Қазақ көркем сөзіне ұйытқы болған
Қазақстан жазушылар одағы құрылғанына 90 жыл
Қаламы қарымды ақын-жазушылар мен сыншы, драматургтердің басын қосып, олардың шығармаларының елге тарауына, сөйтіп әдебиет арқылы еліміздің әлемге танылуына жол ашқан қаламгерлер бірлестігі бұл күнге дейін талай асулардан асып, талай жетістіктерге жетті.
Одақтың іргетасы еліміздің астанасы Қызылорда қаласы болған кезде қаланды.
ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы КСРО атанған елдің аумағында құрылған одақтас республикаларда жаңа саясатқа байланысты жаңа дәуірдің насихатын жүргізу үшін қаламгерлердің басын қосатын шығармашылық одақтар құрыла бастады. Міне, сол кезде қазақ жерінде де ақын-жазушылардың басын қосатын ұйым құруға шешім қабылданды.
1925 жылы 18 маусымда РК(б)П Орталық Комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» деп аталатын арнаулы қаулысының қабылдануына орай, сол жылғы 12 шілдеде РК(б)П-ның Қазақ Өлкелік Комитетінің секретариаты Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыру жөнінде пәрмен берді. Сөйтіп, құрамында ақын Сәкен Сейфуллин, жазушы Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды. Бұл ұйымға Қазақ республикасындағы қаламгерлерді біріктіру және пролетариат жазушыларының Бүкілқазақстандық 1-конференциясын өткізуге дайындық жасау тапсырылды. 1926 жылы маусымда Қызылорда пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы құрылып, ҚазАПП-тың жарғысы бекітілді және оған мүшелікке қазақ ақын-жазушылары қабылдана бастады. ҚазАПП-тың төрағасы болып С.Сейфуллин сайланды.
1932 жылы 28 сәуірдегі БК(б)П Орталық Комитетінің «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында қарар қабылдап, сол қарар негізінде Қазақстан Жазушылар одағы құрылды, ұйымдастыру бюросының төрағалығына сол тұстағы ең танымал ақын Iлияс Жансүгіров тағайындалды.
1932 жылы Қазақстанның Кеңестік Жазушылар Одағын ұйымдастырды. Қазақстан Кеңес Жазушыларының 1-съезі 1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында өтті. Міне, бүгінгі Қазақстан Жазушылар одағының тарихы осы кезден басталады.
Замандар аласапыраны Қазақстан Жазушылар одағын айналып өткен жоқ. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында болған репрессия кезінде Қазақстан Жазушылар одағын құрған қазақтың танымал қаламгерлері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин «халық жауы» атанып, 1938 жылы ату жазасына кесілді.
1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста Тәшібай Әлмұхамбетов (1910-1943), Абдолла Жұмағалиев (1915-1942), Баубек Бұлқышев (1916-1944) секілді қазақ ақын-жазушылары қаза тапты. Ал соғысқа қатысқан Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Тайыр Жароков, Бауыржан Момышұлы, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин, Ілияс Есенберлин, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Сәуірбек Бақбергенов, Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықов, Сағынғали Сейітов, Дүйсенбек Еркінбеков, Исабай Есқараұлы, Сырбай Мәуленов, Хамза Абдуллин, Хизмет Абдуллин, Мұсатай Ақынжанов, Сейсенбек Ахметов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Төкен Әбдірахманов, Сапабек Әсіпұлы, Амантай Байтанаев, Тоқаш Бердияров, Қабыл Боранбаев секілді қаламгерлер қан майданнан аман-есен оралып, соғыстан кейін қалам майданында еңбек етті.
Соғыс бітіп ел ес жия бастағанда, 1946 жылы тамызда БК (б)П Орталық Комитетінің «Звезда», «Ленинград» журналдары туралы қаулысы шығып, көптеген көркемөнер қайраткері қуғынға ұшырауынан кейін бұл саяси науқаннан соң Қазақстандағы әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне де негізсіз саяси айып тағу басталды.
1947 жылы қаңтарда Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысы шыққан соң Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсенбай Кенжебаев, Қайым Мұхаметханов, Әуелбек Қоңыратбаев, Бүркіт Ысқақов, Қасым Тоғызақов секілді қаламгерлер қудалауға ұшырап, біразы сотталып кетті. Тек Сталин өліп, оның орнына Н.Хрущев келген соң аз ғана уақытта орнаған жылымық кезеңде сотталған қаламгерлер елге оралды.
Ал Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері қол жеткізген әдеби жетістіктерге келер болсақ, ХХ ғасырдың 30-жылдарында ақын Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары жарық көріп, поэзиямызды жаңа сапаға көтерсе, жазушы Бейімбет Майлиннің әңгімелері мен повестері қазақ прозасын жаңа деңгейге шығарды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабы баспадан шықты (1942 ж), кейін екінші кітабы (1947 ж) жарық көрді. Үшінші, төртінші кітаптары 1952-1956 жылдары басылып шығып, қазақ әдебиетінің одақтық деңгейде танытып, одан әрі шетелдерде аударылып шыға бастады.
Соғыс кезінде 90-нан асқан қарт ақын Жамбыл Жабаевтың аты кеңінен танылды. Оның «Лениградтық өренім» атты өлеңі орыс тіліне аударылып, плакатқа басып шығарылып әскери қоршауда қалған Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының көшелеріне ілініп тұрды.
Соғыстан соңғы кезеңде майдангер қаламгерлер әдебиетіміздің өркендеуіне зор үлес қосты. Поэзияда Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекқожин, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров, Мұзафар Әлімбаев секілді ақындар, прозада Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Сәуірбек Бақбергенов секілді жазушылар үлкен жетістікке жетті.
Ал қазақ әдебиетіне 60-жылдарда келген Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, Д.Досжанов, т.б. жазушылар, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, т.б. ақындар әдебиетімізге жаңаша бағытта келіп, көркемдік көкжиегін кеңітті. Одан бері де әдебиетімізге келіп жатқан дарынды қаламгер легі толастаған емес.
Кеңестік дәуірде қазақ қаламгерлері КСРО деңгейінде танымал әдебиеттердің біріне айналды. М.Әуезов КСРО мемлекеттік және халықаралық Лениндік сыйлықтың, Ж.Жабаев, Ж.Молдағалиев, Ә.Нұрпейсов КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, Ғ.Мүсіреповке Социалистік Еңбек ері атағы берілді. Сондай-ақ М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжан секілді қаламгерлердің шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен 1973 жылы Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-конференциясы Алматыда өтті.
90 жылдың ішінде Қазақстан жазушылар одағын Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев, Дихан Әбілев, Әбділдә Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет секілді елге белгілі қаламгерлер басқарды. 2023 жылдан бері Мереке Құлкенов басқарып келеді.
Қазақстан Жазушылар одағы құрамында проза, поэзия, драматургия, көркем аударма, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, публицистика мен очерк, сатира, орыс әдебиеті, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді. Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайшылығымен 1934 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті», 1922 жылдан бастап «Жұлдыз» журналы, 1933 жылдан бастап «Простор» журналы, 1969 жылдан бастап «Жалын» журналы шығып келеді.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты мүшесі болса, қазіргі уақытта 1 000-ға жуық мүшесі бар. Жазушылар одағының еліміздің 11 облысы мен Астана қаласында өкілдіктері жұмыс істейді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет тарапынан Қазақстан Жазушылар одағына материалдық тұрғыдан қамқорлық көрсетіліп келеді, қаламгерлердің кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шығып, қаламақы берілуде.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ