T-Newspaper

Шетел архивтеріндегі қазақ көшінің тарихы

«Архив-2025» мемлекеттік жобасы ая­сында ҚР Мәдениет және ақпарат министр­лігі­нің РММ «Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығының» мамандары алыс-жақын шет мемлекеттердің ғылыми мекемелерінде нәтижелі ізденіс жұ­мыс­та­ры­н жүргізген болатын. Аталмыш жоба ая­­­­­сындағы «Қолжазбалар және сирек кітап­тар ұлттық орталығы» мамандарының 2022 жылы Түркия мен Үндістан және 2024 жы­лы Ұлыбританияға жасалған ғылыми экс­педициясы барысында үлкен ғылыми жаңа­лықтар ашылды. 

Бұл – алғашқы рет анық­талған қазақтардың XX ғасырдың  40-50 жылдары  Алтайдан басталған көші­нің Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жет­кендігі жөніндегі тың архив құжаттары. Атап айтар болсақ, Үндістан ұлттық архив қор­ларынан «Кашмирге келген қазақтарға қа­тысты қабылданған шешімдер» (1941ж.), «Үндістанның Бхопал штатына қазақтарды орналастыру мәселесі, «Хайдарабадқа жібе­ріл­ген сұраныс хаттары» (1942ж.),  «Бхопал­да­ғы қазақтарға қатысты шығындар» (1946ж.) атты құпия құжаттар анықталды. (Бар­лығы 3 000 бет құжат). Британия ұлт­тық архив қорларынан «Қазақтардың Шың­­­­жаңнан Үндістанға көші және оның себеп­тері» (1951ж.), «Үндістан мен Пәкістандағы қазақ­тардың Түрияға бет алуы» (1952ж.), «Босқындар, Шыңжаң мұсылмандары Түркияда» (1967-1968жж.) (Барлығы 500 бет) атты құжаттар анықталып, көшір­ме­лері елге жетті. Тарихтың жаңа беттерін аша­тын құнды архив деректерін ғылыми ай­на­лымға енгізу аса маңызды. Бүгінгі таң­да, анықталған маңызды архив құжаттары ауда­рылып, сарапталып көш тарихына қа­тысты құжаттар жинағы әзірленуде.  Осы орайда, Түркия Республикасының Ыс­­­танбұл қаласындағы Мимар Синан атын­­­­­дағы  Өнер университеті 2024 жылғы 3-5 желтоқсан аралығында «Архив құжат­та­ры бойынша, 1940-1950 жылдары қа­зақ­тардың Үндістан мен Пәкістаннан Түр­кияға қоныс аударуы» атты Халық­ара­лық ғы­лыми-практикалық конференция ұйым­дас­тырды. Конференция жұмысына атал­мыш көш тақырыбын зерттеуші Үндістан, Қа­зақстан, Түркия Республикаларының та­рих­шы ғалымдары қатысты. Сонымен қа­тар шараға арнайы қонақ ретінде Ыстан­бұл­дағы Қазақ консулы Ғалымжан Ерім­бе­тов және Дүниежүзі қазақтар қауым­дас­тығының Түркиядағы өкілі, «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі Ержан Уәйіс  шақырылды.  Аталмыш іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» директоры, PhD докторы Ж.Болдыков, т.ғ.д., профессор З.Дүкенбеава және т.ғ.к., доцент Г.Бисенова қатысты. Конференция барысында Мимар Синан университетінің профессоры, т.ғ.д., Әбдіуақап Қара «1941-1952 жылдары Қазақ түріктерінің Үндістан мен Пәкістандағы өмірі» тақырыбы бойынша, Жаңа Дели университетінің профессоры Омэр Анас «Архив құжаттары негізінде қазақтардың Түркияға қоныс аударуына Үндістан үкіметінің көмегі» тақырыбында, Мимар Синан университетінің докторы, Ышыл Туна Пынар «Архив құжаттары аясында Қа­зақ түркілерінің Түркияға қабылдануы және қоныстануы (1952-1960жж.)» атты та­қырыпта,  Ыстанбұл университетінің Түр­кітану зерттеу орталығының ғалымы, док­тор Өмер Құл «Шығыс Түркістан Бос­қын­дар қоғамы және оның қызметі» тақы­ры­бында баяндамалар жасады. «Қолжаз­ба­лар және сирек кітаптар ұлттық орта­лы­ғы­ның» ғалымдары  баяндамаларында  атал­мыш көш тарихына қатысты Үндістан, Түр­кия, Ұлыбритания архив қорларынан анық­талған тың деректермен бөлісті. Ал­тай­дан басталған қазақ көшінің Үндістан, Пәкістан жеріне жетуі, халық саны, көшпен келген төрт-түлік саны, жергілікті үкімет та­рапынан қазақтарға бөлінген арнайы ай­мақтар, көмектер және елшіліктердің олар­ға тапсырған көші-қон куәліктері жө­ніндегі алғашқы ресми архив құжаттары тал­­­­­қыланды.   Алдағы уақытта анық­талған бұл құнды деректер сарапта­лып ғылыми айналымға енгізіліп, көш та­ри­­хын толықтыра түседі деген сенімдеміз.                     

Гүлсім БИСЕНОВА, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің РММ «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» ғылыми бөлім  сарапшысы