Алматыда кикбоксшы Әли Серік кісі қолынан қаза тапты
Алдын ала мәліметтер бойынша, таныстар арасында жанжал болып, олардың біреуі пышақ қолданған.
«Алматы қаласынан қаралы хабар келді. Муайтайдан ересектер арасында әлем чемпионы Серік Али бұзақылар қолынан қаза тапты. Чемпионымыздың отбасына,туған-туыстарына қайғыра көңіл айтымыз. Бекем болыңыз», – делінген хабарламада.
Алматы қалалық полиция департаменті Алматыда 20 жастағы жігіт жанжал кезінде қаза тапқанын растады. Аталмыш іске қатысты деген күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
«20 жастағы ер адамды өлтіру факті бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, таныстар арасында жанжал болып, олардың біреуі пышақ қолданған», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, Әли Серік – танымал сингапурлық ONE Championship ұйымында өнер көрсеткен кәсіби кикбоксшы. Ол Titan Fight Club (Алматы) командасында болған. 2022 жылы, 17 жасында, Малайзияда өткен чемпионатта ересектер арасында муай-тайдан (А класы) әлемнің ең жас чемпионы атанды.
2023 жылы ол Бангкокта өткен ONE Friday Fights 16 турнирінде К-1 (кикбоксинг) ережелері бойынша кәсіби деңгейде дебют жасады.