T-Newspaper

Спорттағы топ-5 жетістік

ҰОК/Сали Сабиров

Биыл қазақстандық спортшылар қол жеткізген же­тістіктер аз емес. Бір жыл ішінде атлеттеріміз түрлі дең­гейдегі жарыстан 600-ден астам медаль жеңіп алды. Бұл ал­дыңғы жылмен са­лыс­тыр­ғанда екі есе көп. Биыл Қа­зақ­стан спортында болған елеулі 5 оқи­ғаны оқырман на­за­рына ұсынғанды жөн көрдік.

Олимпиада мен Паралимпиададағы  тарихи жетістік

Биыл спорттағы басты дода Па­рижде өткен Жазғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы тарихи же­тіс­тіктерге қол жеткізді. Олим­пиадада Қа­зақстан құрамасы 1 алтын, 3 кү­міс, 3 қола медальді місе тұтып, жал­­пыкомандалық есепте 43-орын­ға жайғасты. Қазақстан тарихында ел қоржынына дзюдодан алғашқы алтын түсті. 60 келі салмақта бел­дес­кен Елдос Сметов Париж татамиінде қарсылас шақ келтірмей, үшінші Олимпиадасында чемпион атанды. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс жүлдені қанағат тұтса, 2020 жылы өткен Токио ойындарында қола жүл­дегер атанған еді. Ал Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атан­ған Нариман Құрбанов – спорттық гимнастикадан Олимпиада ойын­дарында жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы. Ерекше айта кетерлік жайт, Давид Дегтярев Парижде өткен Жазғы Паралимпиада ойындарында пара пауэрлифтингтен алтын медальді еншіледі. Осылайша, ол ел тарихында алғашқы екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Со­нымен қатар бұл Паралимпиадада парадзюдо спортында да отандық ат­леттер керемет нәтиже тіркеді. Ақмарал Науатбек тәуелсіз Қазақстан та­ри­хында тұңғыш рет пара дзюдодан Олимпиада чемпионы атағын иеленді.

Көшпенділер ойындарындағы жеңіс

8-13 қыркүйек аралығында Ас­та­нада 5-ші Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындары өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен келген 2 500-нан астам спорт­­шы қатысты. Олар бас-аяғы 581 медальді сарапқа салған бола­тын. Атлеттер ат жарысы, ұлт­тық күрес түр­лері, дәстүрлі зияткер­лік ойын­дар, жекпе-жектен жарыс­тар, дәс­түрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түр­лері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары сияқты сайыс­тарынан өза­ра кім мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы барлығы 114 медаль ол­­жалады: 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль алған командалық есепте бірін­­ші орынды жеңіп алды. Қоржынында 64 медалі бар Қырғыз Рес­пуб­ликасы (18 алтын, 21 күміс, 25 қола) екінші орынға тұрақтаса, ал 34 ме­далі бар Өзбекстан (11 алтын, 12 күміс, 11 қола) үшінші орынға жай­ғасты.

Үш дүркін әлем чемпионы

Еркін күрес шебері Ризабек Айт­мұхан Албания астанасы Ти­ранада өткен әлем чемпионатында (U23) жеңімпаз атанды. 97 келіге дейінгі салмақта белдескен ол фи­налда ирандық азулы қарсыласы Мах­ди Мұхарамәли Морафаны ай­қын басымдықпен ұтты. Осылай­ша, Ризабек 3 түрлі жас санаты бойынша өткен  әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ балуанына айналды. Еске сала кетейік, Ризабек былтыр Белградта ересектер арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған-ды. Ал биыл Испанияның Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы атанды.

Тарихта алғаш рет

Қазақстандық мәнерлеп сыр­ға­наушы Михаил Шайдаров тарихта алғаш рет  3А+4T күрделі каскадын орындаған спорт­шы атанды. Францияның Анже қаласында өткен Гран-при турнирінде Шай­доров үштік аксельді төрттік тулуп­пен комбинацияда сәтті орындап, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ес­ке сала кетейік, 2019 жылы қа­зақ­­стандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева әлем чем­пио­натында әйелдер арасында тұңғыш рет 4 айналым сальховты секірген еді. Одан бөлек, Михаил Шайдоров ел тарихында алғаш рет әлемдік Гран-при финалына шыққан спортшы атанды. Гренобль (Франция) қаласында өткен Гран-при финалында өнер көрсеткен ол 5-орынға табан тіреді.

Әлем чемпионын ұтты

Футзалдан Қазақстан ұлттық құра­масы биыл Өзбекстанда өткен әлем чемпионатының ширек фи­на­лында Аргентина құрамасына жол беріп, жарыс жолынан шығып қалды. Алайда бұл чемпионатта Қазақстан құрамасының сол ширек финалға талас үшін өткен ойыны спортсүйер қауымның есінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Қазақстан құрамасы 1/8 финалда 2021 жылғы әлем чемпионы Португалия командасын ойсырай ұтып, сенсация жасады. Осылайша, олар 2021 жылғы әлем чемпионатында кеткен есені қайтарды. Ол кезде қазақ­стан­дықтар жартылай финалда пенальтиден ұтылып қалған-тын.