«Шанхайдан» «Оскарға» дейін...
Биыл көрерменге ұсынылған отандық фильмдердің ішіндегі үздіктері
«Талақтың» бағы мен соры
Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі «Шанхай» кинофестивалінде «Ең үздік фильм» номинациясын жеңіп алды. «А» класқа жататын кинофестивальден жүлде алуды қазақ киносы көп жылдан бері армандап келді. Кезінде Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміне түскен отандасымыз, актриса Самал Исламованың Канн фестивалінен «Үздік әйел бейнесі» жүлдесін жеңіп алуы көптің қуанышын еселегенін білеміз. Әлемдегі ең беделді кинофестивальде қазақ қызы жүлдегер атанды деп қуанғанымыз күні кеше сияқты еді. Биыл «Шанхай» кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» үшін сыйлығын «Талақта» ойнаған актриса Амира Омар иеленді. Фильм кинотеатрларда көрсетілгенде, көрерменнің пікірі екіге айырылды. Бір тобы бұл фильмнің кәсібилігіне, айтпақ ойының өзектілігіне, кадрлардың ерекшелігі мен режиссердің шеберлігіне тәнті болса, енді бір топ «қазақты қорлау» деп налыды. Екінші топтың айтар уәжі – кинодағы «алба-жұлба киім». «Қазақ бұлай киінбеген, қазақ соншалықты жабайы, тұрмысы жүдеу болмаған» дегенге саяды. Ал түсіруші топ «бұл ашаршылық пен Қызыл империяның коллективтендіру кезеңін» көрсететін туынды болғандықтан, ащы да болса шындықты таспаладық дейді. Ұлт прозасының классигі Бейімбет Майлиннің шығармалары негізінде («Әже», «Талақ» әңгімелері) түсірілген фильм болғандықтан, оқиға желісі өткен ғасырдың 20-30 жылдарын қамтиды. Ол кезде қазақ екі рет зұлмат күнді – ашаршылықты бастан өткерді. Байлар тоналып, алдындағы малынан айырылды. Ел ішер ас, киер киімге жарымағаны тарихтан мәлім. Бұл тұрғыдан қарасаңыз, түсіруші ұжымның пікіріне иланасың. Ал екінші жағынан қарағанда, аштық болса да, күнделікті киер киімін жамап-жасқап болса да бүтіндеп киюге мүмкіндігі болғанын да жасыра алмайсың. Көркемдік шешім үшін тым әсірелеп көрсеткен тұсының бар екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ фильмнің өзегі осы екі талас-тартысқа ғана құрылмағанын, айтар ойы өзге екенін ұмытпаған жөн. Әуелі, бұл қорғансыздық туралы реквием. Ұлттың қорғансыздығы. Тұтас бір қауымның қорғансыздығы. Қызыл империя ешкімді аяған жоқ. Олар «жаңа ұлт жасаумен» айналысты. Сондағысы, даланы мекен еткен көшпелі өркениетті жойып, оларды бір күнде басқа форматқа күштеп енгізуге ұмтылды. Оны сол ұлттың әпербақандарының қолымен іске асырды. Шын мәнінде, екеуі де қорғансыз еді. Әпербақандардың қорғансыздығы өздерінің қорғансыздығын түсінбеуінде болса, қараша жұрт өңкей үстем «закон иелерінен» қаймықты. Оған қарсы тұрар еш амал-айла жоқ еді. Одан кейін, дәстүрлі отбасының әлеуметтік форматтың өзгерісіне қарсы тұруға қауқарсыздығы. Алдындағы малынан айырылған әлеумет кім күштінің илеуінде кетуге бар. Бірін-бірі түсінбейді. Байы да, бағланы да дәрменсіз. Олар бұйрықты орындайды, сәл қиыс жаза басқаны үшін бастарынан әңгіртаяқ кетпейді. Мұндай шақта отбасында құндылық күйрейді. Бұрынғы құндылықтарды сақтайын десе, оған елді кезген пропаганда жар бермейді. Бір қарасаңыз, «әйел теңдігін» алдыңғы планға шығарғандай көрінгенімен, шындығында олардың отбасылық ішкі әлеміне қол сұғып, ірітіп отыр. Демек, дәстүрлі құндылық пен отбасы туралы жаңа көзқарас тайталасқа түседі. Теңдікті сылтау еткендер ойына келгенін істейді. «Талақ» – ұлттық киноның бір олжасы десек болады. Біз фильмнің тұтас сюжетін қамтып, оны талдауды мақсат тұтпағандықтан, оқырманға аңдатпа ғана пікір беріп отырмыз. «Талақты» іздеп көріп, өз пікіріңізді түйе жатарсыз. Данияр Саламат бұған дейін де «Әкем екеуміз» секілді сүбелі кинокартинасымен елді қуантқан режиссер. Авторлық фильмнің майталманы ретінде аты мәлім режиссер Бейімбет Майлин шығармаларын болашақта да кино тілінде сөйлетуді мақсат ететінін айтқан болатын.
Алаңкөңіл баланың жан сыры
Бұған дейін Сергей Дворцевойдың фильмдерінде актер ретінде танылған Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі 2024 жылдың ең үздік туындысы десек болады. Бұл – режиссердің алғашқы толықметражды фильмі. Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылып, негізгі тізімге енген фильм келер жылы жалпы көрерменге ұсынылуы мүмкін. Бұл – жасампаз режиссердің алаңкөңіл баланың жан әлемін ақтарған, мұңын мұңдаған фильм. Аты айтып тұрғандай, әжесінің бауырында өскен баланың ешкімге мұңын шаға алмайтын, өзінің күйін тек өзі ғана түсінетін, өзінің шерін өзінен басқа жан баласына ақтара алмайтын халін оператор мен режиссердің көзімен кестелеген ғажап дүние. Тұңғышын ата-әжесі асырап алатын дәстүр қазақта бұрыннан бар. Ол дәстүрді әдетте талай ғасырлық тәжірибе, өте орынды бауырмалдық, ұлттық һәм отбасылық құндылық деп те қарайтынымыз жасырын емес. Бірақ ата-әжесінің бауырында өскен баланың бәрі бақытты болмайтыны түсінікті. Қазір психологиялық травма, бала кездегі жарақат туралы психоаналитиктер жиі айтады. Біз жалған коучтар, псевдопсихологтар туралы айтып отырған жоқпыз, ғылыми практика мен теориядан өткен таза ғылым туралы сөз қозғап отырмыз. Ол туралы Зигмунд Фрейдтің еңбектерінен бастап, көптеген академиялық зерттеу жасалған. Қазақтың тұңғыш немересін асырап алу дәстүрін батыстықтар естісе таңырқауы да, тіпті, бұларың қиянат қой деп қарсы тұруы да мүмкін. Өйткені бала ата-әжесінің қолына өз қалауымен бармайды. Ең әуелі, балаға қашан да ата-анасы қымбат. Психологтардың айтуынша, туған ата-әжесінің қолында өссе де, бала санасында ата-анасына деген ақпарат сақталады. Ондай бала екі ортада алаңкөңіл болып өсуі мүмкін. Өзінің әке-шешесіне жақындайын десе, ата-әжесінен ыңғайсызданады, солардың көңіліне келе ме деп қорқады. Ал ата-әжесіне бүтіндей бауыр басып, өз әке-шешесін жат санайын десе, ішіндегі «Мені» жібермейді. Осы жерден өтірік жек көру, әке-шешесінен әдейі алыс болып көріну процесі басталады. Ата-әжесі баланы еркелетеді, өсіреді, бірақ оның жан әлеміне көп жағдайда кереғар әрекет жасауы мүмкін: оның таңдауына, ата-анасын көруіне шек қойып, өз бауырларына жақындаса, «сатқын, өзін табуын қарашы» деп сынап-мінеуі де талай естіген әдепкі жайт. Тіпті, ата-анасымен мүлдем араластырмай, қызғанатын ата-әже де кезігеді. Мұндай қарым-қатынас баланың жан дүниесін түте-түте етпесіне кім кепіл? Үлкен үйдің бауырында өскен бала психологиясында «Әке-шешем мені жек көреді, сол үшін бере салды» деген ой жатуы кәдік. Мұны фильмдегі Ерсұлтаннан да анық байқайсыз. «Мен сендерге керек емеспін» дейтіні де сондықтан... Әрине, ата-әжесінің бауырында өскен баланың бәрі бақытсыз болуы да мүмкін емес. Түрлі жағдай мен орта, отбасы құндылығы, ата-әже мен әке-шешенің қарым-қатынасы сияқты толып жатқан факторлармен дені сау, ойы орамды талай ұрпақ өсіп-жетілді. Ата-әжесінен көрген мейір мен шапағат оларды үлкен қоғамға еркін араласуға жетеледі. Ондай да мысалдар көп. Дегенмен... бұл фильм бүгінгі күн тұрғысынан осы дәстүр туралы сұрақ қоюға итермелейді. Кешегі дәстүрлі отбасылар құраған дәстүрлі қоғамдағы өмір сүру философиясы бүгінге жарамауы мүмкін. Оны да қаперге алған жөн. Дегенмен фильм бұл дәстүрді жоққа шығару үшін түсірілмеген. Баланың жан дүниесін пафоссыз, әсіресіз, шынайы көрсете білген. Ерсұлтан мен әкесі, Ерсұлтан мен анасы, Ерсұлтан мен әжесі арасындағы жылы да шынайы қарым-қатынасқа сүйсіне отырып, кей сәттерінде күрсінбей тұра алмайсыз. Фильмдегі таза, саф өмір бояуы кім-кімге де әсер етеді. Мұнда қылаудай жасандылық жоқ. Диалогтары да, әрекеттері де – бәрі күнделікті өмірдегідей. Өмірді осынша шынайы өнер тіліне айналдыруға болатынын түсінесің. Әдетте, ауыл тұрмысын қарабайыр, мәдениеттен, этикадан жырақ қып көрсететін киноларды көргенде, опынып та, өкініп те қалуың мүмкін, ал «Бауырына салуды» көргенде шынайы түсіре алса, ауылдағы тұрмыс қарабайыр емес, қарапайым тіршілік оты екенін қайта бір бажайлайсың. Өзіңнің алыстап кеткен балалық шағың есіңе түседі. Фильм кадрларындағы осынша шынайы өмір аурасымен тыныстағың келеді. Мұндағы әр кейіпкердің бұрыннан осылай өмір сүріп жатқанына иланасың! «Бауырына салу» – сол шыншылдығымен құнды, сонысымен үздік.
Әкесін іздеген «Бауырлар»
Жас режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмі – автордың дебюті. Жастарға тән мінезге бай фильм халықаралық кинофестивальдерден бірнеше жүлдеге ие болған. Олденбург фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын алған. Қазір киносыншылар жас режиссердің болашағынан зор үміт күтіп отыр. Өйткені дебюттік жұмысында темперамент, энергия басым. Актерлік шеберлікпен қатар, режиссерлік шешім, операторлық жұмыс, камераның магиясы өзара ұштасқан жанды дүние. Балалар үйінен шыққан Ақжол есімді жігіт Дәлен атты өзінің туған інісі бар екенін біледі. Мүлдем күтпеген жайт, екеуара қарым-қатынас, метафоралық иірімге бай сюжет, әке мен бала, бала мен жаңа орта арасындағы нәзік те ауыр байланыс көрерменін ширықтырып, жаңа ситуацияларды күттіреді. Режиссер Дархан Төлегеновтің өзі болса, бір-бірін көрмеген, мүлдем таныстығы жоқ ағайынды балалардың бір анадан туғанын білген сәттегі ішкі жан дүниесіндегі құбылыстарды білуге ұмтылғанын айтады. Бірін-бірі мүлдем білмейтін екі адам ойламаған жағдайда танысса, бірі ағасы, бірі інісі бар екенін білсе, бұл жайт бауырларға қандай әсер сыйлайды, олардың өмірінде қандай өзгеріс болады? Автор осы мәселенің шешімін кейіпкерлер болмысы мен мінезі арқылы ашуды көздегенін айтады. Шындығында, өзінің бір туғанын күнде көріп жүрсе де, біртүрлі жатсыну сезімі әр адамның бойында болуы мүмкін ғой. Ал мүлдем көрмесе ше? Біздіңше, «Ағайындылар» – бір туғандардың тек қан арқылы байланысын ашуды емес, жан, рух байланысының мәнін іздеген туынды. Бірі қатқыл, бірі жұмсақ мінез иелерінің жүріс-тұрысы да, ортаны, айналасын түсінуі де бөлек. Өмір сүру дағдылары да өзге. Фильмді көріп отырып, көрермен де өзінің айналасына зер салмай тұра алмаса керек. Бауырдан жақын ешкім жоқ десек те, кейде оның мінезі жаттан бетер жатырқатуы мүмкін. Алыстағыны жақын тұтсаңыз, сырласа алсаңыз, болмысыңыз бір арнада тоғысса, онда тұрған түк те жоқ. Ал жақыныңыздан жаттық көрсеңіз ше? Бұл – бір қарағанда, әлеуметтік драма. Өз әкесін іздеген ағайындының ішкі арпалысы. Екінші жағынан қарасаңыз, бұл өткеннен қашу, бала кездегі естеліктерді оятып алмауға тырысқан жанның айғайы іспетті. Өмірде іздеген, ізденумен өткен жақсы, бірақ іздегеніне жеткеннің бәрі бақытты болуы екіталай. Олар әкесін іздеп тапқанымен, әкесі оларды іздемегенін білгендегі ағайындының ішкі күйзелісін экраннан тараған энергия анық сездіреді. Арпалысумен күн кешкен Ақжол да, мейірімге тұнған жүрек иесі Дәлен де осы шақтағы өмірінен гөрі, әкесіне жолықпаған, оны іздеген шақтағы сәттерімен бақытты ма еді дейсіз?.. Ағайынды екеу жолығатын кедергілер, әлеуметтік теңсіздіктер – кез келген қоғамның ішінде шырматылған түйткілдер. Дегенмен фильм әлеуметтік дүниені алдыңғы қатарға шығармаған. Ашық әлеуметтік теңсіздікті көрсететін жадағай сюжетке құрылмаған. Көрермен кино көріп отырғандай емес, өзінің ішкі әлемін оқып отырғандай күй кешеді. Бұл – оператордың шеберлігі. Қазақ киносына жас талант келді деуімізге әбден болады. Оның аты – Дархан Төлегенов. Актерлер құрамы да кілең жастар. Дебютанттың алғашқы жұмысы көпті тәнті етті. Тіпті, шетелдіктерді де бейжай қалдырған жоқ. Енді алдағы уақытқа зер саламыз. Бірінші шығармадан гөрі, екінші шығарманы жазу қиын, әдетте. Бірінші фильмнен гөрі, екіншісін ойдағыдай түсіру де оңай болмақ емес. Өйткені көпшіліктің назары ауады...
«Дала қасқыры»
Белгілі режиссер, бұған дейін ондаған фильм түсіріп, әлемнің талай елінен жүлдемен оралған Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» да өз көрерменін тауып үлгерді. Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде бас жүлде еншіледі. Ұйымдастырушылардың өзі тәнті боп: «Әділхан Ержановтың фильмін көру бақыты бұйырды. Қазақ киносының жаңа тынысын сездік. Бізді Әділхан Ержановтың әлемі, эстетикасы қызықтырады» деген сыңайда хат жазғанын ақпарат құралдарынан оқыған болатынбыз. Демек, бұл фильмнің көрерменін өзіне тартар магиясы бар деген сөз. Әділхан Ержанов символикаға баса мән беретін суреткер. Оның «Үкілі кәмшат», «Сары мысық», «Қап-қара адам», «Голиаф» секілді онға жуық туындысы көрерменнің қызығушылығын тудырған. Алғашқы фильмдерінің бірі «Үкілі кәмшаттағы» таңба тілі, символикалық емеурін, өнердің түрлі жанрларына сілтеме берген терең ізденісі кейінгі фильмдеріне де тән ерекшелік, авторлық жол. «Дала қасқыры» – баласын іздеген ана жайында өрілген жұмыс. Режиссер қауқарсыз жандардың қажырын паш етеді. Әр фильмінде айтылатын Қаратастағы оқиғаның тағы бір қыры ашылады. «Голиафта» әйелінен айырылған, тұтас Қаратасты шеңгелдеп алған үстем топпен алысса, мұнда өзінің ботасын іздеген бозінгендей ана тағы да сол секілді ортамен тайталасып, шарқ ұрады. Баласы үшін барын салып күреседі. Қаратастағы қатал заңға да мойынсұнып, олардың ережелеріне де көнеді. Әділхан Ержанов Қаратасты жан-жақты ашуға ұмтылыс жасап келеді. Мұндағы Қаратас – тұтас бір жүйе, былыққа батқан, іріген, полицейінен тартып, әкімқара, ауыл адамдарына дейін озбыр, өзімшіл, ақыл-естерінің түзу екеніне де күмән бар жазғандар. Әділхан әр фильмінде Қаратас тұрғындарын әр қырынан көрсетуді жоспармен жүзеге асырып келе жатқандай. Әділхан Ержанов – өз фильмдерінің денін өзі қаржыландыратын еңбекқор режиссер. Ол жылына бір, кей жылдары екі фильм түсіруі мүмкін. «Партизандық кино» өкілі ретінде ол өнерге шексіз берілгені үшін де өзінен соңғы буынға үлгі. «Дала қасқыры» – режиссердің шедеврі демейміз, бірақ көрермен көрсе, көп ой түйері анық. Әділхан Ержановтың кез келген туындысын көрсеңіз, өкінбейсіз. Оның фильмдерінде арзан әзіл мүлдем жоқ десек болады, бірақ ащы юмор бар. Сарказм басым. Тура өзіңді-өзің мазақтап тұрғандай өзгеше күй кешесің. Ол ойланту үшін жұмыс істейтін режиссер. Дайын дүние ұсынбайды. Өнердің мағынасы – ой айтудан бұрын ойланту болса керек.
«Дала қасқыры»
Белгілі режиссер, бұған дейін ондаған фильм түсіріп, әлемнің талай елінен жүлдемен оралған Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» да өз көрерменін тауып үлгерді. Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде бас жүлде еншіледі. Ұйымдастырушылардың өзі тәнті боп: «Әділхан Ержановтың фильмін көру бақыты бұйырды. Қазақ киносының жаңа тынысын сездік. Бізді Әділхан Ержановтың әлемі, эстетикасы қызықтырады» деген сыңайда хат жазғанын ақпарат құралдарынан оқыған болатынбыз. Демек, бұл фильмнің көрерменін өзіне тартар магиясы бар деген сөз. Әділхан Ержанов символикаға баса мән беретін суреткер. Оның «Үкілі кәмшат», «Сары мысық», «Қап-қара адам», «Голиаф» секілді онға жуық туындысы көрерменнің қызығушылығын тудырған. Алғашқы фильмдерінің бірі «Үкілі кәмшаттағы» таңба тілі, символикалық емеурін, өнердің түрлі жанрларына сілтеме берген терең ізденісі кейінгі фильмдеріне де тән ерекшелік, авторлық жол. «Дала қасқыры» – баласын іздеген ана жайында өрілген жұмыс. Режиссер қауқарсыз жандардың қажырын паш етеді. Әр фильмінде айтылатын Қаратастағы оқиғаның тағы бір қыры ашылады. «Голиафта» әйелінен айырылған, тұтас Қаратасты шеңгелдеп алған үстем топпен алысса, мұнда өзінің ботасын іздеген бозінгендей ана тағы да сол секілді ортамен тайталасып, шарқ ұрады. Баласы үшін барын салып күреседі. Қаратастағы қатал заңға да мойынсұнып, олардың ережелеріне де көнеді. Әділхан Ержанов Қаратасты жан-жақты ашуға ұмтылыс жасап келеді. Мұндағы Қаратас – тұтас бір жүйе, былыққа батқан, іріген, полицейінен тартып, әкімқара, ауыл адамдарына дейін озбыр, өзімшіл, ақыл-естерінің түзу екеніне де күмән бар жазғандар. Әділхан әр фильмінде Қаратас тұрғындарын әр қырынан көрсетуді жоспармен жүзеге асырып келе жатқандай. Әділхан Ержанов – өз фильмдерінің денін өзі қаржыландыратын еңбекқор режиссер. Ол жылына бір, кей жылдары екі фильм түсіруі мүмкін. «Партизандық кино» өкілі ретінде ол өнерге шексіз берілгені үшін де өзінен соңғы буынға үлгі. «Дала қасқыры» – режиссердің шедеврі демейміз, бірақ көрермен көрсе, көп ой түйері анық. Әділхан Ержановтың кез келген туындысын көрсеңіз, өкінбейсіз. Оның фильмдерінде арзан әзіл мүлдем жоқ десек болады, бірақ ащы юмор бар. Сарказм басым. Тура өзіңді-өзің мазақтап тұрғандай өзгеше күй кешесің. Ол ойланту үшін жұмыс істейтін режиссер. Дайын дүние ұсынбайды. Өнердің мағынасы – ой айтудан бұрын ойланту болса керек.
Әзірлеген
Т.ӨСКЕНБАЙ