Жаңалықтар

Жерасты суларын тиімді пайдалану үшін жаңа зерттеулер жүргізу қажет – Дәулет Тұрлыханов

сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға су шаруашылығы мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады. 

Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық су ресурстарын басқару институтының деректері бойынша, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін төмендейтіні болжанып, 2040 жылға қарай тапшылық 50 пайыз мөлшерінде күтілуде. Депутаттың айтуынша, бұл – аса алаңдатарлық ахуал.

Ұлттық гидрогеологиялық қызмет әртүрлі салалар мен халық үшін сумен жабдықтаудың маңызды элементі болып табылатын жерасты суларын қоса алғанда, елдің су ресурстарын мониторингілеу мен басқаруда негізгі рөл атқарады. Климаттың өзгеруi және өсiп келе жатқан антропогендiк әсер жағдайында жер асты су ресурстарының жай-күйiн қадағалап қана қоймай, орнықты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшiн ұзақ мерзiмдi болжамдар әзiрлеу маңызды. Экологиялық және экономикалық факторларды ескере отырып, жерасты суларын тиімді пайдалану үшін зерттеулердің жаңа әдістерін әзірлеуге және енгізуге ерекше назар аудару қажет. Атырау, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары сияқты көптеген өңірлер үшін жер асты сулары сумен жабдықтаудың жалғыз сенімді көзі. Бұл міндеттерді іске асыруда Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің рөлі қандай және жерасты суларын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету үшін қандай нақты шаралар қабылдануда? – деді депутат.

Қазақстан жер асты суларының едәуір қорына ие. Алайда, депутат алға тартқан мәліметтерге қарасақ, жерасты суларын пайдаланудың бекітілген межесінің 10%-ына да жеткен жоқпыз.

Әртүрлі уақытта жер асты суларын басқару, қорғау және пайдалану жөніндегі функциялар әртүрлі мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді, бұл жер асты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарын ұйымдастыру, олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу және сарқылудан қорғау бөлігінде заңнамалық олқылыққа әкелді, бұл болашақта жер асты суларының стратегиялық ресурстарын жоғалту қатерін төндіреді. Осыны ескере отырып, жер асты суларын қорғау және ұтымды пайдалану үшін қандай заңнамалық шаралар қарастырылды немесе жоспарлануда? Жолдауында су үнемдеу технологияларын енгізу – шұғыл шараларды талап ететін өте маңызды мәселе екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар, қазір бізге ағымдағы жағдайға сәйкес жаңа тарифтік саясат қажет. Суды нормативтен тыс тұтыну жоғары тарифке тең болады. Осыған байланысты, Президенттің суды нормативтен тыс тұтынғаны үшін жоғары тарифтер енгізу және су саласындағы тарифтік саясатты жетілдіру туралы тапсырмасын орындау бойынша Үкімет қандай жұмыстар жүргізуде? Бұл өзгерістер тарифтердің өсуіне алып келмей ме? Бәрімізге белгілі, негізгі су пайдаланушы ауыл шаруашылығы болып табылады, оның үлесіне жалпы су тартудың 60% -дан астамы тиесілі. Бұл туралы Президент нақты тапсырмалар берді. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр және ауылшаруашылық секторы қандай түбегейлі өзгерістер күтеді? – деді ДәулетТұрлыханов.