Семейде шыршадан құлаған мұғалімнің қазіргі жағдайы белгілі болды
Оның сөзінше, науқас есін жиды, барлық сұраққа жауап беріп жатыр.
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Семейде шырша безендіру кезінде құлап, ауруханаға түскен мұғалім Қуат Айтқалиевтің денсаулығына қатысты пікір білдірді.
Оның сөзінше, науқас есін жиды, барлық сұраққа жауап беріп жатыр.
«Науқастың жағдайы жақсарып келеді. Оған жарақат алған күні хирургиялық ем жүргізілген, бірақ бүгінгі таңда реанимацияда емес. Ол ем алып жатыр. Қайтадан қалыпқа келуі ағзасына байланысты. Біраз уақытты қажет етеді. Одан кейін реабилитациядан өткіземіз. Жағдайын әрі қарай бақылауда ұстаймыз», - деді Сәрсенбаева.
Айта кетейік, бұған дейін 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты.