Ыстамбұлда Халифа Алтайды еске алу кеші өтті

Ыстамбұлда Халифа Алтайды еске алу кеші өтті

Ыстамбұлда Халифа Алтайды еске алу кеші өтті
ашық дереккөзі
Ыстамбұл қаласында белгілі дін және қоғам қайраткері, қасиетті Құран кітабын қазақ тіліне аударып, ұлт руханиятына қалтықсыз еңбек еткен ғалым Халифа Алтайдың 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды 24.kz. Айтулы шараға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының хатшысы Ботакөз Уатқан мен «Халифа Алтай» кітабының авторы Қазыбек Исламбек, Қазақстан мен Түркияның түрколог-ғалымдары және ғұламаның ұрпақтары қатысты. Жиында Халифа Алтайдың өмірі мен шығармашылығы, бауырлас екі елдің әдеби, мәдени байланыстарына қосқан үлесі жайлы мазмұнды баяндамалар жасалды. Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап Қара Түркия Мәдениет министрлігінің қолдауымен 1980 жылы жарық көрген Халифа Алтайдың «Атажұрттан Анадолыға» атты еңбегіне тоқталып, Өр Алтайдан қазіргі түрік жеріне көшкен қаймана қазақтың тағдыр-тауқыметінен тың деректер келтірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алда ғұламаның мерейлі мерекесіне арналған халықаралық конференция елордасы Астана мен Еуропаның бірқатар елдерінде өткізіледі. Әбдіуақап Қара, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры: - Бүгін Алаштың 100 жылдық тойыменен Халифа Алтайдың 100 жылдығының қабысып жатқаны бекерден емес, екеуі сабақтас. Сондықтан біз Халифа Алтаймен мақтанамыз. Тек Түркиядағы қазақтар ғана емес, бүкіл түркі дүниесі Халифа Алтаймен мақтанады. Өйткені ол Құран Кәрім сияқты қасиетті кітабын қазақ тілінде сөйлеткен тұлға. Сонымен қатар, оның еңбектері халықаралық көлемде мәнді болып отыр. Оны зерттеген неміс ғалымдары бар. Марк Кишнер Гиссен университетінің профессоры кезінде Халифа Алтайдан сабақ алған, көмек алған. Ол кісінің де Халифа Алтай жайлы зерттеулері, мақалалары бар. Сонымен қорыта айтар болсақ, Халифа Алтай бүкіл түркі әлеміне және Еуропаға танымал ұлы азамат.