Моншада отырып, жиһадқа шақырған шымкенттік сотталды
Сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Соттың мәліметінше, ер адам ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) айыпталған.
Сотта анықталғаны:
Сотталушы 2024 жылдың шілде айында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесінің бойында орналасқан моншада М., Е. және Ж.-мен кездесіп, «Мұсылман бауырлар» (аль-Ихван аль-Муслимун) террористік ұйымын қолдап, қарулы жиһад жасап, шахид болуға, хижрат жасауға қатысуға шақыруды насихаттаған.
Сотталушының кінәсі дәлелденеді:
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот қандай және неліктен жаза тағайындады:
Сот, сотталушының жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының ауырлығын, жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін толық мойындауын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, А.-ға ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.