Нұрдәулет Ақыш: Шығармаларымның сюжеттерін өмірден алдым
– Сіз елге алдымен прозаик, соңынан ғалым ретінде танылдыңыз. Өмір жолыңыз жайлы деректерді шолсам, жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолыңыз баспаларда жұмыс істеуден басталыпты. Баспада жұмыс істеу сізге не берді? Нені үйрендіңіз және оның шығармашылығыңызға қандай да бір әсері болды ма?
– Мен туралы жазғандар немесе менен сұхбат алғандар осы уақытқа шейін ол жағын сұрамапты. Журналистердің ішінен менің еңбек жолымның қалай басталғаны туралы алғаш қозғап отырған өзің екенсің. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай қалдым да, немерелес шопан ағама көмекші болып жүрдім. Сонан кейінгі ресми еңбек жолымды түпкірдегі шағын ауылда кітапханашылықтан бастадым. Абай атындағы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) бітірген соң аудандық оқу бөлімінде инспектор болып істегенім тағы бар. Сонан жолдастардың шақыруымен Алматыға келгеннен кейін біраз уақыттан соң «Мектеп» баспасына корректорлық қызметке іліндім. Одан кейін жұмыс істеген баспаларым «Жалын» мен «Балауса» болды. Баспада жұмыс істеу маған біраз нәрсені үйретті, ең алдымен өзі ісіңнің маманы болуы керек екенін түсіндім. Сонан кейін еңбек тәртібін бой ұсынып, бойымдағы жауапкершілік сезімі бұрынғыдан да нығая түсті. Қиындау тигені – халтура кітаптармен күресу болды. Кейде ондай кітап авторларының артында әлдеқандай лауазым иелері тұрады екен. Сондайда қарапайым редактордың еститіні – «Жоспарға кірген, енді қалайда кітап етіп шығару керек» деген нығарлай айтылатын тұжырымды сөздер. Бірақ шынын айтқанда, баспа саласындағы қызметімнің өз басыма шығармашылық тұрғыдан елеулі ықпалы бола қойған жоқ. Өзім оқып, кітап болып шығып жатқан қолжазбалардан бірдеңе үйрендім деп те айтсам, жалған патетика болып шығар еді. Өз кітабымды шығарудың да қисынын келтіре алмадым.
– Ғылымға келгенше көптеген газет-журналда еңбек еттіңіз. Ғылым мен журналистика екі басқа әлем сияқты ғой, журналистикадан соң ғылым саласына ауысу қиын емес пе екен?
– Әдебиет сыншысы боламын деп үш ұйықтасам ойыма кірмейтін. Жазушы болсам деген қиялдың жетегімен Алматыға ат басын тіресем де, ыңғайлы қызметтің ретін келтіре алмадым. Ол кезде әдебиетке жақын газет-журнал редакциялары мен баспалар аз, барғаныммен қабылдай қоймайды. Осылай сандалып жүрген күндердің бірінде өзімнің курстасым, сол кездегі жас жазушы Нұржан Мұратәлі «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында істейтін Бекен Ыбырайымов сыншымен таныстырды. Ол маған салған жерден «Сен сын жазып көрдің бе?» деп сұрады. Мен бас шайқадым. Ол жүгіріп барып қолыма бір жұқалаң кітапты ұстатып тұрып бар айтқаны: «Осыған пікір жазып көрші». Кейін сол жазғаным «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сәл қысқарып жарық көрді. Сол-ақ екен, әлгі Бекенім «Прозаны жарыққа шығару қиын, ал сыни материалдар өтімді. Дұрыс жазылса, әдебиет сынының жариялануы жеңілдеу. Сыншылар жетіспейді» деп, тапсырма беріп жүрді. Сыншы ретінде атымның шыға бастағаны сол кез. Бір күні редакцияға бара қалсам, Бекен: «Қайда жоғалдың? Сені бас редактор сұрап жүр. Келсе, маған алып келші дейді» деді де, мені «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сайын Мұратбековке ертіп барды. Жазғандарым көңілінен шықса керек, ағамыз мені ұзамай қызметке алды. Әдебиеттегі жолымды ашуға себепкер болған осындай ізгі қаламгерлер мен сын жанрына әлі де қарыздармын. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа шақырылдым. Шақырғандар – институттың сол кездегі директоры Сейіт Қасқабасов пен институтта сабақ берген ұстазым Серік Қирабаев. Екеуі де есімдері көпшілікке мәлім академик әдебиеттанушы ғалымдар. Газет-журнал редакцияларында істегенде журналистикамен айналыспай тұра алмайсың ғой. Басшылықтың тапсырмасы бойынша әртүрлі тақырыптарға қалам тартуыма тура келді. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызметке кіріскен бастапқы айларда әуелі әдеби сын жазумен, жаңа кітаптарға пікірлер ұйымдастырумен шұғылдандым. Одан соң бас редактор болып келген Шерхан Мұртаза мені өнер бөліміне ауыстырды. Өйткені ол уақыттарда өнертанушы мамандар жетісе бермейтін еді. Сөйтіп жүріп проблемалық мақалалар, тіпті шаруашылыққа қатысты очерктер де жазғаным есімде. «Қазақстан мұғалімінде» білім беру мәселесін көтерсем, «Халық кеңесі» газетінде (кейін жабылып қалды) Парламент шолушысы деген қызметті атқардым. Кейін «Заң» газетінде жүріп тәуелсіздікке орай орныға бастаған демократиялық принциптер жөнінде проблемалық мәселелерді көтердім. Жалпы, өзім көңілшек адам болармын, өйткені осы аталған мерзімді басылымдардың бәріне басшыларының шақыруымен бара беріппін ғой. Журналистиканың шығармашылық тұрғыдан маған тигізген септігі – түрлі зерттеулердің нәтижесінде кейде әсерлі кейіпкерлер тауып алатынмын. Енді бірде сюжет етіп алуға тұрарлық оқиғаларды естисің немесе куә болып қаласың. Ол жағдайлардың өз алдына әңгіме етуге тұратын бір бөлек мәселе. Журналистикалық сапарлар барысында түрлі оқиғаларға да куә болып жүрдім. Солардың көбі болашақтағы әңгіме-повестеріме шығармашылық азыққа айналды. Ал тіл жағына келетін болсақ, өзің айтқандай менің қаламым әу бастан-ақ прозаға қарай бейімделіп қалыптасты. Кейбір жазғандарымда соның ұшқындары сезіліп қалатын. Ондайда үстімізден қарайтын редактор немесе орынбасары бейнелі тіркестердің мұртын басып, қарапайым сөйлемдерге айналдырып жатады. Ондай жағдайларға көп дауласа бермейтінмін. Бірақ қаламы тым батып бара жатса, қарсылық көрсетпей тағы тұра алмайтынмын. Бір рет «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Әбіраш Жәмішевтің қара қаламы қайшыдай сақылдап, біраз сөйлемдерімді «түзетіп» тастапты. Амал жоқ, бастыққа кіруіме тура келді. Шерағаң Әбекеңді шақырып алды да, түпнұсқамен Әбекеңнің редакциясын салыстырып отырып, сабырлы түрде: «Все-таки он прав» деді орысшалап. Кейде шабыттанғанда немесе түйткілді мәселе қозғалғанда осылай орысша сөйлеп қоятыны бар еді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, журналистикада жүріп, оның салқынына көп ұрынбадым, публицистикалық тіл қолданысының ығында кетпедім деп ойлаймын. Ал үнемі публицистикалық мақалалар жаза берсең, ағаштай қатып қалған қасаң тілдің көркем прозаға көлеңкесін түсіруі әбден мүмкін.
– Дегенмен баспасөзде еңбек етіп жүріп, көптеген прозалық шығарма жазып, жазушы боп танылдыңыз. Шығармаларға материалды қайдан аласыз, сюжеттерін түгелдей ойдан шығарасыз ба, не өз басыңыздан өткен оқиғаларды көркем шығармаға айналдырасыз ба?
– Шығармаларымның көпшілігінің сюжеттерін өмірден алғанмын. Оларға негіз болатын – бастан кешкен оқиғаларым мен әр кезде ел-жұрттан естіген әңгімелерім. Сол сияқты кейіпкерлерімнің прототиптері де өмірде болған жандар. Мысалы, менің әдебиетші қауым тарапынан алғаш баға берілген (Бердібек Соқпақбаев жақсы пікір жазды) «Қоңыр өгіздің» (кейін «Қадірсіз қоңыр» болып өзгертілді) бас кейіпкері – өз әкем Бәбихан. Әңгімеде ол «Бәбең ақсақал» (ауыл-аймақ әкемнің есімін осылай атайтын). Сол сияқты, балаларға арналған шытырман оқиғалы «Жұмбақ іздер» повесіндегі Қайса ақсақал – әкемнің туған інісі. Басқасына шолу жасап жатпай-ақ, 2010 жылы шыққан «Бейуақта жанған от» атты прозалық жинағымдағы жекелеген кейіпкерлер өзім көрген, аралас-біліс болған адамдар. Мысалы, «Баба Таня», «Бейуақта жанған от», «Көзбен көрген... өтірік» және басқа әңгімелерім мен «Сезім жетегіндегі жігіт» повесінің кейіпкерлері – осындай нақты кісілер. Тіпті, «Бейуақта жанған отта» өз ауылымдағы Ақылбек қария мен Қабылхан, Шеризат сияқты сыныптас достарым өз есімдерімен жүр. Өз басым көбінесе «Арық сөйлеп, семіз шығу» принципін ұстанамын. Жазып жатқаныма жарық көргеннен кейін оқырмандарымның көңілі қалып жүрсе ше? Сондықтан не жазып жатқанымды айта бермеймін. Оның үстіне жазушылар арасында шығармашылық бәсекелестік деген болады. Менен мін іздегісі келетіндер де жоқ емес. Солардың көңілдері көншісін деген ойым да болса керек. Бәзбір пікір айтушылар менің «Аласа таулар аясында» деген туындымды «Мемуарлық шығарма» деп жазыпты. Осы арада айта кететін нәрсе – өмірбаяндық шығармалардың бәріне «Мемуар» деп айдар тағу қисынға келе қоймайды. Мемуарда әңгіме болып отырған кезеңдегі тарихи өмір келбеті, ірі қомақты мәселелер мен тарихи тұлғалар туралы да сөз қозғалғаны абзал. Сондай талаппен қарағанда менің балалық шағым туралы жазылған «Аласа таулар аясында» – мемуарлық деңгейге көтерілмеген, жай ғана өмірбаяндық көркем туынды. Сол балалық шақта есте қалған жекелеген оқиғалар мен эпизодтарды тізбелеп жазып жүретінмін. Өзім және балаларым үшін керек болар, ұрпақтарым білсін деген ой ғой баяғы. Сонан жылдар өте келе, көлемі қампайып, еріксіз қомақтанып кетті. Іріктеп «Жұлдыз» журналына апарғанымда, бас редактордың орынбасары Тұрысбек Сәукетай оқып шықты да: «Бұның жанры – роман» деді.
– Балалар әдебиетіне қаламгерлердің көбі жолай бермейді. Сіздің балалар әдебиеті бойынша жазған шығармаларыңыз кезінде жақсы бағаланып, жүлделерге ие болыпты. Балалар әдебиетіне қалам тартуыңызға не себеп болды?
– Балалар мен жеткіншектерге арнап жазған төрт повесім бар. Төртеуі де шытырман оқиғалы шығарма, былайша айтқанда «приключение» жанрында жазылған. Өткен жылдары төртеуін біріктіріп, «Тау ішіндегі тауқымет» деген атпен бір кітап етіп қайта бастырдым. Осылардың ішіндегі кітапқа аты берілген повесіме байланысты шығармашылық кездесулерде жиі айтылады. Оның да себебі жоқ емес. Өйткені бұл – қазақ альпинстері туралы оқиғалы туынды. Қазақ прозасында бұрын-соңды жазыла қоймаған деп айтуыма да болады. Ер балаларды жүректілікке шақыра ма деген оймен қолға қалам алдым-ау деймін. Жоспарлап жатпастан, кірісіп кеткенім рас. Екіншіден, студент кезімде бір жылы еріксіз альпинизммен айналысуыма тура келді. Мен командасына кірген студенттердің құрылыс отряды қазіргі Медеу стадионының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстарға жегілді. Стадионның күн батыс жағында Мохнатая деп аталатын шыңдар жүлгесі бар. Содан төмен сырғыған қар көшкіндері мен домалаған тастар стадионға қауіп төнгізуі мүмкін екен. Инженерлер соларды белдеулеп темір қоршаулар тұрғызу керек деп шешіпті. Біздің құрылыс отрядының айналысқаны осы шаруа. Ол үшін бәрімізді алдымен альпинизм әліппесіне үйретті. «Құз хикаясы немесе тау ішіндегі тауқымет» атты шытырман оқиғалы повесті жазу барысында кәдеме жарағандар – сондағы алған білімім мен дағдыларым. Қазір балалар әдебиетіне оқта-текте ғана қалам тартам. Уақыт деген құдіреттің шеңгелін бұзып-жарып шығуға дәрменім жете қоймайды. Есесіне екі томдық «Қазақ балалар әдебиетінің тарихын» жазып шықтым.
– Әскери тақырыпта «Таң алдындағы дабыл», «Саяқ жауынгер» атты повестер жаздыңыз. Жалпы, кезінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаламгерлер болмаса, бұл сала туралы жазатын қаламгерлер аз. Сізге әскери тақырыпта жазу ауыр тимеді ме?
– Әскери тақырып менің шығармашылық стихиям емес еді. Бұл тақырыпқа қалам тартуыма себеп – жас кезімде өзім еркіммен сұранып, Кеңес армиясы қатарында қызмет етуім. Бұл сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басы болатын. Сол жылдары КСРО Оқу министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің арасында бір келісімшарт жасалыпты. Онда мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнін енгізу керектігі жөнінде айтылған екен. Ол үшін педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіруші жігіттерді қысқаша әскери курстарда оқытып, офицерлік шен беру жағы да қарастырылатын болды десіп жүрді. Институтты бітіріп жатқан уақытымызда қаланың кейбір балаларын бірден-ақ әскерге шақыра бастады. Солардан қалғым келмей, Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық әскери комиссариатына барып, өтініш жаздым. Ондағы мақсатым – егер кенет өз еліме барған соң, менің мамандығым бойынша мектептен орын табылмай жатса, әскери дайындық бойынша мұғалім болып орналасып қалармын деген дәме. Оның үстіне елге барсаң да, қайта-қайта әскерге шақыра беретін жағдайдан хабардармын. Сөйтіп, тура бір жыл әскердің керзі етігін киіп, әскери полигондардың оқ-дәрісінің түтіні мен шаңын жұтып, түрлі қиыншылықтарды басымыздан өткіздік. Сондағы менің ұстанғаным – ер жігіт болған соң өмірді көре жүріп, бәріне де шыдауымыз керек деген принцип. Өзім жазушы болсам, өмірімнің белгілі бір кезең болған әскердегі айларды қалай аттап кетпекпін. Осы тақырыпқа екі повесть жаздым. Оның біреуі жабық бәйгеден жүлделі орынға ие болды. Бірақ кеңестік идеологияның қуатты заманында әскери өмірдің келеңсіз жақтары жайлы ауыз аша алмадым. Цензура мұрсат бермейтін еді. Сол екі шығармама өз көңілім толмайды. Егер Алла ғұмыр беріп жатса, қайта айналып соқсам деп те қоямын.
– Ұлт тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі туралы «Алтынсарин алауы» атты роман жазып жарияладыңыз. Бұл тақырыпта бұрын Жайсаңбек Молдағалиевтің «Таза бұлақ» (1961 ж), Морис Симашконың «Колокол» (1981 ж) романдары болды. Бұрын көлемді туындылар жазылған тақырыпта тағы да көлемді шығарма жазуға қандай қажеттілік болды? Сіз Алтынсарин туралы жазғанда тарихи тұлғаның бұрынғы авторлар жазбаған қандай қырларын аштыңыз? Романыңыз туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Иә, Ыбырай Алтынсарин туралы іргелі шығарма жазу ертеден көңілімде жүрген еді. Оған себеп – жаңағы өзің айтқан туындылардың ешқайсысы ұлы ағартушының өмірін толық қамти алмағандығы, олардың фаубласының ішіне өмір шындығынан алыс жатқан, қиялдан туған оқиғалар мен эпизодтардың кірігіп кеткендігі және ең бастысы кеңестік идеологияның сарынымен жазылғандығы. Олардың көркемдік деңгейі туралы таласпаймын, бәлкім, оқырманға эстетикалық ләззат сыйлайтын жоғары деңгейде жазылған шығар. Өзіңіз ойлап қараңызшы, ұлы Абайымыз бен Шоқанымыз жайлы бүкіл өмір жолдарын қамтыған салмақты дүниелер өмірге келді. М.Әуезовтің жазғаны тетралогия болса, С.Мұқановтың туындысы трилогия болып шықты. Ал қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі олардан бірде-бір кем емес Ыбырай Алтынсарин туралы ғұмырбаяндық көркем шығарма жоқ. Әлгі айтылған туындылар ұлы тұлғаның өмірдегі белгілі бір кезеңдерін ғана қамти алған. Көлемдірегі – М.Симашконікі, бірақ оның өзінде де қазақи рух бәсең, автордың меңзеуінше, біз сияқты көшпенді халыққа мәдениет әкелген басқалар екен. Алтынсарин жөнінде өмірін толық көрсете алатын бір көркем шығарма жазу жөнінде сол өлкеден шыққан кейбір қаламгерлерге айтып та жүрдім. Олар «Дұрыс» деп мақұлдайды, бірақ түбегейлі ұмтылып жатқандарын байқамадым. Тек Ақылбек Шаяхметов Ильминскиймен қарым-қатынасы жөнінде пьеса жазыпты. Ыбырайға сүйіспеншілігім бала кезден қалыптасқан еді. Ақыры, өзім қолға алдым. Бұл ауқымды жұмыстағы менің басты кеңесшім – Қостанайда тұратын көзі тірі ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы болды. Арнайы Қостанай, Торғай өлкелеріне барып та қайттым. Енді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының архивтер жөніндегі жобасы бойынша Ресей қалаларындағы Ыбырай ізімен жүріп қайтсам деймін. Төрағаның орынбасары Қасымхан Бегманов уәдесін беріп отыр. Егер сол сапарым іске асса, романның екінші кітабын тездетіп бітіруге тырысамын. Әрине, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан мен тұлғалы жазушылардың деңгейіне жете алмаспын. Бұл жағынан өзіме меже етіп отырғаным – Дихан Әбілевтің Сұлтанмахмұт Торайғыров жөнінде жазған «Ақын арманы», «Арман жолында» деген романдары.
– Ғалым-әдебиеттанушы ретінде айтыңызшы, қазіргі қазақ әдебиетінің беталысы қандай? Ұлттық әдебиеттің өзіндік жолы болады дейміз, сол сақталып, дамып жатыр ма, әлде шетел әдебиетіне еліктеушілік басым ба?
– Ұлты бар жерде ұлттық әдеби болмыс сақталатыны анық қой, өйтпесе оның несі ұлттық әдебиет? Әртүрлі ізденістер, эксперименттер, өзге елдің әдебиетіне еліктеушілік бола береді. Бірақ классикалық қазақ әдебиеті жоғалмайды деп сенем. Ал енді бүгінгі прозадағы тілге тоқталсақ, кейінгі кездері көркем әдебиеттегі тіл ептеп жұтаңдап бара жатқаны рас. Қазақтың үлкен қаламгері, көрнекті прозашымыз Қалихан Ысқақов өмірден озарынан бірнеше жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қазіргі прозада тіл жоқ, бейнелі сөз жоқ» деп айтып кеткен еді. Қазір қарапайым жазамыз деп қарабайлыққа ұрыну, көркемдіктің кейбір талаптарын мойындамау, ескермеу жағдайлары орын алып жатқаны – шындық. Мұны сыншылар «Тілге немқұрайлы, салақ қарау» деп жазады. Ал менің ойымша, бұл – таланттың жетіспеушілігі, ізденістің аздығы. Енді адам өзінің белгілі бір күшінен артық салмақты көтере алмайды ғой. Таланты тапшы адамдарға «Сен мықты жазуың керек, тілдің қадір-қасиетін төмендетпе» деп қаншалықты талап қойсаң да, ол оны орындай алмайды. Өйткені деңгейі – сол. Шынын айтқанда, әдеби норма түгілі, ауызекі сөйлеу нормасын дұрыс орындай алмай жатып, мағынасы терең шығарма жазамыз деп азуымызды айға білейтін кездеріміз де жоқ емес. Тіпті, жас қаламгерлердің арасында қазақтың қарапайым фразеологиялық тіркестерін де дұрыс орнымен пайдалана алмайтындар бар. Сонымен бірге, ескіден келе жатқан сөздерді, бейнелі тіркестерді де тым сирек кездестіреміз. Талай шетелдіктерді тамсандырған қазақтың көркем де бай тілінің қазынасын, міне, осылайша кемітіп жатырмыз. Осының бәрін көріп-біліп тұрып немқұрайлы қарауға тағы болмайды. Тілге салақтықты көріп жүрсек те, соңғы уақыттары сынау арқылы мінді түзеуге әрекеттенген әдебиеттанушылардың немесе тілші ғалымдардың мақалалары азайып тұр. Анда-санда тиіп-қашып қана айтылады. Бірақ айтылған сындарды қазіргі жас қаламгерлер қабылдай қойса жақсы. Оған да күмәнім бар. Мен тек өзім кездестіргендерді ғана сөз етіп отырмын. Бәлкім, бұл мәселені түбегейлі жолға қою үшін үлкен талқылаулар ұйымдастыру керек шығар. Әсіресе, қазір әлеуметтік желі мен теледидардың пәрмені зор болып тұрған уақытта ана тіліміздің көркемдігін кемітпеу мәселесін тереңінен талқылап, жан-жақты сөз етіп отыру қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ