T-Newspaper

Тәуелсіздікті сақтау – қасиетті парызымыз

www.istockphoto.com

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін ар­палысқан ұлт перзенттерін ел жа­дында мәңгі сақтау – қасиетті пары­зымыз. Олардың отаншылдық қа­сиеті – бүгінгі және болашақ ұрпақ­қа әрдайым үлгі-өнеге.

Жер бетіндегі барлық халық үшін қасиетті нәрсе – азаттық, еркіндік! Сол үшін ол – қай кезде де адамзаттың арманы, тілек-аңсары. Осылардың бәрін қосқанда Тәуелсіздік деген ұғым шығады. Ендеше, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан қадірлі сөз жоқ!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осыдан екі жыл бұрын мемлекет халқын Тәуел­сіз­дік күні туралы: «1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тари­хы­мыздағы мерейлі белес. Бұл – еге­мен ел болуды аңсаған ата-баба ар­маны ақиқатқа айналған ұлы күн.    

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін ар­палысқан ұлт перзенттерін ел жа­дында мәңгі сақтау – қасиетті пары­зымыз. Олардың отаншылдық қа­сиеті – бүгінгі және болашақ ұрпақ­қа әрдайым үлгі-өнеге. Біз тамыры терең мем­лекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.

Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы» деген еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі бізге ел егемендігінің баянды болып, Тәуелсіздік тұғырының мәңгі-бақи асыл діңгекке айналуының мәнін терең ұқтырады.

Дәл қазір дүние жүзінде 4 мыңдай этнос өмір сүріп жатыр десек, солар 193 мемлекетте өмір сүреді, яғни 20 пайыздайы ғана тәуелсіз мемлекет құра алды деген сөз, сол аздың бірі – Қазақ елі, өзі атымен Қазақстан Республикасы деген елге ие болып отырған мемлекет құраушы ұлт.

Қазақ халқы, Қазақ мемлекеті тақыр жерден пайда болған ұлт та, ел де емес, ол – Ұлы Даланы есте жоқ ескі замандарда мекен еткен тай­палардың ұрпағы, Ғұн, Сақ им­перияларының, Түрік қағана­ты­ның, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда мем­лекеттерінің жалғасы, Қазақ хан­дығы мемлекетінің ізбасары, Да­ла мәдениеті мен өркениетін жа­саушылардың мұрагерлері. Оны тарих толық дәлелдеген.

Жер бетінде адам баласы пайда бо­лып, санасы бірте-бірте дамып, қо­ғам құру идеясы ойға келгеннен бе­рі адамзаттың басынан не өтпе­ді? Тайпадан ұлтқа, мемлекетке ай­­­­налып, дөңгелекті арбадан ма­ши­наға мініп, ұшақпен ұшқанша талай мың жылдық өтті. Оның бәрі тарихта хатталған. Ал сол тарихты па­рақтаған әрбір адам замандар ала­сапыранында өз халқының ба­сы­нан нелер өткенін: жеңілістер мен жеңістердің, соғыс пен бей­біт­шіліктің, құлдырау мен дамудың әсер­лері жайлы білер еді, қателік­тен сабақ алу мен жетістіктің игі­лі­гіне қалай қол жеткізгенін де ұғар еді. Сондықтан тарих әрқашанда сол тарихты өзі жасаған адам үшін ең мықты ұстаз, ақылшы әрі жол көр­сетуші құбылыс.

Тәуелсіздіктің қадірін ұққы­сы келген әр адам тарихты оқуы керек, әсі­ресе бүгінгідей еркін елдің азама­ты болған тұста. Сонда ғана ел азаматтары Қазақстанның тәуелсіздігі туралы кең танып-бі­ліп, санасы тереңдеп, мемлекеттің іргесі нығая түседі.

Арғы замандағы түп-негізіміз­ден бергі Қазақ хандығын құрған соң да дербестігімізді сақтап келген ел­міз. Тек 1847 жылы қазақтың соң­ғы ханы Кенесары Қасымұлы қа­пылыста қаза тапқаннан кейін 1991 жылға дейін 144 жыл ішінде ғана жаттың боданында болдық. Бірақ осы жылдар ішінде азаттыққа ұмтылған ержүрек қазақтардың жат­жерлік басқыншыларға қарсы кү­ресі тоқтамаған. Деректермен сөй­­лесек, «Мамандардың есеп­теуін­­ше, XVIII ғасыр соңындағы Сы­рым Датұлы көтерілісінен XX ға­сыр басындағы Амангелді Има­нов бастаған қарулы күреске дейін 300-ден астам отаршылдыққа қар­сы шайқас қазақ даласында дүр­кі­реп өтсе, осыншама рет наразылық біл­діру кеңестік жылдарда да тоқ­тамады. Басқаша айтқанда,  1731  жыл­дан бастап, орта есеппен, қа­зақ­тар әр жылда 2-3 мәрте отар­лық немесе тоталитарлық жүйеге қар­сы шығып отырған» (Н.Мауы­тов,  Ғ.Жан­дыбай, Ғ.Егеубаева, Қазақ кө­терілістері, энциклопедия, Алма­т­ы, «Қазақ энциклопедиясы», 2015 ж.).

Демек, біз бүгінде игілігін кө­ріп отыр­ған тәуелсіздік, біреулер ай­тып жүргендей аспан­нан түскен «оңай олжа» емес, оған жет­кенше қан­шама ерлеріміз ба­сын оққа бай­лап, жан аямай қан төк­ті. Сон­­дық­тан бүгінгі Тәуелсіздік – солардың қа­­нының үстіне өсіп шық­қан қа­сиет­ті гүл іспетті қадір­лі, тәу етер кие­міз!

Қай тәуелсіздіктің басында да Рух және Сана азаттығы тұрады. Оны жүрегі ел деп соққан батырлар мен ақылы мен білімі елден асқан тұлғалар жасайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақ тәуелсіздігі ұғымы екі жақтан бірдей дамыған фено­мен. 

Қазақ тарихын парақтаған адам батырларымыздың тәуелсіз­дік үшін майданда ерлік жасап қан төккенін, ағартушыларымыздың ру­хани салада жанқиярлықпен тер төгіп, елдің санасына азаттық, ер­кін­дік ұғымын барынша сіңіріп бақ­қанына айқын көз жеткізер еді. Ұлт-азаттық көтерілісіне дем бер­ген ерлердің ісі туралы жоғарыда аз-кем баяндап өттік, ал ағартушы­лар­дың еңбектерінің мән-маңызы туралы айта кетсек, ХІХ ғасырдағы Шо­қан Уәлиханов, Ыбырай Алтын­сарин, Абай Құнанбайұлы секілді ру­ханият алыптары оқу-білім, ғы­лым, әдебиет салаларында жаңа өріс ашып, қазақ жүрегіне өлшеусіз шуақ шашып, елді сауаттандырды, көзін ашып, көкірегін оятты. Олар­дың ізімен шыққан жәдидші-жаңа­шылдар дінді заманауи тұрғыдан сарап­тау арқылы мәдени реформа жасауға талпынды. Олардың ізін баса шыққан Алаш идеологиясы­ның тұлғалары – Әлихан Бөкейха­нов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржа­қып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді зиялы қауым өкілдері қазақтың саясат­тану, оқу-білім, баспасөз, тілтану, әде­биеттану салаларында көз майын тауыса еңбектенумен бірге теориямен шектелмей, оны іс жү­зінде көрсетіп, қазақтың өрке­ниет көшінен қалмауына сеп болды. Оның нәтижесі – Алаш Орда авто­но­миясы, қазақтың тұңғыш рома­ны, қазақтың араб графикасы не­гі­зіндегі әліпбиі, тіл ғылымы туралы зерттеулер, тұңғыш әдебиеттану ғылымы жайындағы монография, тұңғыш психология, педагогика, т.б. оқулықтары.

Бұлардың бәрі елді сауаттан­дыру­ға, білім мен ғылымды игеруге, сая­сатты түсінуге, ақыр-аяғы ел болу­ға талпындырған істер. Ал сауат­ты ел өз құқығын қорғауға, тәуел­сіздік алып, азат елге айналуға ұм­тылатыны бесенеден белгілі жайт.

ХХ ғасырдың басында пайда бо­лып, қатары молая түскен қазақ зия­лыларын 30-жылдардағы ста­лин­дік репрессия баудай түсір­ге­ні­мен, түбірі аман қалса, қайтадан көк­теп кете беретін ағаш сияқты қ­а­зақ оқығандары, оның ішінде сая­си сауатты, көзі ашық қауым қарап жатпады.

Ашық майданға шығу мүмкін болмаған жерде астыртын әрекет тоқ­тамайды. Кеңестік дәуірде ұлт­тық идеологияның тамырына бал­та шабылған кезде, елімізде ұлттық идеологияны қалыптастыру мақса­тын­да Махмет Темірұлы, Бүркіт Ыс­қақұлы бастаған азаматтардың ықпалымен 1941 жылы құрылған ЕСЕП (Елін сүйген Ерлер Партиясы) құрылған еді. Алайда соғыс бас­та­лып, бұл бастама тоқтап қалды. Де­ген­мен оны құрған азаматтардың біразы 50-жылдары қайта жалғас­қан репрессия кезінде ұзақ жылға сотталып, Сібірге айдалды. Бірақ мұ­ның өзі қазақ патриоттарын тоқ­тата алмады. Өткен ғасырдың 60-жылдары Кеңестер одағының ас­танасы Мәскеуде оқыған қазақ жас­тары қазақ тілі, ұлттық идео­логия мәселелерімен айналысып, ел санасын ояту үшін «Жас тұлпар» ұйы­мын құрды. Тәуелсіздікті аңса­ған бұл тұңғыш жастар қозғалы­сы­ның басында Мұрат Әуезов, Бо­лат­хан Тайжанов, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Болат Хисаров, Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Мақаш Тәтімов, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, т.б. азаматтар тұр­ды. Олар ел аралап концерт бе­ріп, саяси-мәдени ағартушылық жұмыстарын жүргізді. Ал сол дәуір­де қазақ әдебиетіне келген Ә.Кекіл­баев, М.Мағауин, Ж.Нәжіме­денов, М.Ма­қатаев, Қ.Мырзалиев, М.Ша­ха­нов, Ф.Оңғарсынова секілді ақын-жазушылар сөз өнері арқылы ұлт­тық идеологияны ел санасына шым-шымдап сіңіре отырып, ұлт­ты тәрбиелеуге зор еңбек етті. Сон­дай-ақ ғылымда да талантты қа­зақ­тар топтасып, ұлт ғалымдарын дайын­­­дауға үлкен әсер етті. Міне, осылай жасалған үлкен еңбектер ар­қылы қазақ халқы ХХ ғасырдың соңында саяси жағынан да, рухани тұрғыдан да әбден пісіп-жетілген ұлтқа айналған еді. 

1986 жылы саяси кемсітуге – ұзақ жыл бойы Қазақстанды бас­қар­ған Д.Қонаевты ел билігінен алып тастап, оның орнына ресейлік бір облыстың обком хатшысын әкеп қойғанына наразы болған қа­зақ жастарын Республика алаңына алып шыққан да ұлтымыз­дың саяси-рухани жақтан жетіл­гені­нің көрінісі еді. Желтоқсан оқи­ғасынан соң алаңға шыққан жас­тарды соттау, кейбір қазақ зия­лы­ларын қудалау да азаттыққа ұмтылуды тоқтата алмады. Сөйтіп, күллі Совет одағының іргесін сөгіп, ақырында тарап кетуіне зор әсер еткен Желтоқсан оқиғасы бізді ғана емес, одақ құрамындағы бар­лық республикалардың азаттық алып, тәуелсіз ұлттық мемлекет­терге айналуына жеткізді. Біз Тәуелсіздік туралы де­к­лара­цияны жариялағанда да, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы Заңын қабыл­да­ғанда да қан төккен жоқпыз, бірақ оған дейін азаттық жолында­ғы көтерілістерде төгілген қанды ұмытпауымыз керек.  Тарих ештеңені ұмытпайды, сон­дықтан ол әділетті. 

1991 жылы 21 желтоқсанда Ар­­ме­ния, Әзірбайжан, Беларусь, Қа­­зақстан, Қырғызстан респуб­ли­касы, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрік­менстан, Өз­бекстан және Украина басшы­лары Алматыда кез­десіп, Алматы декларациясы атауын алған келі­сім­ге өз қолдарын қою арқылы КСРО-ның өмір сүруі тоқтағанын күллі әлемге паш етті. Бұл – қазақ елі­нің өз тәуелсіздігіне қо­лы жет­кенінің ғана емес, әлемдік геосаяси тұрғыдан үлкен елге ай­налғанының көрінісі еді.

Мемлекет болу үшін ең алды­мен өзінің қаласы, өзі салған қала болу керек деген ұғым бар. Біз Аста­на салдық. Оны өз қолымызбен тұр­ғыздық. Бүгін миллионнан ар­тық тұрғыны бар, Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемдегі ең жас қа­ланың бірі. Астана – елдің жүрегі, тәуел­сіздік тірегі! Еліміздің әр түп­кірінен мыңдаған жас жыл сайын Астанаға ағылады, осында оқиды, жұмыс істейді, Астанамен бірге ірге кеңейтіп, Отанға қызмет етеді. Әлем­нің әр қиырынан Астананы көру үшін келетін туристермен жо­лыққанда, олардың жаңа қалаға там­санғандарын көргенде, кеуде­міз­ді мақтаныш кернейді. Астана – кешегі Бозоқтың жалғасы. Сарай­шық, Түркістанның заңды мұрагері. Орынбор, Қызылорда, Алматының рухани һәм тарихи жүлгесін бізге, Тәуелсіз елге айшықтаған абат қала. Тәуелсіздік – тәу етер киеміз. Се­бебі біз оған жеткенше дәуірлер бойы айқастық, арпалыстық. Со­ның арқасында бір жарым ғасыр бұрынғы дербестігімізге қайта қол жеткіздік. Шекарасы шегенделген, рә­міздері түгенделген, әлемде өз орнын тапқан құқықтық-демокра­тия­лық елге айналдық. Ендігі ісіміз тәуелсіздігімізді көздің қарашы­ғын­дай сақтап, өркендеп дами беруге еңбек сіңіру.  Ұлтымыздың Отанға деген ма­хаб­баты тәуелсіздікке жеткізді, оны сақтау, елді дамыту, күшейте беру – ұрпақтан-ұрпаққа жалағаса бере­тін қасиетті парыз!