T-LIFE

25 желтоқсан – жүрек-қан тамырлары аурулары ең көп тіркелетін күн

cурет: istockphoto.com

Америкалық жүрек ассоциациясының мәліметінше, желтоқсанның соңғы екі аптасында инфаркт пен инсульт жағдайлары айтарлықтай артады. Әсіресе 25 желтоқсан – жүрек-қан тамырлары оқиғалары ең көп тіркелетін күн. Жаңа жыл түні де жүрек талмасына қатысты қауіп жоғары.  

Суық ауа райы қан тамырларын тарылтады, бұл қан қысымын көтеріп, жүрекке қосымша жүктеме түсіреді. Солтүстік-Батыс университетінің кардиология профессоры Патриция Вассаллоның айтуынша, «суық температура жүректің қан айдау жұмысын қиындатады».  

Сонымен қатар, мереке қарсаңындағы стресстер де үлкен рөл атқарады. «Бұл уақыт кейбіреулер үшін қуанышты болса, басқалар үшін күйзеліс көзі болуы мүмкін. Жақынын жоғалтқандар, үлкен жиындарды ұйымдастырушылар немесе жақын туыстармен қарым-қатынаста қиындықтарға тап болғандар үшін бұл кезең оңайға соқпайды», – дейді Вассалло.  

Мерекелік қарбалас кезінде ұйқының азаюы, алкогольді шамадан тыс пайдалану және дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдамау жүрекке қосымша ауыртпалық түсіреді.  

Кардиологтар денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, суық күндері бас киім киіп, алкогольді шектеуге кеңес береді. Сонымен қатар, тыныштық сақтап, күнделікті режимді бұзбау да маңызды.