Жайық өзенінен 23 жастағы Янаның денесін іздеу жұмыстары қайта басталды
Іздестіру жұмыстарына 36 құтқарушы, бір кинология тобы, алты техника, екі су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
Атырау тұрғыны 18 қазан күні жоғалып кеткен болатын. Полиция департаменті 23 қазан күні таңертең қыздың өлтіріліп, денесі Жайыққа лақтырылғанын хабарлады. Нәтижесінде 24 және 25 жастағы күдіктілер ұсталып, кінәсін мойындады. Қала тұрғынының жоғалып кетуіне байланысты «Адам ұрлау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды
Құтқарушылар өзеннен 44 күн бойы іздеу жұмыстарын жүргізді. Алайда өзен бетіне мұз қатуы себепті 5 желтоқсанда іздеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Үйлестіру және бақылау мақсатында ҚР ТЖМ ТЖД бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар Қажкеновтің және жергілікті департамент бастығының орынбасары, подполковник Рәтбек Демеубергеннің жетекшілігімен іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Іздестіру жұмыстарына 36 құтқарушы, бір кинология тобы, алты техника, екі су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Іздестіру шарасы аясында жағалаулар мұқият тексеріліп, Жайық өзенінің түбі сүзгіден өткізілуде. Сонымен қатар, түбін егжей-тегжейлі зерделеу үшін құтқарушылар суға сүңгіп, жаңғырық дыбысын қолданады. Іздеу орнына жоғалған қыздың анасы шақырылды.
Қыздың анасы Галина Легкодимованың айтуынша, ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған. Осыдан кейін іздеу жұмыстары қайта басталып, процесті қадағалауға ҚР ТЖМ басшылығы келген.