Жаңа рәсімдер судьялардың тәуелсіздігін күшейтеді
Қазан айында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек екенін айтты. Президент судьялардың этикалық нормаларды сақтауының маңыздылығын атап өтіп, соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ судьяларды іріктеу кезінде олардың кәсіби және жеке қасиеттеріне шынайы баға беру, қоғамдық пікірді жан-жақты зерттеу қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс. – Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Мемлекет басшысы. Жалпы, елімізде заң және құқық саласы бойынша жақсы бастамалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – биыл жазда қабылданған сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасы. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Артынша Президент жаңа заңға қол қойды. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, заң жобасы Президенттің сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету және судьялардың кәсіби деңгейін арттыру қажеттілігі туралы тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжат Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамашылдығымен, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және заң қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дайындалған. – Конституциялық заң жобасының мақсаты – сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру арқылы сот жүйесін одан әрі дамыту, – деді депутат. Қабылданған түзетулер Жоғарғы Сот Кеңесінің анық кадрлық функциялары бар толыққанды институт ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған. Осы заңнамалық шаралар – Кеңес соңғы жылдары осы бағытта іске асырып жатқан іс-шаралардың жалғасы. Заңнамалық түзетулермен Жоғарғы Сот Кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, шекті жасты ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату сынды бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Кеңеске судьяларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерімен Сот төрелігі Академиясы айналысатын болды. Сондай-ақ судьяларға бірқатар мәселелер бойынша Жоғарғы Сот Кеңесіне тікелей жүгіну құқығы берілді. Бұдан басқа, Жоғарғы Сот Кеңесі Төрағасының құзыретіне қолданыстағы судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру мәселелері берілді. Осы аталған рәсімдер судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктерін күшейтуге бағытталады. – Сот жүйесіне білікті және кәсіби кадрларды тарту мақсатында кандидаттардың Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынымын алғаннан кейін тағылымдамадан өту құқығы бекітілді. Бұған дейін біліктілік емтиханын сәтті тапсырған кандидаттар соттарда тағылымдамадан өткен, ал тағылымдамадан кейін кандидаттар судьялық лауазымдарға конкурстық іріктеуге қатысуға жіберілген. Бұл ретте тағылымдама негізгі жұмыс орнынан қол үзіп жүзеге асырылатын, ал бұл кандидат судья болып тағайындау туралы ұсыныс алуға ешқандай кепілдік болмай, жұмыссыз қалу қаупін тудырғандықтан, олардың тағылымдамадан өтуден бас тартуының себептерінің бірі болды. Енді үміткерлерге Кеңестің тиісті ұсынымын алғаннан кейін тағылымдамадан өту құқығы беріледі. Бұл кандидаттарға ыңғайлы жағдай жасау үшін және олардың конкурстық іріктеу кезеңдерінен неғұрлым жедел өтуі, сондай-ақ сот жүйесіне жаңа жоғары білікті кадрларды тарту үшін жасалды. Бұдан басқа, судьялыққа кандидат тағылымдама қорытындылары бойынша соттың жалпы отырысының теріс қорытындысын алған жағдайда Кеңестің ұсынымдарын қайта қарау тәртібі айқындалған, – дейді «Қазақстанда судьяларды іріктеу және тағайындау: заңнаманы дамыту және Қазақстанның Жоғарғы Сот кеңесін қалыптастыру мен қызметіндегі проблемалық аспектілері» мақаласының авторлары Е.Әбдірасулов, А.Сақтағанова, С.Жеңісов. Судьялардың дербестігін арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесін одан әрі нығайту үшін судьялыққа үміткерлерді дайындау, олардың біліктілігін көтеру жұмыстары, сондай-ақ судьяның шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату сынды шаралар, яғни, кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі міндеттердің орындалуы өте маңызды. Демократиялық мемлекетте, азаматтық қоғамда судьялардың дамуы – құқықтық мемлекеттің және қоғамдық шиеленісті тамырымен жоюдың шарттарының бірі. Ал сот жүйесіне деген сенімсіздік – сот төрелігінің негіздерін бұзып қана қоймай, дұрыс жүзеге асырылуына кедергі келтіреді. Сондықтан сот төрелігін әділ және заңды жүзеге асыруға мемлекеттен бастап еліміздің әрбір азаматы мүдделі. Осы орайда судьялар да адам құқықтарының қатаң сақталуын қадағалап отыруы керек. – Судьялар үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, жұмысқа деген көзқарастарын жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертуі қажет. Ол үшін халықаралық судьялар қауымдастығымен тығыз байланыс орнату, сот саласындағы өзекті халықаралық үрдістерді ескеру маңызды. Судьялардың беделі мінсіз болуы керек, ал кандидаттарды іріктеу процесі ашық және жария болуы керек. Дамыған елдердің көпшілігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болғаны соншалық, бұрынғы кішігірім теріс қылықтар да қызметтен бас тартуға себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибе Қазақстанда да қолданылуы тиіс деп санаймын, – деген болатын Президент. Еліміздегі сот қызметі туралы Қaзaқстaн Рeспубликacы Ұлттық Ғылым aкaдeмиясының aкaдемигi C.Зимaнoвтың: «Қоғамдық, мемлекеттік өмірдің кез келген саласында жеке тұлғаның рөлі сот қызметі саласындағыдай ерекше мәнге ие емес. Ізгілік пен әділдік дегеніміз – адам руханиятының негізгі элементтерін құрайтын адамгершілік негіздер. Олар адамның табиғатына тән, дегенмен олардың пайда болуы үшін оларды басу мен езгіден «босатып», қоғамдық-саяси қатынастар процесінде ашып, тәрбиелеуі керек. Бұл қасиеттер адамдар мен қоғам барған сайын шындық пен әділеттілікті табуға бет бұрған судьялар үшін өте маңызды. Олар қанша қиын болса да үміттерінде алданбауы керек. Судья өз атынан емес, мемлекет атынан, қоғамның ұжымдық және жоғары билігі атынан сөйлейді және бұл оған өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Судьялар қызметінің маңыздылығы оның мінез-құлқы мен шешімі адамның қадір-қасиетін қалпына келтіруі, жоғарылатуы немесе оны тереңге итермелеуі, тіпті өлтіруі мүмкін екендігінде. Сондықтан судьялар барлық жағдайда ізгілік пен әділеттілік өнерінің персонациясы болуы керек. Жағдай жасау, тәрбиелеу және олардың осындай болуын талап ету – мемлекеттің және бүкіл қоғамның қажымас міндеті», – деген пікірі әлі күнге өзекті. Шынын айту керек, посткеңестік кеңістіктегі құқықтық білім беру мәселелеріне бұрын назар аударылмай келді. Ғалымдар өткен ғасырдың аяғына қарай құқықтық саланы жетілдіру туралы айта бастады. Осылайша, елімізде соңғы 30 жыл ішінде судьялардың білімі – сот құзыреттілігін дамытудың және бүкіл әлемде сот төрелігі мен соттардың жұмысын жүзеге асыру сапасын арттырудың маңызды, жаңа құралына айналды. Әлемдік тәжірибеде тиімді және кәсіби судьялар корпусын құрудың көптеген жолы бар. Осы орайда әр мемлекет өзінің төрелік ету жүйесін іске асыру кезінде әлемдік тәжірибені ескереді. Мәселен, Ұлыбританияның судьяларды даярлау тәжірибесінде Сот алқасы – Англия мен Уэльсте, сондай-ақ Ұлыбританияның кейбір трибуналдары – судьяларды дайындауға жауапты ресми орган. Олар әлемдік деңгейдегі судьяларды Сот колледжінде және шетелде даярлауға ұмтылады. Алайда бұл елде магистратурада заңгерлік білімнің болуы міндетті емес. Судья болуға үміткерлерді теориялық даярлау бойынша Франция озық елдер қатарында десек қателеспейміз. Жыл сайын 200-ге жуық судьялар мен прокурорларды даярлайтын француз ұлттық судьялар корпусына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Француз ұлттық сот мектебіне түсу оңай емес. 1958 жылы қабылданған «Магистратураның мәртебесі туралы» заң бойынша: жоғары білім туралы Ұлттық диплом немесе Мемлекеттік Кеңестің қаулысымен ресми түрде танылған басқа құжат немесе тиісті деңгейдегі диплом; азаматтығы; іс-әрекетке қабілеттілігі және жоғары моральдық қасиеттері; заңға сәйкес әскери міндетті орындау; қызметтік міндеттерін орындау үшін жарамды денсаулық жағдайының болуы шарт. Студенттер мемлекеттік құпияны сақтауға міндетті. Сот қызметіне қатыспас бұрын олар апелляциялық соттың алдында ант береді. Ұлттық магистратурадағы жалпы курс 31 айға созылады. Осы уақыт аралығында тaлaпкeрлердiң жaлпы мәдeниeтiне де ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені француздар cyдьяның тeк құқықтық бiлiмінің болуы жeткiлiксiз дeп caнaйды, oлaр бoлашaқтa сoт билiгінен мәдeниeттi aдaмды дa көргiсi кeлeдi. Ал Италияда судья не прокурор болу үшін үміткер сот тексерушісі ретінде тағылымдамалардан өтуге тиіс. Ол үшін конкурс 3 рет жазбаша, 8 рет ауызша емтихан тапсырады. Испания да басқа көп елде де үлгі болатын тиімді және әділ сот жүйесінің үлгісін жасаған мемлекеттердің бірі. Ол құқық пен құқықтанудың ұзақ тарихына, сондай-ақ сот жүйесін қолдау мен жетілдірудегі Үкімет пен қоғамдық ұйымдардың белсенді рөліне негізделген. Конституциялық сот судьялардың өкілеттік мерзімі – 9 жыл. Судьяларға келесі талаптар қойылады: судьялар тек Испания азаматтары бола алады; судьяның заң білімі болуы керек; судья жоғары оқу орны оқытушысы болуы керек әрі заң саласында он бес жылдық тәжірибесі бар, беделді деп танылған мемлекеттік қызметші немесе заңгер болуы керек. Жоғарыдa біз қaрaстырғaн сoт төpелігі сaлaсындaғы хaлықaрaлық стaндaрттaр жәнe судьялapды дaярлaудың хaлықaрaлық тәжірибecі құқықтық бiлiм бeру жүйeсi мeн зaң тәжiрибeсiн, зaң кaдрлapын дaярлaудың нысaндapы мeн әдicтeрi әлі де рeфoрмaлayды, жaңa стaндaрттaрды әзiрлeудің маңызды екенін көрceтeдi. Зaңгeрлiк бiлiм бepy жәнe құқықтық мeнeджмeнт жүйeлeрiн дaмытy үшін eң aлдымeн, зaңгeрлeрдiң кәсiби мәдeниeтiн қaлыптacтыру қажет. Елдердің бәсекеге қабілеттілігін және адам ресурстарының сапасын арттыруға байланысты процестердің жаһандануы жағдайында әртүрлі профильдегі заңгерлерді даярлау жаңа заман талабына сай жауап болмақ. Жекелеген судьялардың кәсіби деңгейінің төмендігі – сот жүйесінің жұмысына кері әсер ететіні сөзсіз. Сарапшылар кейбір судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қоғам алдындағы моральдық жауапкершілікті, судьяның жоғары миссиясын сезінбеуімен, Қазақстан Республикасының атынан қабылданған шешім үшін жауапкершіліктің толық көлемін дұрыс түсінбей жатуы себеп дейді. Сонымен қатар судьялардың күнделікті жұмысында өздерінің қызметтік міндеттерін адал да, саналы түрде атқару, сот төрелігін тек заңға толық бағыну, бейтараптық пен әділеттілікпен жүзеге асыру туралы салтанатты жағдайда берген ант сөздерін ұмытатыны өкінішті. – Судья жоғары кәсіби және моральдық деңгейде өз міндеттерін адал атқарып, істерді ақылға қонымды мерзімде уақытылы және дұрыс қарау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы керек. Судья өзінің біліктілігін жоғары деңгейде ұстап тұруға, өзін үнемі кәсіби тұрғыда жетілдіріп отыруға, өзінің кәсіби өсуімен айналысуға және өз саласының беделді маманы болуға ұмтылуға міндетті. Сот жүйесінің механизміндегі басты рөл судьяға, сот төрелігін жүргізуші ретінде беріледі. Осыған байланысты, судьяның құқықтық мәртебесі сот билігінің даму деңгейін, сот төрелігінің сапасы мен оның тәуелсіздігін көрсетеді, – дейді Бизнес және басқару магистрі Дана Қырықбаева. Сот жүйесі кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізгі институттарының бірі екенін ескерсек, оның тиімділігі көбінесе адами ресурстардың сапасы мен кәсібилігіне байланысты. Бұл ретте, елдің сот жүйесінде адами ресурстарды дамыту мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Осыны негізге ала отырып, адами ресурстарды даярлау – әділ және тәуелсіз сот жүйесін дамыту жолындағы басты кезеңдердің бірі деуге толық негіз бар.
А.Бимендиева