Экономика

11 айда ел экономикасына салынған инвестиция көлемі 15,8 трлн теңгеге жетті

istockphoto.com

2024 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд доллар болды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жазды. 

«Жыл басында, яғни 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Президент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындады. Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсады», - деп жазады Берік Уәли.

Сондай-ақ осы жылы ел экономикасына қанша инвестиция тартылып жатқаны айтылған.

«2024 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысты», - делінген мақалада.