Елімізде сирек жер металдарын қайта өңдеу бойынша ғылыми-зерттеу орталығы іске қосылады
Бұл орталықты құру туралы меморандумға осы жылдың қыркүйек айында қол қойылған болатын
Satbayev University мен Оңтүстік Кореяның KITECH компаниясы сирек жер металдарын қайта өңдеу бойынша Ғылыми-зерттеу орталығын іске қосуда, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Қазақстандық ғалымдар мен Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) бірлесіп, сирек және өте сирек кездесетін жер металдарын тереңдете қайта өңдеу технологияларын әзірлеуге келісті. Бұл орталықты құру туралы меморандумға осы жылдың қыркүйек айында қол қойылған болатын. Ал бүгін Алматыда Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары мен KITECH басшылары кездесіп, осы жобаны жүзеге асырудың жоспарын кезең-кезеңімен құрды.
Корея делегациясын KORAM және KITECH директоры Пак Кён Тхэ мырза басқарды. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев қатысты.