Қоғам

Бала сатып, ақша алған әйел мектепте сабақ беріп жүр — Қымбат Досжан

Фото: Қымбат Досжанның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бельгия асқан қазақ баласының тағдырына қатысты тағы бір тың деректің ұшы көрінді.

Тележүргізуші және диктор Қымбат Досжан күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлады turkystan.kz.

Бельгиялық Жәнібек аталып кеткен Мұрат Савелиевтің анасын іздеп жүрген Қымбат Досжан әлеуметтік желіде өте өткір әрі өзекті мәселе көтерді. Оның сөзіне қарағанда, Мұрат Савелиевті бала кезінде шетелдіктерге сатып жүрген адам бүгінде педагогика саласында қызмет ететін көрінеді.

«Бауыржан Момышұлының «Ұстаз адал болу керек, адал емес адам ұстаз бола алмайды» деген сөзі бар. Ал қазақ баласын сатып, ақша алған әйел қазір мектепте сабақ береді...», — деп жазды тележүргізуші Қымбат Досжан әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ ол жазбасының соңына #Жәнібек деген есімді жазған. Яғни, автор бұл белгі арқылы әңгіменің ауаны өзінің басты кейіпкері бельгиялық Жәнібекке қатысты екенін аңғартса керек. Алайда ол бұл жайында тарқатып ештеңе айтқан жоқ.