Сыртқы саясаттағы серпіліс жылы
Осылайша, биыл да еліміз көпвекторлы бағыттан таймай дамып, көрші елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлді.
Жалғасын тапқан жемісті сапарлар
2024 жылы Президенттің шетелге жасаған сапарлары еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, әріптес мемлекеттермен сенімді серіктестік орнатуға ықпал етті. Бұл сапарлар елдің стратегиялық мүдделерін жүзеге асыруға және халықаралық қауымдастықта беделін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болды. 19 қаңтар: Италия және Ватикан. Қаңтардың 19-ы күні Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Италия астанасы Рим қаласына барды. Бұл сапардың мақсаты – Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру. Президент Италия басшыларымен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады. Сонымен қатар Қазақстан басшысы Ватиканға барып, Рим Папасымен кездесті. Бұл кездесу Қазақстанның мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға бағытталған бастамаларына қосымша серпін берді.
13-14 ақпан: Катар. Ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Катар астанасы Доха қаласына ресми сапармен барды. Бұл сапардың нәтижесінде Қазақстан мен Катар арасындағы инвестициялық жобалар талқыланып, энергетика, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты келісімдер жасалды. Сонымен қатар Катар мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 21 ақпан: Ресей (Қазан). 21 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазан қаласына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар барысында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ аймақаралық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылды. Президент Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екеніне ерекше тоқталды. 11-12 наурыз: Әзербайжан. Наурызда Мемлекет басшысы Әзербайжанға мемлекеттік сапар жасады. Бұл сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту болды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы тауар тасымалын арттыру, көлік және логистика саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісті. Сонымен қатар мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған келісімдерге қол қойылды. 5 сәуір: Өзбекстан. Сәуір айында Қазақстан Президенті Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Президент Ташкент және Хива қалаларында ресми кездесулер өткізіп, екіжақты әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Сапар барысында екі ел арасындағы сауда көлемін арттыру және шекаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімдер жасалды. 9 мамыр: Ресей. 9 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласында Жеңіс күніне арналған әскери парадқа қатысты. 22-24 мамыр: Сингапур. Мамырда Мемлекет басшысы Сингапурға мемлекеттік сапар жасады. Президент Сингапурдың саяси және іскерлік топтарымен кездесіп, цифрлық экономика, инновация және жасыл технология салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізді. Бұл сапар Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен әріптестік байланыстарын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. 4–5 қараша: Франция: Қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен барып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды кездесулер өткізді. Келесі күні, 5 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен Елисей сарайында кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Президенттер бірқатар келісімдер, меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойды. Жалпы, биылғы Президент сапарларының нәтижесін 3 түрлі топқа бөліп қарастыруға болады. Алдымен, саяси байланыстарды нығайту. Яғни, әріптес елдермен саяси қарым-қатынастарды тереңдету мақсатындағы және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі бірлескен бастамалар талқыланды. Экономикалық ынтымақтастық: ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға және қазақстан экспортын арттыруға бағытталған келісімдер жасалды. Жалпы, еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі – экономикалық дипломатия. 2024 жылы еліміз ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясы үдерісіне, оның ішінде индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыруға халықаралық ресурстар мен әлеуетті тартуға ерекше мән берді. Сонымен қатар, озық шетелдік технологияларды енгізу және жаңа жоғары технологиялық салаларда халықаралық әріптестікті дамытуға күш салынды. Үшінші бағыт – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадамдар мен білім беру саласында тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді.
Биік мінберлерде көтерілген бастамалар
Жоғары деңгейдегі халықаралық бастамаларды көтеріп жүрген ел ретінде Қазақстанның орны айқындалып келеді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жобалар мен форумдарға бастамашы болып, биік мінберлерде маңызды бастамалар көтеріп, еліміздің әлемдік аренадағы үні мен орнын айқындауға үлес қосты. Бұл, сондай-ақ еліміздің маңызды жаһандық мәселелерге қатысты өз көзқарасын, олардың шешімін табуға жәрдемдесе алатындай әлеуетін танытады. Сол бастамалардың ең негізгілеріне тоқталып өтейік. «Орта державалардың» уақыты келді. Биылғы мамырда Euronews-ке берген сұхбатында Мемлекет басшысы «Орта державаларды» белсенді әрекет етуге шақырып, дүние жүзіндегі шиеленіскен жағдайды реттеуге осы орта күштердің әлеуеті зор деген пікірін жеткізді. Президент Тоқаев халықаралық алаңдарда сөйлеген сөзінде Қазақстанның «орта держава» екенін жиі айтады. Бітімгерліктің алаңы. 2024 жылы Қазақстан Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік шарты бойынша келіссөздер жүргізу үшін Алматыда алаң ұсынды. Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстың тарихы тереңде жатыр. 2024 жылы Қазақстан бұл қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу үшін нақты қадамдар жасады. Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды. БҰҰ Бас Ассамблеясындағы бастамалар. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Президент Тоқаев көпжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, жаһандық қауіпсіздікке қатысты жаңа көзқарасын жеткізді. Соның ішінде Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Алматы – орнықты даму мақсаттарының орталығы. Президент Алматыда БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары орталығын ашуды ұсынды, бұл Қазақстанның жаһандық бастамаларда белсенді екенін көрсетеді. Киберқауіп – жаңа сын-қатер. Президент ШЫҰ елдеріндегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды. Ортақ инвестициялық алаң құру қажет. ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өз күшінде қалды. Президент инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажет екенін жеткізді. Бастысы – бейбітшілік. Шілдеде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Тоқаев Қазақстанның бейбіт күш-жігерді қолдауға қатысты ұстанымын растады. Ядролық қарудан азат әлем құру. Қазақстан биыл да ядролық қарудан азат әлем құру бағытында ғаламдық декларацияны әзірлеуге белсене атсалысты. One Water Summit: жаңа жаһандық зерттеу орталығы қажет. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп жаһандық су проблемаларын шешуге бағытталған «One Water Summit» халықаралық форумын ұйымдастырды. Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды зерттеу және қорғау үшін жаһандық зерттеу орталықтарын біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
Халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның рөлі
2024 жылы Қазақстан алты бірдей ықпалды халықаралық ұйым мен бірлестікке төрағалық етіп, жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде белсенділік танытты. Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Қазақстанның төрағалығы кезінде ШЫҰ-да Экология жылы жарияланып, қоршаған ортаны қорғау саласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастама ұйымға мүше мемлекеттердің экологиялық мәселелерге назарын аударып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы. ҰҚШҰ-ға төрағалық ете отырып, Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, әскери ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге баса назар аударды. Бұл бағыттар ұйымның тиімділігін арттыруға және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Қазақстанның төрағалығы барысында АӨСШК шеңберінде сенім шараларын нығайтуға бағытталған Жол картасы қабылданып, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Түркі мемлекеттері ұйымы. ТМҰ-ға төрағалық ете отырып, Қазақстан түркітілдес елдер арасындағы экономикалық, мәдени және саяси байланыстарды нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл қадамдар ұйымның өңірлік ықпалын арттыруға және мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын күшейтуге септігін тигізді. Аралды құтқару халықаралық қоры. АҚХҚ-ға төрағалық еткен Қазақстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды іске асырып, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласында өңірлік ынтымақтастықты дамытуға үлес қосты. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы. Қазақстанның АҚИҰ-ға төрағалығы барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту және мүше мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл шаралар ислам әлеміндегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды. Қазақстанның бір жыл ішінде бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі еліміздің жаһандық және өңірлік мәселелерді шешудегі белсенділігін көрсетті, бұл алдағы маңызды қадамдардың алғышарты болмақ.
Қазақстан «орта держава» атанды
Биыл Қазақстан алғаш рет «Орта державалар» қатарына кірді. Бұл туралы Германиядағы «Ғылым және саясат қоры» талдау орталығы өз мақалалар жинағында жазды. Биылғы мамырда осы тақырыпта Президент Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары аясында 46-Сингапур лекциясында дәріс оқыған болатын. «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбындағы дәрісте Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық пен орнықты дамудағы орта державалардың алатын орны, атқаратын рөлі мен маңызына қатысты ойын ортаға салды. Одан бөлек, Euronews интернет-басылымында «Орта державалар мультилатерализмді құтқара алады» тақырыбындағы мақаласы жарық көрді. Дәрісте де, мақалада да Президент қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуал, бұлыңғыр уақытта алдағы жолды адаспай табу, әлемдік ынтымақтастық және ондағы Қазақстан мен басқа да орта державалардың рөлі сияқты маңызды мәселелерге тоқталып, бірқатар өзекті сұраққа жауап береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур сияқты «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды. Президенттің сөзінше, осындай жағдайда Қазақстан сияқты орта державалар өз аймақтарында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтауға, дамуға мүмкіндік беретін күш-қуаты бар маңызды ойыншыға айналып бара жатыр. – Аса ірі державалардың саясатындағы ауыртпалықтан ада біздің икемді жағдайымыз күрделі дипломатиялық ахуалға бағдарлануға және тыңнан сүрен салып, жол табуға мүмкіндік береді, – деп жазды Президент. Бұл мақалада да Мемлекет басшысы ұзаққа созылған қақтығыстарды шешу жолдарын іздеуде қол ұшын созудан қорықпайтынымызды айтады. Бұған мысал ретінде Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөз жүргізуге жасаған арағайындығымызды келтіріп өтеді. – Біз әлеміміздің жаңа тынысын ашу үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек, – деп жазды Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ол үшін алып, орта және кішігірім – барлық мемлекет атсалысуы қажет. – Алайда ірі державалар көпжақты процеске сенгісі келмейтіндіктен, ал кішігірім елдердің қажетті ықпалы жоқ болғандықтан, бұл істі қолға алу – орта державалардың міндеті. Қазақстан сияқты елдер бар күш-жігерін салып, бірігіп алға қадам басып, қатысушы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемдік аренадағы жауапты менеджер ретіндегі рөлімізді растауы керек. Мойнымыздағы жүк ауыр, бірақ табандылықпен, көшбасшылықпен және диалогқа деген адалдықпен біз бүгінгі қиындықтарды ертеңгі жетістіктерге айналдыра аламыз. Көпжақты жаңару дәуіріне жол ашайық, – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.
Жалпы, жылды қорытындыласақ, Қазақстан сыртқы саясатта тұрақты әрі салмақты бағыт ұстана отырып, өзінің халықаралық беделін нығайтып, жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. Сапарлар мен кездесулер жан-жақты байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ел игілігіне оң әсер ететін келісімдерге ұласты. Әлемді бірлік қана ұшпаққа жеткізеді. Ал бірлігі жарасқан бейбіт әлемнің бір бөлшегі болу Қазақстанның басты стратегиялық мақсаты болып қала бермек.