Жаңалықтар

WhatsАpp арқылы адамдарды алдайтын алаяқтарға sim-карта сатқандар ұсталды

фото: видеодан скриншот

Күніне 100-ге дейін sim-карта тіркеген

Жетісу облысы және Астана қаласы Полиция департаменттерінің қызметкерлері ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен интернет-алаяқтыққа қатысы бар қылмыстық топтың жолын кесу бойынша операцияны сәтті жүргізді, – деп хабарлады Polisia.kz.

 Интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстық істерді тергеу барысында қылмыс жасау үшін пайдаланылған көптеген sim-картаның іске қосылған орны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісу облысының 24 және 25 жастағы екі тұрғыны ұсталды.

Олардың бірі Жамбыл ауылында, екіншісі Қаратал ауданының Достық ауылында тұрған. Күдіктілер sim-карталарды іске қосып, WhatsАpp мессенджеріне тіркеліп, Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысатын алаяқтарға сатқан.

Қылмыс келесі схема бойынша жүзеге асырылған: қаскөйлер өздерінің жеке деректерін пайдаланып, Tele2 қосымшасы арқылы абоненттік нөмірлерді тіркеген. Содан кейін басқа қосымшалардың көмегімен нөмірлерді іске қосып, оларды Telegram-каналдар арқылы 500-ден 1500 теңгеге дейінгі бағамен сатқан.

Күніне 100-ге дейін sim-карта тіркеген. Тінту барысында ұсталғандардан 17 ұялы телефон, екі ноутбук, бір модем және 1000-ға жуық sim-карта тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр. Ұсталғандардың басқа алаяқтармен байланысы тексеріліп жатыр.