Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді
Ел біріншілігі Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы боксты дамыту орталығында өтеді.
18 желтоқсанда Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты басталады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.
Бокстан Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатына ұлттық құраманың бірқатар көшбасшысы қатысады. Ұлттық Олимпиадалық комитеті сайтының мәліметінше, Таиландтағы Азия біріншілігінен кейін ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов, Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР чемпионатына дайындалуға уақыттың болмауына байланысты республикалық турнирге қатыспайтынын айтты.
Ел біріншілігі Қарағандыдағы Серік Сәпиев атындағы боксты дамыту орталығында өтеді.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан чемпионатының күндізгі сессиясы сағат 14:00-де, ал кешкі сессиясы 18:30-да басталады. Қарағандыдағы ел біріншілігі 24 желтоқсанда аяқталады.