Уақытты тоқтатқан адам
Табиғат дыбыстары – болашақ музыканың уәдесі. Аққан су, соққан жел, жауған жаңбыр мен ұшқан құс, жүгірген аңның өзіне ғана тән сипатын, ерекшелігін сезініп, оны зерделеп, әуенге айналдыру нағыз талант пен еңбектің жемісі десек асылық болмас. Оны аспаппен әрлеу, өнер деңгейіне көтеру, тыңдарманға жеткізу салмағы одан да ауыр жүк болмақ. Көлеңке басы ұзарып, көкжиектің қызыл мұнары қоюланып, күн қонақтауға бет алған шақта Пекин шәрінде жұмыс аяқталуға жарты сағат шамасында қалған. Кенет тұман аралас түтіннен аспаны көрінбейтін алып шаһардың төрт көше түйілістерінде, сауда орталықтарында, әлдебір жол бағаналарында іңір қараңғысына жетпей Кенни Джейдің Going Home мелодиясы қосылады. Әрбір қалтарыс бұрыштардың сағасынан еңірей қашқан сынық әуез адам бойына беймәлім жылу, белгісіз жайлылық сыйлайды. Еуропалық әлде Латын Америкалық болсын немесе әлемнің кез келген түпкіріндегі бір халықтың қазақтың домбыра аспабын, күйін білмейтіні, яки өмірінде тыңдап көрмегені туралы кесіп айтуға болады. Ондағы құдіретті сезінбегені әлде дұрыс, әлде өкініш. Сол тақылеттес қазақ халқына етене жақын емес, толық сіңбеген, сыбызғының туысқаны іспетті саксафон аспабының кереметтігін, әуезділігін, адамның жан ариясын суреттеуде көп мүмкіндікке ие екенін жоғарыдағы жылы сазды тыңдай отырып түйсінесіз. Алпыс екі тамырыңды идіретін, тұңғиыққа батыратын шер тарқатар қайғыдан аулақ. Алып ұшқан ерек көңіл, желпінген мінез де емес. Тек бір дүниені ескерткісі келетін қимылсыз ишара, үнсіз емеурін. Жадыңнан баяғыда ұмыт болған сағыныш сазына толы жылы толқын-ды. Бұл тұрғылықты халықтың бір күнгі шаруасын тәмамдап, көңілді күйде үйіне қайтуына берілген белгі сазы. Құлаққа сондай етене таныс әуенді тыңдап қарайған халық үйіне, жанұясымен қауышуға асығады. Оларға бұл саз үйге қайтар алдында қосылатын бейресми әнұранға айналып кеткендей еді. Музыкалық композиция көптеген адам үшін сағыныш, тыныштық және үйге оралу сезімін тудырады. Тіпті, Going Home мелодиясын «Үй» деген ұғымға алмастырсақ та ыңғайға келеді. Өйткені бір күнгі қарбалас тірлікті аяқтаған адамдар осы әуенді тыңдаған сәтте-ақ бірден үйіне қайтуды ойлайды. Сондай жан тыныштығын сыйлайтын рақат сезім. Кейбір деректерде шөлді дауылда, буырқанған теңізде қызмет атқаратын жауынгерлер жапалы жұмыстан айлап, жылдап барып үйіне оралады. Олар тыңдайтын «Қарулы күштер» радиосында осы әсем саз, жылы толқын жиі қосылса керек, әрбір азаматтың үйіне қайтуына, ата-ана, бала-шағасымен аман-есен қауышуына осы мелодия ұлы күш, асқақ шабыт сыйлайды екен. Мұндай жанашыр сезімді оятар мысалдар көптеп кездеседі. Айталық, ұзақ жолда жүретін жүк көлігін жүргізушілер сапар барысында шексіз сағаттарды өткізіп, үйге қайтар соңғы күнінде осы жағымды әуенді тыңдап сағыныштан еріксіз көз жасына ерік береді. Талай жас жұбайлардың естелігіне айналып, үйлену тойында қосылған бақыт симфониясы да осы – Going Home мелодиясы. Ұзына ғұмырды бірге өткізген егде отбасының бірі пәниден озғанда, екіншісінің аңсарын басар арқау жұбанышы да осы – сұлу әуез. Олар оны соңғы тұрағына, мәңгілік үйіне қайтты деп есептейді. Бір ыңғайда күйбең тіршіліктен, мәнсіз өмірден ауашалайтын, адамдарды мәңгілік мекеніне қайтаратын аза дауысы іспетті. Музыка – адамзаттың тарихындағы ең көне және ең құдіретті өнер түрі. Ол адамның жан дүниесіндегі бостықты терең сезімдермен толтыратын шипа дәрі, асыл дауа. Going Home мелодиясы соның үдесінен шыққан ғажап туынды. Иә, адамның үйге қайтуы – адам айтып жеткізе алмайтын ұлы сезім. Ол сәтті әрбір адам баласы басынан өткереді. Соған асығады, аңсайды… Бұл ұғымды болмыстың биік деңгейіне көтерген философиялық тұжырымдар да бар. Гомердің «Одиссея» эпосында маңызды тақырыптардың бірі – Одиссейдің үйге қайтуы. Ол ұзақ және қауіпті сапардан кейін үйіне оралуға тырысады. Бұл адамзаттың өз түпкі мақсатына жетуге, түпкі болмысына қайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Мартин Хайдеггер немесе Жан-Поль Сартр, Альбер Камю сияқты экзистенциалист философтар үшін үйге қайту – адам өмірінің мәнін іздеу, өзін-өзі түсіну және шынайы болмысына жету сияқты терең мәселелерді қамтиды. Көптеген діни және рухани мәтінде адамның «Үйге қайтуы» рухани жолдың аяқталуы, Құдайға немесе жоғарғы болмысқа оралу ретінде қарастырылады. Бұл тұжырым буддизм, христиан, ислам және басқа да діндерде кездеседі. Адамның үйге қайтуы туралы бұл тұжырымдар адамның өз түпкі мәніне, өмірлік мақсаттарына, рухани немесе экзистенциалдық түпкі негізіне оралуын білдіреді. Алайда біз айтып отырған Кенни Джей Going Home мелодиясында осы ұғымдарды ескерді немесе ескермеді деп нақты айта алмаймыз. Әйтсе де, көкірек кеулеп тұншыққан әуеннің сыртқа шығуы, оның әрбір адамға жан тыныштығын сыйлайтын бөлек табиғатын ескерсек, осы ұғымдардан тым алыс емес екенін де аңғарамыз. Автордың Going Home композициясы 1990 жылы 21 қаңтарда Kenny G Live альбомында алғаш рет жарияланды. Бұл туынды саксафоншының ең танымал және сүйікті шығармаларының бірі. Композиция Кенни Джейдің туған жеріне сағынышын және үйге қайту сезімін білдіреді. Бұл шығарманың эмоцияналды тереңдігі мен жайлы әуені тыңдаушыларға үйдің жылы аурасын еске салады. Мәдени тұрғыдан алғанда, Going Home әртүрлі контексттерде қолданылған, көбінесе іс-шаралардың немесе жиындардың соңында ойналады, бұл қалыпты жағдайға оралуды және сапардың, саяхаттың аяқталуын меңзейді. Кенни Джейдің осындай күшті бейнелер мен эмоцияларды тек аспаптың көмегімен ояту қабілеті оның музыкант ретіндегі шеберлігінің дәлелі бола алмақ. Шығарма өмірдің барлық салаларындағы тыңдаушылары арасында резонанс тудырды, бұл құбылыс туындыны бүкіл әлемдегі тірі жан баласының жүрегін тырнайтын мәңгілік классикаға айналдырды. Композицияның негізгі ерекшелігі – оның қарапайым әрі әсем мелодиясы, ол саксафонның жанға жайлы дыбыстарымен жеткізіледі. Әуеннің құрылымы бойынша, ол баяу, медитативті сипатта әрі терең эмоцияларды жеткізу үшін жасалған. Going Home Кенни Джейдің кәсіби мансабындағы ерекше орынға ие туынды. Ол оның танылуына, дискі сатылымының көрсеткіштерін жоғарылатуға және оның жеке стилін нығайтуға көмектесті. Композицияның қарапайым әрі әсемдігі көптеген тыңдаушыны баурап алып, оны Кенни Джейдің шығармашылығындағы ең есте қаларлық және сүйікті туындылардың біріне айналдырды. «Қиын кезеңде еске аларлық бақыттан артық қайғы жоқ», – дейді Ари Шеффер. Аяулы Досым! Сіз де Кенни Джейдің саксафонынан туған осы әуенді тыңдағаныңызда қандай жағдай болмасын бөлек бір әлемнің жетегінде тылсым күй кешіп, әлдебір сезім пернеңізді дөп басатынына, әлдебір ұмыт болған сағыныш картинасын көз алдыңызға әкелетініне сенімдімін. Сіз де бұл шығарманы тыңдап, қаншама ұзақ сапарды артқа қалдырып, туған үйіңізге қайтуыңызға, мәңгілік мекенге оралуды аңсауыңызға мархабат дейміз.
Сиқырлы сазБозала таңның, бозамық кештің бір тарабынан алыстан тамылжып, үзіліп, үздіктіріп жеткен сынық әуез кім-кімді болсын өз әлеміне жетелеп, тұңғиығына батырар еді. Құлақты қытықтар жұмсақ әуез көңіліңе қонақтаған сайын көкірегіңді тілгілей түседі. Әлдебір әзәзіл сезім азғырғандай. Жүйке жүйең босап, құрыс-тырысың жазыла бастайды. Жүрегіңдегі ағылған аласапыран сурет көзіңдегі ботаның бір тамшы жасындай іркіліп тұр. Төгіп-ақ жібергің келеді, әттең, көңілің дауаламайды. Кеңсірігің ашып, тұншыға күрсінген ауыр үн мен өлім халіне дайындалған құр сүлдер ғана. Енді бірде сызашықтай бұлқынған тұма көңілдің, өткен күндердің болмашы бір естеліктеріне ораласың. Әуен – Forever іn Love. Біздің әрбір тыныс демімізді өзінің ақ парағына жазып жатқан әділ төреші, үкімгер – уақыт. Әуен соны жырлайды, соны қозғайды, соны емдейді. Көк отынның түтіні көлбей ұшатын бейғам балалыққа, ой асығын иіріп, шиырып жүрген кербез кескін бозбала шаққа, мәңгілік аласармайтындай көрінген қос діңгектің қаусағанын көріп кемсеңдегеніңе, болашаққа, өткенге, кеткенге, бәрі-бәріне көз саласың. Әлемді бір сәт тыныш қалпында қалдырып, сағат тілін тоқтатуға тура келеді. Нақтырақ уақыт кеңістігіне саяхат жасайсың. Бұл сырлы әуез аяқталғанша қаншама уақыт сырғып, қаншама ғұмыр сөнетінін де бағамдау қиын. Ащы ішектей ұзыннан ұзаққа созылып жатқан тірліктің кермек дәмі емес, ең нәрлі, тәтті шақтарына ораласың. Тамсансаң, таңдайың күйік емес бал татиды. Сонсоң тамсана бересің... Өзіміз тіршілік қылып отырған ғаламшарда адамның кез келген мәселені шешерлік мүмкіндігі бар ғой. Десе де, уақыт деген алып күштің алдында еш дәрменсізсің. Қауқарсызсың. Сен ойлап тапқан миллиондаған тапқырлық пен мыңдаған жаңалық оған қарсы дау айта алмайды. Еріксіз берілесің. Көнесің, көндігесің. Әйткенмен, өнердің ақырғы аялдамасынан қайтатын шығармалар болады, сол шығарманы тудыратын мың жылда бір туатын ұлы перзенттер болады. Әзәзіл уақыттың езуін тіліп, басын тізгіндейтін әне сол жан. Жазулы тұрған уақыттың аяусыз үкімін, ешқашан тоқтамайтын уақыттың табын байқайтын да сол бақыр басты пәнде. Сол адам мен уақыт арасындағы байланыс уақыт қайшылығынан әуендер қақтығысына ұласып, бөлек әлем, ғажап кеңістікке енесің. Ендігіде бұл нүктелер біртіндеп алыстайды. Бағанадан бері өткеннің белгісін санап, болашағының белгісіз қиырларына сапар шеккен әуен мен адам күнгейден теріскейге, батыстан шығысқа қарай сап түзейді. Мөп-мөлдір мүлтіксіз әуеннің тұсауына түскен адам баласы ғұмырының ақпан, қаңтарларын санап, бошалап кеткен түйенің оралғанындай өзгеше күй кешеді. Дүние буалдыр боп баданадай екі көзден қос тамшы аунап түсті. Әуенді билеген, әуенге жүгінген сезімтал адам бұл кезде енді музыкант емес, өзі көркем шығармаға айналады. Табиғаттың бүкіл көркемдік күш қуаты ақылға емес, мастыққа сай ашылады. «Жалған», «Қайран» деп анықтама берген Қазекемнің философиялық сөз түйінін сонда барып түйсінесіз... Әуен тағы да – Forever In Love. Көкжиектен күн батып, келесі таң қызарған уақыт аралығында тынымсыз қосылған әуез, үздіксіз тыңдаған адам, дамылсыз ойнаған таныс әрі бөтен бір ғарып. Жүрегіне шуылдан қашқан үннің сынық сәулесі үйездеген Кенни Джей кешкі іңірде қызыл теңізбен бірге бұйра шашы толқындалып ерек күй кешеді. Дыбыс – ғайып дүниенің бар екендігінің айғағы. Онсыз әлемді елестету мүмкін емес. Сол бөлек күйден, бөлек дыбыстан, бөлек аспаптан шыққан жат сарынның жаңғырығы ескі низамды қалыпқа келтірсе екен деп сыңсиды. Ескі бір ғадауат шақтың оралуын аңсайды. Forever In Love – адам жанының нәзік ұтымды тетіктерін дәл тауып, тамырын дөп басатын, сен қажет еткен, саған тиісті барлық кезеңді көз алдыңда тербейтін ақылды да, аялы саз. Тамырлап, түбірлеп келгенде Кенни Джейдің музыкасы қосылған сәтте уақыт тоқтайды. Әрқашан өткен естеліктерді қайтарып, болашағыңды болжай алады. Харри Поттер шығармасындағы «Арман айнасы» іспетті тілегіңнің орындалғанын көз алдыңа әкеледі. Оның Forever In Love немесе The Moment туындыларының сартап сағыныштарға бөккен баяғы, ескі заманға оралту және адам өміріндегі ең тәтті естеліктерді қайтару сиқыры бар. Бұл – шын мәнінде ең ұлы сезімді сыйлайтын сиқырлы сүйем, өмірдегі ең бағалы сыйлықтардың бірі. Ол ғажайып сыйлықты сізге, әрине, Кенни Джей ұсына алады. The Moment турасында айтар болсақ, оның салмағы да тоғыз түйеге артылар тоғанақ жүк. Мұнда өзіңнің әлеміңнен өтіп, өзгенің кеңістігіне енесің. Ғұмырыңда кездескен әрбір пенденің әртүрлі тағдыр талайына бойлайсың. Соның кермек дәмін татып, мұңын шағасың. Аңдасақ, бөгденің қайғысына жылаудың өзіндік қайталанбас ләззаты бар. Сол әсерлі де, қамырықты көңіл күйдің төбесінен түсетін ессіз әуез сені өзіңнен ажыратып, өзгенің тағдырын бойыңа телиді. Адуын ағынмен бірге жанталасқан өңгенің күйі саған көшеді. Таныс әрі бейтаныс бөгденің әлемтапырық жан дүниесі, көрген көрешегі, тағдыр тауқыметі саған шақ. Ендігіде ессіз әуеннің жетегімен өзіңнен өлмес күрескер жасаудан басқа шара қанша. Сондай алабұртқан құбылмалы, ессіз әуенге жүгіну жиі қайталанып отырады. Бұл, әрине, сиқырлы саздың өміршеңдігінде. Саксафонның тегіс, ағынды ноталары жан дүниеңді еріктен тыс саяхаттау сезіміне елітеді, мейлі ол туған жеріңе, өскен қалаңа физикалық саяхат болсын немесе ішкі тыныштық күйіңе эмоционал саяхат болсын, алағызған сезім, ағызған күй, мұңлы көңілдің хошынан оянған сирек сәт қайтып оралмайды. Людвиг Ван Бетховен айтты дейтін сөз бар еді. «Музыка – бұл біздің сезімдеріміздің орнына сөйлейтін тілдік таңба» деп. Сол адам сезінбес сезімдерді таңбаға айналдырып, зәу биіктен бізге жеткізген ұлы музыкант болса, ол – Кенни Джей. Сол таңбаны «Күлтегін» жазбасындай тасқа қашап мәңгілікке қалдырған ұлы суреткер де – әне, сол, Горелик Кенни Джей.
Кенни Джей кеңістігіМузыка – жүректің терең түпкіріне бойлай алатын ерекше өнер. Оның ішінде саксафон – құбылмалы сезімдерді жеткізудің ең күшті құралдарының бірі. Бұл аспаптың иірімінде тәтті әрі нәзік әуендер, кейде жан тебірентерлік толқыныстар мен қайғыға толы сәттер де жатады. Жүрегіне шуылдан қашқан үннің сынық сәулесі үйездеген Кенни Джей дедік қой. Ол аты аңызға айналған саксафонист, осы аспаптың мүмкіндіктерін жаңа биікке көтерген санаулы тұлғалардың бірі. Ендігіде жер бауырлап ұшқан қарлығаштай бір ағындағы тұмса жүрек иесінің жеткен жетістіктеріне де қыс- қаша тоқталуды жөн көріп отырмыз. Кенни Джейдің музыкалық стилі негізінен тегіс джаз (smooth jazz) жанрында. Оның шығармалары жағымды, романтикалық және бір ағынды әуендермен ерекшеленеді. Кенни Джей музыкалық мансабын 1970 жылдары бастады. Өнер сапарында үзеңгіге аяғыңды бір салсаң, қайта түсуің қиынға соғары даусыз. Ол алғашында баритон саксафонда ойнады, бірақ кейіннен сопрано саксафонында ойнауымен кеңінен танымал болды. Ол өз композицияларында сопрано саксафонды асқан шеберлікпен қолданады, бұл оның ерек стилін айқындайтын ерекше құрал. Кенни Джей жеке өзі ғана емес, көптеген поп музыкантпен, талантты тұлғалармен бірге жұмыс істеді. Тарқатып айтар болсақ Андреа Бочелли, Уитни Хьюстон, Аретта Франклин, Тони Брекстон, Майкл Болтон, Селин Дион сынды әлемдік өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ірі тұлғалар. Олармен бірге тек дуэт, музыка жазу, фильмнің саундтректерінде бірге жұмыс жасау ғана емес, бұрынғы ғаламат туындыларды қайта тірілту, түрлендіру, жаңаша стильде жандандырумен де ерекшеленді. Бұған мысал джаз өнерінің танылуына ықпал еткен, сол жанрдың негізін қалаушы «Джаз королі» Луи Дэниел Армстронгтің (Louis Armstrong) әлемге танымал – What A Wonderful World туындысына Кенни Джей дуэт жазған-ды. Екеуі көз көріскен адам емес. Және туындыны бірге орындамаса да, тыңдарман қауым шығарманы махаббатпен, ыстық ықыласпен қуана қарсы алды. Екі бөлек әлемнің бір арнада сәтті тоғысқанын айтысып, музыканың өміршеңдігіне көз жұмбай, әсем әуен мен әр берген көркем әуездің бұрын болмаған, басқаша өңін көрді. Екі ұлы суреткердің бір биікте түйіліскен ғажап үйлесіміне сүйсіне қарап, тамсана тыңдаған-ды. Бұл жаңалық өнер адамдарына ақиқатты бұзып, жоқтан бар жасайтын жаңа бір кеңістіктің шетін ашқан еді. Және де опера отаны Италиядағы Андреа Бочелли де Кенни Джейге арнайы ұсыныс жасап, ортақ музыка жазып, бірге сахна төріне көтерілуді құп көрген екен. Бұл да көрермен көзайымына айналып, жүрек түпкіріне терең бойлаған әсем ырғақ. Осы сарындас ортақ жұмыстарды Кенни Джей шығармашылығынан көптеп кездестіруге болады. Бәрінде жаңа өң, жаңа түр, жаңа тыныс. Бұл да болса өз жанрындағы шекараларды бұзып, жаңаша бағытта музыкалық әлемді байытқан, экспериментке қорықпай баратын дамылсыз жұмыс істейтін еңбек иесінің жемісі. Оның музыкасы коммерциялық сәттіліктің белгісі ғана емес, сонымен қатар өнердің бірегей көрінісі. Кенни Джейдің шығармалары жанрлық шектеулерге бағынбай, заманауи музыканың түрлі ағымдарын біріктіріп, тыңдармандардың жүрегіне сүңгиді. Оның кескіндемесі – музыкалық тақырыптарды, эмоцияларды және әуендерді үйлестіре отырып, заманауи музыка тарихында өз орнын алған шеберліктің үлгісі. Саксафонның сиқырлы әлемінде өзіне ғана тән, танымал стилімен ерекшеленетін сазгердің музыка өнеріндегі ең биік марапаттың бірі «Грэмми» сыйлығын алған сәті де өнерсүйер қауымның жадында сақтаулы. Бұл бірегей сыйлыққа Кенни Джей жеті рет ұсынылса да, тек 1994 жылы бағы жанып, марапат төрінен көрінген еді. Ол «Грэмми» сыйлығын «Вокалды сүйемелдейтін үздік аспаптық аранжировка» номинациясы бойынша жоғарыда атап өткен Forever in Love композициясы үшін жеңіп алды. Бұл шығарма оның Breathless альбомында орын алған және оның саксафон ойнауындағы шеберлігін, эмоционалдық тереңдігін және музыкалық талғамын көрсетеді. Forever in Love – заманауи джаз стилінде жазылған романтикалық әуен, тыңдармандарға әсер ететін нәзік әрі сезімтал композиция. Сонымен қатар Горелик Кенни Джей 1997 жылы Гиннестің рекордтар кітабына да енген еді. Бұл рекордты саксафонда жазылған ең ұзын нотаны (45 минут 47,77 секунд) орындағаны үшін орнатты. 45 минутқа созылған саксафон нотасын басып озудың қиындығын Guinness World Records басылымы да арнайы жазып, тоқталған болатын. «Грэмми» сыйлығы, Гиннестің рекордтар кітабына енуі Кенни Джейдің музыкалық мансабындағы маңызды кезеңді білдіреді, бұл жетістіктер оның халықаралық деңгейде танымал болуына ықпал етті. Біз атап өткен әуендерден бөлек автордың Jasmine Flower, The Wedding Song, Songbird сынды ғажап туындылары көп-ақ. Оның альбомдары Америкада рекордтық сатылымдар қатарында болып, 2011 жылы 75 миллионға дейін өсті. Бұл таңғаларлық нәтиже оның шығармаларының мәңгілік екенін тағы бір рет аңғартты. Сайып келгенде ол адам сезімдерін меңгеріп, мәңгілік дүниелер тудыра білді. Дауыста жан бар, тіршілік атаулының өзегі үн десек, Кенни Джей соны жетік білген, түйсінген тұлға. Ол жай әрі белгілі бір әуен үздіксіз қайталана беретін шығармалардың авторы Эрик Сатие сияқты емес. Ешкім арнайы тыңдамайтын, тек жайлы кеңістікке арналған көшеде, жолда, кафеде, лифтте, т.б. орындарда орындалатын музыкалар Эрик Сатиеге тән құбылыс. Кенни Джей шығармаларын онымен салыстыратын адамдар да бар. Бірақ ол нағыз ақымақтық болмақ. Оның туындыларында сөз жоқ. Бірақ иірімдерінің шүңетіне батсаңыз ең ауыр сөздер айтылатын сынды... Оның әуендерінде жан тебірентерлік ерекше екпін жоқ. Бірақ ағын судай кілкіген сұлу әуезді естіген соң сізге басқаша әсер беріп, шабыттандыратыны хақ. Әуенге әр беретін аспаптардың ішіндегі саксафон сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты бағындырған Кенни Джей өз биігінен ешқашан түспек емес. Оның шығармалары тек өнерде, музыкада ғана емес философиялық толғаулармен қой қосақталып, қатар өрбиді. Ендігіде еріксіз жұтынып, уақытты тоқтатқан адаммен өміріңіздің қай белесіне сапар шексеңіз де, қандай көңіл күйдің ағынымен жөңкілсеңіз де бір сәтке сізден артық бақытты адам жоғына куә боласыз.
Тілеубек БАТЫС