркен образындағы Асылхан Төлепов те жас, қияли, ақынжанды кейіпкерінің образын жете түсініп, бойына әбден сіңіргені байқалады. Спектакльде  Қайыркеннің образын сомдайтын актердің  иығына түсетін жүк ауыр. Ол оқиға желісін баяндап отырады, іле-шала образға кіріп кетеді. Осы екі араның жігін білдірмей жіберу оңай шаруа емес. Асылхан сол үдеден шыға білді.    Тұрымбет ақсақалдың рөлін сомдаған парасатты, кейде бол-болға салып күйгелектік танытатын Қазыбек Есқара, еріне қарсы келмей, перзенттерінің жолында жанын пида етуге әзір Ананың рөлін ойнаған Калима Наушабаева – біз көрген ауыл қарттарын еске түсірді. Аңғал ауыл бригадирінің рөліндегі Мұхамедсаид Бағашаров, белсенді Раушан парторг рөліндегі Дана Қабылова, «Беташар – ескішілдік. Комсомольская свадьба жасау керек»  деп кіжінетін Әскербек кейпіндегі Ернар Махамбеттер сол заманның суретін көз алдымызға әкеліп қана қоймай, езуге күлкі үйірді. Қыз-жігіттердің әдемі әні мен биі де көрермендерді бір серпілтті. Меніңше, осы детальдар өте ауыр, екі сағаттан астам созылатын қойылымның «салмағын» біршама жеңілдеткен сияқты.  Қойылым соңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сахнаға шығып сөз сөйледі. Екі жылдан соң «Гауһартас» повесінің жарық көргеніне 60 жыл толатынына тоқталған ол спектакльді көріп, ерекше әсерленгенін айтты. Повесть, киномен салыстыра отырып, әр образдың ерекшелігіне тоқталды. Осындай көркем дүние тудыра алған ұжымды құттықтады.  Расында да, «Гауһартас» – қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс. Бір жарым жылда, мінеки, 250-рет сахналанып отыр. Билеттер әлі күнге дейін санаулы минутта өтіп кетеді. Әу баста спектакльді қоюға жергілікті бюджеттен 4 миллион 106 мың теңге бөлінген екен. Қазір театр дәл осы қойылымнан 141 миллион теңге пайда тауып отыр. Бұл – қазақ театрының тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай! Демек, мәдениет саласы арқылы да табыс табуға болады. Оны Музыкалық жас көрермен театры дәлелдеп отыр.  Театр ұжымы – кіл жастар. Жастар жаңашылдықты сүйеді. Бірақ режиссер Асхат Маемиров ескі мен жаңаны қабыстыра білді. Жас ұжым бүгінгі заманғы мүмкіндіктерді сарқа пайдаланды. Қойылым сахнаға шықпай жатып ондағы әндер мен билердің Tik-Tok арқылы тарауы көрерменнің қызығушылығын туғызды. Яғни,  істің  кілтін таба білді.  «Бұрын бізде неге тойда, мерекелік кештерде ер мен әйел бір-бірінің қолынан ұстамай-ақ билейтін би жоқ деп ойлайтынмын. Енді, міне, сол олқылықты «Құдаша» толтырды. Әрине, бізде «Қара жорға» бар. Бірақ оны халық түгел қабылдаған жоқ. «Қара жорғадан» кейін бір би шығуы керек еді. Сол би – «Құдаша». Ертең жалпы халық билейтін дүниеге айналып жатса, таңғалмаймын.  Кезінде  «Мына орыс халық билері қандай керемет?» дегендерге, ұлы балетмейстер Игорь Моисеев: «Орыста би болған жоқ. Оны орыс биі деп  әлемнің санасына сіңірген менмін» деген екен. Біз де «Құдашаны» жұрттың санасына солай сіңіруіміз керек» – деп еді Асхат Маемиров былтыр біздің газетке берген сұхбатында. Қазір көп тойда «Құдаша» биінің билене бастауы да – «Гауһартастың» арқасы!  «Гауһартас» жақын жылдарда сахнадан түспейтін сияқты. Өйткені сұраныс жоғары. Өте жоғары. Орыстың театр сыншылары да қызығып отыр екен. Түркияда да қою жоспарланып отыр. Демек, «Гауһартас» әлемді «аралауы»  да мүмкін. Лайым, солай болғай!