Жаңалықтар

Алматылық азамат қайын апасының үйін екі рет тонаған

polisia.kz

Оқиға жазда болған.

Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны Талдықорғанда тұратын қайын апасының үйіне қонаққа барған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үй иесінің сыртқа шыққан кезін пайдаланып, пәтер кілтінің көшірмесін жасап алған. Күдікті  ұрлық жасауға қолайлы уақытты күтіп, Талдықорғанға арнайы барып, үйд ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, пәтерге кірген. Ол үйден «Cartier» маркалы алтын әшекейлер мен күзен терісінен тігілген бағалы бас киімді алып кеткен. Ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, жәбірленушіге 810 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

Алайда, материалдық қиындықтарын толық шеше алмаған күдікті қайын апасының үйіне қайтадан барған. Бұл жолы қолына алтын сақиналар мен сырғаларды алып кеткен.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері қылмыскерді анықтап, қамауға алды. Күдікті өз әрекетін материалдық қиындықтарға байланысты жасағанын мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.